QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Нәлібаевтың «Дала күні» қалай болды?

ByQAA.kz

Қыр 11, 2020

Биылғы жылдың көктемінде егістік алқабына себілген дәнді дақылдарға қазір орақ салатын науқан да келді. Сырдың символына айналған күріштіктегі орақ салу тірлігі де бастау алып, күн тектес сары алқапта дала керуендері – комбайндар өнім жинауға кірісті. Күз мезгілі осы берекелі тірлігімен сәнді дерсіз…

Қала төңірегіндегі ауылдардың егістік алқаптарында да бұл көрініске куә болуға болады. Осы ретте Қарауылтөбе ауылында «Дала күні» болып өтті. Аталған жоспарлы рәсімге әкім Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.

 Шара ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Д.Абдирасуловтың күзгі дала жұмыстарына әзірлеген негізгі жоспарларын таныстырумен басталды.

Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Д.Абдирасулов:

  • Осы жылы қала бойынша 8746 гектар егістік алқабына ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болатын. Күрішке 4075 гектары тиесілі. Қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінің өзінде 630 гектар жерге түрлі сұрыптағы күріштер егілді. Олардың қатарында «Сыр Сұлуы», «Янтарь», «Лидер» атауындағы өнім түрлері бар.

«Сыр сұлуы» күріші сұранысқа ие. Сол себепті де аталмыш ауылда осы сұрыптың сортын егуге басымдық берілген. Жаңа сортты Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтының мамандары ойлап тапқан. Ерекшелігі – бұл өнім бір ай кеш егілгенімен, салыстырмалы түрде өзге күріштермен пісу уақыты бірдей. Мәселен, күріштің басқа  түрлері 110-120 күнде пісіп жетілсе, «Сыр сұлуы» небәрі 90 күннің ішінде өз өнімін бере бастайды. Дәні де ірі. Енді гектарына 50 центнерден өнім алу жоспарлануда.  

Іле-шала қала басшысы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесімен танысты. Көрмеге жергілікті жерде егілетін күріштердің сорттары, көкөніс дақылдары, арпа, сұлы, қант құмайы, күздік және жаздық бидай өнімдері қойылған. 1932 жылы негізі қаланған зерттеу институтының бүгінгі жұмыстарына серіктестік басшысы Б.Дүйсембеков тоқталды.

  • Осы уақытқа дейін республика брендіне айналған «Ақмаржан» сорты аймақтың экономикалық және әлеуметтік жағдайын қалыптастырушы тауар ретінде кең танымал болып келді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде күріштің Ару, Салима-1, Түгіскен-1, КазНИИР-5, КазЕр-6, Байқоңыр, Айсәуле сорттары шығарылып өндіріске ұсынылды.Соңғы жылдары күріштің Сыр Сұлуы, АйКерім сорттарын шығарылып, өндіріске ендірілуде және алдағы кезекте бірнеше жаңа сорт үлгілері тұр. Бұл сорттар аймақтың табиғи-климатына бейімделген, құрғақшылыққа төзімді. Соның нәтижесінде бүтін дәндердің жоғары шығымдылығын қамтамасыз етеді. Қалалық әкімшілікпен бірлесіп ұйымдастырылып жатқан «Дала күні» жобасы аясында біздің тараптан егілген барлық өнімдерді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Бұл – біздің ғалымдардың және мамандардың жетістігі, – деді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің директоры Б.Дүйсембеков.

Егілген өнімнің нәтижесі жемісті болу үшін мамандар оны еккеннен жинағанға дейін үзіліссіз бақылауға алады.  Мәселен, қала төңірегіндегі 4075 гектар күріш егістігінің шығымдылығын сала мамандары зерделеп, 2852 гектарын жоғары көрсеткішпен бағалаған. Соның 1018 гектарын «орташа» десе, 205 гектары «қанағаттанарлық» деңгейде.    

 «Дала күні» қарсаңында  тек егістік алқаптарының өнімдері ғана көпшіліктің назарына ілігіп қойған жоқ. Заман талабына сай, «агродрон» техникасының қолданысқа еңгізілгеніне де жұртшылық оң бағасын берді. Бұл құрылғы арқылы тұқым себу әдісі тиімді түрде жүзеге асатын көрінеді.

Қызылорда қаласына қарасты күріш алқаптарында су тарту жұмыстары қыркүйек айының басында аяқталған. Қарауылтөбе ауылдық округіндегі егінді жинау мақсатында 15 техника жұмылдырылмақ. Мамандар да сақадай сай. Жанар-жағармай қоры да жеткілікті. Жоспар бойынша қазан айының басында мұндағы өнім толығымен жиналуы тиіс.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған