Биыл облысымызда Қызылорда қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен алғаш рет академик Асқар Жұмаділдаев атындағы «Жас математиктер» І халықаралық олимпиадасы өтті. Қызылорда қаласы әкімінің жүлдесіне арналған байқау туралы мамырдың 13-і күні академик Асқар Жұмаділдаев, Қазақстан математика ассоциациясының президенті Қайрош Мақышов пен көршілес мемлекеттердің өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына келіп баяндады.
Қызылордадағы жас мұғалімдер қатысқан бұл байқаудың негізгі мақсаты — облысымыздағы математика пәнінен жас ұрпаққа білім беріп, қызмет етіп жүрген мұғалімдерге академиктер мен ғалымдардың оқу курстарын ұйымдастыру. Сондай-ақ жастардың ғылымға деген шығармашылықтарын шыңдау, белсенділіктерін арттыру, оларды ынталандыру, жігерлендіру болып табылады. Бұған дейін қала көлемінде өтіп келе жатқан қалалық жас математиктер байқауы 2014 жылдан бері 5 рет ұйымдастырылған екен. Бұрын бұл байқауларға 1 млн. 700 мың теңге бөлінсе, биыл “Жастар жылына” орай ұйымдастырылған байқаудың қаражаты қала әкімі Н.Нәлібаевтың тікелей қолдау көрсетуімен 10 млн. теңгеге ұлғайтылып, халықаралық деңгейде өтті.
— Қасиетті Сыр елінен талайды таңқалдырған ақын, әнші, жырау көп шыққан. Ылғи ойлаймын, әрі айтып жүремін осындай киелі мекенде неге балалар болашағына пайдалы басқа да байқаулар мен іс-шараларды өткізбеске? Сыр елі, жыр елінде тек ақын, әнші ғана емес программист те, математик те шығуы керек. Мен осы уақытқа дейін келешек ұрпаққа өзіне қажетті мамандықты үйренсін деген мақсатта математика пәні бойынша түрлі идеяларды ұсынып келемін. Дәл осы жолы ұсынысымды бірден алғашқы болып қолдап, осынша қаржыны бөлген Қызылорда қаласының әкіміне алғыс айтып, алдағы жұмыстарына табыс тілеймін. Бұл байқауда жас мұғалімдерге 7 есеп беріледі. Олар тест емес, ғылыми есептер, — деді брифингте академик Асқар Жұмаділдаев.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болар еді» — деді. Иә, расымен де, ел болашағы білімді жастардың қолында. Осы бастан жас ұрпақты математикаға қызығушылығын арттырып, олардың логикалық ой-өрісін дамытуға атсалыссақ елімізде математик жас мамандардың саны артады.
Бүгінде Қызылордада алғаш рет халықаралық деңгейде өткізіліп жатқан олимпиадаға 800-ге жуық жас мамандар өтінім тастап, 100-і іріктеуден өткен. Айта кету керек, байқауға Қызылорда облысының ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, көршілес мемлекеттерден яғни, Өзбекстан, Қырғызстаннан көптеген жас мамандар келіп қатысуда.
— Орта білім саласында 35 жылдан астам қызмет еттім, жұмыс бабымен бірнеше мектептерді зерттедім. Мұндай жас мұғалімдер арасындағы халықаралық байқау және ірі көлемдегі жүлде әлі болған емес. Біздің Қазақстан математика ассоциациясына қала әкімшілігінен осындай ұсыныс келіп түскенде біз оған қуана-қуана атсалысуға бірден келістік. Жас мұғалімдер арасындағы байқау жоғары деңгейде өтті, — деді Қазақстан математика ассоциациясының президенті Қайрош Мақышов.
— Сыр елінің қайталанбас тумасы, қазақ елінің мақтан тұтар тұлғасы, математика ғылымына ерен еңбегі сіңген ағамыз Асқар Жұмаділдаев атындағы «Жас математиктер» байқауы өз мәресіне жетіп отыр. Олимпиаданың мақсаты жастарымыздың математика ғылымына деген ынтасын арттыру. Осы айтулы додаға қатысып, бақ сынаған барлық сайыскерлерге, шет елдерден біздің мерейімізді асырып келіп отырған қонақтарымызға зор алғыс білдіреміз. Бүгінгі олимпиада бар білімін, терген ілімін кейінгі ұрпаққа беріп, елдің сөзін сөйлеп, өмір сүрудің биік өнегесін жастарға дәріптеп жүрген ардақты азаматымыз Асқар Жұмаділдаевтың арқасында өтіп жатыр. Сіздерге осы кісінің жолын берсін, — деді қала әкімі аппаратының басшысы Мира Қазбекова.
