QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Н.Машбекұлы: Мемлекеттің әр тиыны тиімді жұмсалуы тиіс!

ByQAA.kz

Қар 27, 2020

Қызылорда қаласының даму қарқынындағы соңғы уақыттағы ілгерілеушілік көпшілік тарапынан он бағаға ие болуда. Қала орталығы ғана емес, аумаққа тиесілі ауылдардың келбеті көз тоярлықтай болып келеді. Мәселен, жолдар жаңарып, спорттық кешендер салынып, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті. Әйткенмен, жылға жоспарланған жұмыстарда осал тұстары да жоқ емес. Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өткен аппараттық мәжіліс барысында Нұрлыбек Нәлібаев қос ауылдағы бүгінгі қал-ахуалды сараптады.

Мінберге шыққан Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев бүгінге дейінгі тындырған тірліктеріне тоқталды. Сөзінше, «Үлгілі ауылдың» бүгінгі аяқ алысы да ілгері бағытта. Ақсуаттық тұрғындардың әл-аухаты да жақсы деңгейде. Оған жеке кәсіппен, түрлі бағыттағы шаруашылықпен айналысуға ниет білдіргендер қатарының артуы дәлел. Бұл округте биыл 2295,0 тонна күріш жиналып, күніне 4 тонна қияр өндірілуде.

Бірнеше жыл жөндеу көрмеген ауыл төріндегі 143 мектеп «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде күрделі жөндеуден өтсе, жақында «Асыл-Ай» бөбекжай-бақшасы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Айта кетерлігі, мұнда жол жөндеу жұмыстары толық жолға қойылмаған деседі көпшілік. Себеп – «Набат-2000» мекемесі тарапынан салғырттық танытуда. Аталмыш мердігер мекеме Ақсуаттың 20 дан аса жолын жөндеуге ниеттенген. Алайда, жауапкершіліксіздік жұмыстың жөнді орындалуына бөгет болса керек.

Алайда, барды бар деу керек. Әкім ауылда атқарылған жұмыстарды тізіп шығып, ендігі жоспарға басымдық берді.

– Ауылдың жаңадан қоныстанушы тұрғындарын ауыз сумен қамтудың 2018-2020 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Енді Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту кешені жоспарына сәйкес, Ж.Маханбетов ауылы мен «Наурыз» саяжайын газбен қамту 2021-2022 жылдарға жоспарлануда, – деді Мәмбетәлі Ақмырзаев.

Жұмыстарға шолу жасаған қала әкімі округке тиесілі әр саланың көрсеткіші үшін тиісті тапсырмаларды тапсырды. Жаңа спорт кешеніндегі құрылғылардың сапалы болуына күш салып, бағдарламалардың тиімді игерілуі тиіс екендігін тілге тиек етті. Өйткені, «Мемлекеттің әр тиыны тиімді жұмсалуы тиіс» деп Нұрлыбек Машбекұлы қатар түрде атап өтті.

А.Әлиарыстан

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған