QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Н.Машбекұлы: Қаладағы әр тұрғынның амандығы қымбат…

Автор:QAA.kz

Окт 9, 2020

Жыл басынан бері Қызылорда қаласында жылу беру маусымы кезінде қауіпсіздік ережелері сақталмауы салдарынан 90 өрт оқиғасы орын алған. Бұл көрсеткіш алаңдатарлық. Дегенмен, 2018-2019 жылдармен салыстырғанда 4,2 пайызға төмендеген. Себеп көп. Тұрғындар электр жабдықтарын орынды қолданбауларынан, тұрғын үйдегі пеш құрылғысын пайдалану барысындағы немқұрайлылықтан, мас күйінде үй ішінде шылым шегу және одан өзге де фактілер өрттің орын алуына әсер еткен.

  Осы маусымда қауіпсіздік, әрі сақтық шараларын күшейту арқылы келеңсіздіктердің алдын алу үшін қалалық төтенше жағдайлар басқармасы тиісті шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, басқарма қала және қалаға қарасты ауылдық округтердегі қатты отынмен жылытылатын үйлерде өрттердің және көмірқышқыл газымен улану оқиғаларының алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұдан өзге аталмыш басқарма «Алау Газ-Аймақ» ЖШС облыстық филиалымен бірлесіп, қатты отынмен жылытылатын аз қамтылған отбасылардың моржаларын тазалау және көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер орнатуды басты назарға алуда. Дәлел болсын, өткен жылы тұрмысы төмен және аз қамтылған 198 отбасыға көмірқышқыл газын анықтайтын арнайы датчиктер орнатылса, биыл 200 отбасыны аталмыш құрылғымен қамтамасыз ету жоспарда көрінеді.

— Жылу беру маусымының алдында қатты отынмен тұтанатын пештердің моржаларын ай сайын тұрақты түрде тазалап тұрған жөн. Сондай-ақ, қатты отын түрімен жылытатын пештердің алдына металл қаңылтырларды төсеп, жаңғыш заттарды қоймау және жаңғыш заттарды кептірмеу қажет. Осындай ережелермен тұрғындарды ақпараттандырудамыз,-деді Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өткен аппараттық отырыс барысында.

Қала әкімінің төрағалығымен өткен жиында жылу маусымы қарсаңындағы қауіпсіздік ережелері мен төтенше жағдайлардың алдын алу турасында осындай ақпараттар легі айтылды.

— Бізге қаладағы әр тұрғынның өмірі қымбат. Өрт оқиғаларын болдырмау үшін түсіндірме жұмыстарын күшейту керек. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты назарымызда болуы тиіс, — деген қала әкімінің сөзінен соңыра әскери қызметке шақыру жұмыстарының барысы талқыға түсті.

Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы Руслан Намазбаев 2002-1993 жылғы  азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.

 Жасыратыны жоқ, әскерге шақыру үшін тиісті амалдарды орындағанымен, құлықсыздық танытатын азаматтар бар. Себеп — әскерге шақырылушы азаматтардың және олардың туыстарының қылмыстық жауапкершілікке тартылуы. Сондай-ақ, есепте тұратын әскери қызметшілердің тұрғылықты мекен-жайы бойынша болмауы және одан өзге сылтаулар мен себептер бар…

— Осы жылы әскери қызметке дәрігерлік сараптамадан 572 әскерге шақырылушы өткізілген болатын. Оның ішінде түрлі себептермен жарамсыздары мен жарамдыларының ішінен шақырудан кейінгі қалдырылғандары анықталды. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жастарды толықтырып жеткізу жоспарына сәйкес, 144 азамат әскер қатарына жолданды, — деді Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы Руслан Намазбаев.

   Жиын барысында талқыға түскен тақырып турасында тағы бір тың ақпарат айтылды. Жылдың сегізінше айынан бастап, 1723 шақырту қағаздары таратылған көрінеді. Оның 614 әскерге шақырылушысы  тиісті қағазды алмаған. Ал көрсетілген мекен-жайында тұрмайтындар 360-ды құраса, үй есіктерін 365-і ашпаған. Оның 384-і студенттер.

Бұл статистикалық көрсеткіш мұнымен тұрақтамайтыны аян. Өйткені, Қызылорда қаласының полиция басқармасы себепсіз келмей жүрген 78 әскерге шақырылушыны іздеуге кіріспек.

— Бұл көрсеткіш сіздердің тиісті жұмыстарды дұрыс ұйымдастырмағандарыңызды дәлелдейді. Бүгінде күзгі мерзімде әскери қызметке берілген тапсырыс 226 азаматты құрап отыр. Берілген межені екі ай ішінде 100 пайызға жеткізу керек!, — деген қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы сала басшысына қандай кедергілер барын және нендей қолдау керектігін сұрап, жұмысты орындауға тиесілі жоспарды күшейту керектігін атап өтті.

  Қала әкімі екі басшыға таудай тапсырмаларды жүктеді. Мәселен, әр саланың бөлім басшыларына және кент, ауылдық округ әкімдеріне өздеріне қатысты ғимараттардың өрт қауіпсіздігін сақтауға арналған шараларды осы айдың 15-не дейін пысықтауды тапсырды. Қала аумағында әлеуметтік нысандардағы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығын бақылауға алу керектігін жүктеді.

 Сондай-ақ, тиісті мамандарға әскери шақыру коммиссиясынан жалтарып жүрген азаматтарға іздестіру жұмыстарын күшейтіп, заңға сәйкес шараларды қабылдауды және кент, ауылдық округ әкімдеріне өз аумақтары бойынша әскерге шақырылушы азаматтардың шақыру комиссиясына толық жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Аталған жиын барысында бұл жолы талқыға түскен тақырыптар осындай мазмұнымен ауқымды болды. Одан өзге, аппараттық отырыс басталар алдында әкім кадрлық ауыс-түйіске уақыт бөлді.

Алдымен Рахматуллаев Елмұрат Нұрмаханбетұлының жаңа қызметіне тоқталайық. Енді ол Қызылорда қаласы әкімінің өкімімен қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Осыған дейін қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде әкім лауазыма ие болып, сала басшысы қызметін атқарған Елмұрат Нұрмаханбетұлын су жаңа қызметіне қала әкімі сәттілік тіледі. Ал Рахматуллаев абыроймен отырған креслоға енді Далабаев Біржан Далабайұлы жауапты. Өз саласының цифрын шемішкеше шағатын  Біржан Далабайұлы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің  басшысы атанды.  

Сондай-ақ, әкім «Қызылорда жылу электр орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға Науырыз Сатхановтың  басшылық ететінін айтып, қалалық электр тораптары басқармасының директоры лауазымына Орынбек Дәуенов есімді жаңа басшының тағайындалғанын жеткізді. Қала жарығын бүгінге дейін бақылаған Дінмұханбет Әбдіреевтың қызмет ауыстыруына орай, қала әкімі саладағы жауапкершілігіне алғыс білдіріп, «Құрмет грамотасына лайық деп таныды.

АЙДАНА ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *