QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

НӘЛІБАЕВ НЕГЕ НАЛЫДЫ?..

ByQAA.kz

Там 6, 2020

Ішімдік ішудің соңы жақсылыққа апармайтынының тағы бір айғағы орын алды. Айта кетсек Тасбөгет кентінде жеңіл көлік иесі 4 адамды қағып, оқиға орнында 28 жасар азаматша мен нәрестесі өмірімен қош айтысты. 23 шілде күні кешкі сағат 22:50 де мас күйінде көлік басқарған «ВАЗ – 2114» автокөлігінің иесі жоғарғы жылдамдықта «Мерседес-Бенц» маркалы көлікті жанай соғып, жол апаты орын алды. Бүгінгі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Мас күйде көлік басқарған жүргізушінің өзі жан сақтау бөлімінде. Осыған орай қамаққа алу және бұлтартпау шарасы жүргізілуде. Осы мәселеге байланысты қала әкімдігінде өткен аппарат мәжілісiнде қалалық полиция басқармасының жұмысын шаһар басшысы сынға алды: «Тасбөгеттегі жағдай барлығымыздың жанымызға қатты батты. Түгелдей бір отбасының мүшелері өз жолымен кешкі серуеннен келе жатып, арты қайғылы жағдайға душар болды. Айыптының жауапқа тартылатыны белгілі. Алайда, оқиғадан кейін бірнеше күн өтті. Сол жағдайдан кейін неге қажетті іс-шаралар қабылданбады? Сонда тұрғындар өз жолымен серуендей алмайды ма? Көлік Назарбаев даңғылы арқылы Тасбөгет кентіне бағыт алған. Бұл оқиғаға дейін неге көлік құралы полиция қызметкерлерінің назарына, бейнекамераларға ілікпеген? Қазір біздің қалада жастар түні бойы жарыс ұйымдастырады. Бұдан бөлек рейд жұмыстарын жасауды ұсынған болатынмын. Ұқсас жағдайлар орын алғанда қалада бағдаршамдар мен бейнекамералардың жоқтығы сылтау болды. Жыл басында бюджеттен қаражат бөлініп, жол бойына тиісті бақылау құралдары орнатылды. Бірақ, бұл жұмыстардың тиімділігі сезілмейді. Десе де, тұрғындардың қауіпсіздігі ең басты орында болуы шарт. Жол бойын қатаң қадағалауға алып, бұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету қажет», – дедi. Әдетте шет мемлекеттерде спирттік өнім тұтынған жүргізуші көлігін жол жиегіне қалдырып, такси қызметімен діттеген жеріне жететіні белгілі. Бұл мәселені шет елдердегідей заң жүйесіне енгізсе керемет болар еді. Қаладағы ішімдік сататын нүктелерге бірнеше шектеулер енгізген тиімдірек. Ең бастысы халық көп шоғырланатын аумақтардың үлкен даңғылдардан алшақ орналасуын қадағалаған ұтымды болар.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісінде қаралған үшінші мәселе «Жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатындағы атқарылған шаруалар». Бұл жайлы қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Құдайбергенов баяндады. Баяндама жасаушы 2020 жылдың 6 айында өткен жылдың есептік көрсеткішімен салыстырғанда қала көлемінде орын алған жол көлік оқиғалары – 21%, соның салдарынан қайтыс болғандар – 71%, жарақат алғандар -18% төмендеген деп мәлімдеді. Бір қызығы қала әкімі жол қозғалысы ережелерін бұзғандар 2019 жылдың 6 айымен салыстырғанда 11,8% көбейгенін айтып, одан бөлек қоғамдық көлік қатысуымен жол көлік оқиғасы салдарынан қаза болғандар саныда екі есеге өскенін айтты. Бұл тұста қала әкімі мен басқарма басшысы міндетін атқарушының дерегі бір-біріне сәйкес келмейтіндігі байқалды. Қалалық полиция басқармасының басшысының міндетін атқарушы Ермек Құдайбергеновтың мәліметі бойынша: Құқықтық статистка дерегіне сәйкес 2020 жылдың 6 айында қылмыс деңгейі 31 пайызға төмендеген көрінеді. Оның ішінде, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар, зорлау, бөтен мүлік ұрлығы, алаяқтық, тонау, қарақшылық қылмыстар едәуір төмендеген. Қылмыстың келесі санаттары бойынша: ауыр қылмыстар – 97 пайызға, есірткі – 90,7 пайызға, отбасылық-тұрмыстық ортадағы қылмыстар – 50 пайызға, аса ауыр қылмыстар – 30 пайызға, кісі өлтіру – 11 пайызға, ауыр дене жарақатын салу – 9 пайызға өсімі орын алды. Қасақана адам өлтірудің 10 дерегінің қазіргі уақытта 6-ы ашылып, қалғаны анықталу үстінде. Барлық салалар бойынша қылмыстардың ашылу көрсеткіші – 52,9 пайызды құрады. 2020 жылдың 6 айында «Мүлдем төзбеушілік қағидаты» бойынша құқық бұзушылықтарды анықтау өткен жылмен салыстырғанда 9980-нен 4743-ке төмендеген. Жол апаттары толассыз зардап әкелуде: 2020 жылдың 6 айында қала көлемінде орын алған жол көлік оқиғалары – 21 пайызға (144-тен 115-ке), соның салдарынан қайтыс болғандар – 71 пайызға, жарақат алғандар -18 пайызға төмендеген. Жол көлік оқиғасының азайғаны былай тұрсын, салдары тым ауырлап кетті. Арты үлкен жағдайларға, жарақаттарға душар ететін болды. Көше қиылыстарын бақылауға алып, жүргізушілер санасына даңғыл көшелердің жарыс алаңы емес екендігін түсіндіру қажет. Орын алған жол көлік оқиғаларына жасалған талдауға сәйкес жаяу жүргіншілерді қағып кету деректері – 38 пайызға, соның салдарынан қайтыс болғандар – 81 пайызға, ал дене жарақатын алғандар – 33 пайызға түскен. Автокөліктердің соқтығысу салдарынан қайтыс болғандар – 60 пайызға, түрлі дене жарақатын алғандар – 11 пайызға азайған. Сондай-ақ, автокөлікті мас күйінде басқару нәтижесінде орын алған жол көлік оқиғалары – 12,5 пайызға, салдарынан қайтыс болғандар – 50 пайызға азайған. Дейтұрғанмен, жол қозғалысы ережелерін бұзғандар 2019 жылдың 6 айымен салыстырғанда – 11,8 пайызға көбейген. Қоғамдық көлік қатысуымен болған жол көлік оқиғалары.Ағымдағы жылдың 6 айында қалада қоғамдық көліктердің қатысуымен жол көлік оқиғалары салдарынан қаза болғандар өсім алып екі есеге артып отыр.