100-ден аса қатысушылардың арасында ойының ұшқырлығы мен білімділігінің арқасында алматылық Дәурен Айтмухамет жеңіс тұғырынан көрініп, 1 млн. теңгені қанжығасына байлады.
— Мен бүгін жеңімпаз атандым. Әрине, өте қуаныштымын. Олимпиада қызықты әрі қиын болды. Осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан математика ассоциациясы ұйымдастырған олимпиадаға қатыстым және 1 орынды иелендім. Бұл жолғы олимпиада басқалардан өзгеше. Мұнда есептер қиын болды. Қарсыластарымның да осал еместігі көрініп тұр. Жолым болды, — деді Дәурен Айтмухамет.
Ал, одан кейінгі ІІ орынды сонымен қатар 700 мың теңгелік сыйақыны Нұр-Сұлтаннан келген Бағдат Кабасов пен Алексей Конаныхин иемденді. Төрелік еткен қазылар алқасының шешімі бойынша ІІІ орын мен 500 мың теңгелік қаржылай сыйақыны ақтөбелік Данияр Кулболдин мен алматылық Асқар Әлжан жеңіп алды.
«Менің екі Отаным бар. Бірі кіндік қаным, тамған жерім Шиелі ауданы болса, екіншісі сонау Қызылорданың Шиелісінен барып білім алған Мәскеу. Осындай елде, осындай жерде туғаныма бақыттымын, қуаныштымын. Себебі, мұнда менің айтқанымды жерге тастамай орындайтын, әрдайым қолдауын көрсететін жандар жетерлік. Қазақта математиктер, ғалымдар көп. Бірақ артында бір ізі қалмаса, туған жері болмаса ол жай қаңбақ секілді. Ондай адам кімге керек болсын. Міне, мен сол себепті бақытты адаммын. Мені сыйлайтын, бағалайтын Қызылорда халқына алғысымды айтамын». Бұл осы байқау өткізу барысындағы Асқар Жұмаділдаевтың жүрекжарды жылы сөздері мен қуанышы. Туған жерінің халқына алғысын жаудырған академик бұл мекенде ізін басатын емес, өзін он орайтын балалар шығатынына сенімді екенін айтты. Сондай-ақ, Қазақстанда өзге мемлекеттермен салыстырғанда математикалық деңгейдің жақсы екенін, жарыстарда әркез алғашқы ондыққа кіретінін жеткізді.
Қызылордадағы тартысты өткен додаға қазылық еткен, арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келген қазылар алқасының мүшесі Ырысбек Мәуіт те олимпиада жайлы өз пікірін білдірді.
— Олимпиада керемет өтті. Қатысушыларға берілген 7 есептің 4-уі математикалық олимпиадалық бағытта, ал 3 есеп шығармашылық яғни, әдістемелік (берілген есептің қатесін табу). Есептер оңай болмады. Ең қуанарлығы, қатысушылардың 80 пайызға жуығы жас ер адамдар. Неге десеңіз, өйткені қазіргі қоғамда мәселе болып жүрген жастар әсіресе ер адамдардың мұғалімдікке көп келе бермеуі және олардың қоғамдағы мәртебесі. Міне, осындай олимпиадалар мұғалімдерге үлкен мотивация береді деп ойлаймын. Олимпиадаға төрешілік ету барысында жас мұғалімдердің деңгейінің өте жақсы екенін көрдім, — дейді, Нұр-Сұлтан қаласы «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің директоры, қазылар алқасының мүшесі Ырысбек Мәуіт.
Сонымен, көптің көңіліне қуаныш сыйлаған бала кезінен «оқымысты», бүгінде ғалым, академик болған Асқар Жұмаділдаев атындағы математика пәні бойынша ұйымдастырылған І халықаралық олимпиада жоғары деңгейде өтті. Шара Сыр елінің жас талантты әртістері мен әншілерінің концерттік бағдарламасымен тәмамдалды.
Т.КЕНЖЕБАЕВА