P.S Көлік жүргізушісі жүздеген жолаушының өміріне жауапты. Сондықтан көлік айдайтындардың көлік айдау өтілі ұзақ болғаны жөн. Қала ішінде көліктен бөлек автобус жарыстырының куәсі болу қалыпты жағдай. Немесе рөлде келе жатып, жұмыс үстінде телефонмен сөйлесетін жүргізушілерді жауапқа тарту қажет. Бұл орайда әр автобуста орнатылған бейнекамералардың көмегін пайдаланған тиімдірек. Сонымен қатар, мас күйінде жасалған, жасөспірімдермен жасалған бұзақылық, қоғамдық орындарда, көшелерде, топтасып жасалған қылмыстардың түрлері азаймауда. Тіпті жақын арада даулы бейнелориктің біріне айналған жасөспірімдер арасындағы төбелестің салдары халық алдында полиция абыройын біраз төмендетті. Десе де, өз қызметін адал атқарған қорғаушылар күніне осыларға ұқсас жағдайлардың қаншамасын құрықтауда. Бір аумақта өсіп, бір мекен топырағында аунаған жасөспірімдердің бір-бірін қылмысқа итермелеуіне не себеп? Ең бастысы қаланың шеткі аймақтарын, қылмыс көп орын алатын аумақтарды полицияның жіті қадағалауына өткізіп, бейнекамералар санын арттырған абзал. Бұнымен қоймай қала ішіндегі ереже бұзушыларды полиция қызметкерінің тоқтатқанына қарағанда телефон тетігін басып, танысына қоңырау шалып, босап кететіндер саны шексіз. Заң барлығына бірдей болуы шарт. Дәл осы ұғымды полиция қызметкерлері жақсы білуі тиіс.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған