Отбасы — адам баласының тәлім-тәрбие алатын алтын бесігі. 2013 жылы Қазақстандағы мереке тізімі отбасы күнімен толықты. Содан бері қыркүйектің екінші жексенбісі елімізде отбасы күні деп аталып өтіледі. Ал мереке қарсаңында қоғам назарын отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналған. Отбасы институтын өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыруда жарасымды жұптар мен береке-бірлік құрған отбасыларды насихаттауда бұл шараның маңызы зор. Былтыр Астана қаласы мен ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылған кезекті байқауда Сыр елінен Ишанқұловтар отбасы қатысып, тұңғыш президент Н.Назарбаев тағайындаған дипломат иегері атанды. Отбасының бірлігі жетістіктері мен ерекшеліктері сыналған дәстүрлі байқау биыл да қалалық, аудандық деңгейде өткізіліп, облыстық деңгейге 10 отбасы жолдама алып отыр. Өткен жұма күні «Мерейлі отбасы» облыстық ұлттық байқауының қорытындысы жарияланды. Байқаудың бас жүлдесін иеленген отбасыға республикалық кезеңге жолдама табысталды.
Ең алдымен салтанатты шараны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашты:
— Халқымыз үшін отбасы күні қашанда қасиетті де қастерлі екені бәрімізге белгілі. “Отан отбасынан басталады” деген қағида ешқашан мәнін жоғалтқан емес. «Мерейлі отбасы — бұл береке-бірлігі, тәлім-тәрбиесі қалыптасқан қағидасы мен асыл қасиеттері арқылы өзгеге өнеге боларлық шағын мемлекет. Сондықтан, өнегелі отбасыларды дәріптеу — парыз. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері жыл сайын өсуде. Нәтиже де жоқ емес. 2019 жылдың есептік мерзімі бойынша шаңырақ көтерген отбасылар саны 1700-ді құрайды. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артып отыр. Аймағымызда 35 мыңнан астам көпбалалы аналардың 17-мыңнан астамы “Батыр аналар”. 2013 жылы облыста халық саны 860 мың болса, қазір 807 мың болып отыр. Табиғи өсім жақсы. Алдағы 7-8 жыл ішінде Сыр елінің халқы 1 млн-нан асады. Аймағымызда алтыншы рет өткізіліп отырған мерейлі шараға қатысушылар жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Мерейлі мерекемен баршаңызды құттықтай отырып, әрбір отбасыға ынтымақ, бақ-береке тілеймін. Әрдайым отбасыларыңыздан береке арылмасын,- дей келе қатысушыларды марапаттады.
Отбасы құндылықтарын дәріптеп, сүттей ұйып отырған шаңырақтардың бірі Қиянбековтер әулеті Бас жүлдені қанжығасына байлады. Отағасы Қиянбеков Әмір Сағымбайұлы еңбек жолын 1959 жылы механизаторлықтан бастап зейнетке шыққанға дейін еліне аянбай еңбек еткен. Жоғары әскери қызметі үшін әскери бөлімнің алтын кітабына енген. Шиелі ауданының Құрметті азаматы. Жары Қалгүл Жүсіпбекова “Алтын алқа” иегері. Алты ұл, төрт қыз тәрбиелеп 43 немере, 12 шөбере сүйіп отырған мәуелі отбасы. Келіндері де Қалгүл ананың ізін жалғап, көпбаланы дүниеге әкелді. Екі келіні “Алтын алқа” иегері атанып отыр.
— “Мерейлі отбасы” байқауына қатысу үшін Шиелі ауданы Бидайкөл ауылынан келдік. Жасым 80-де, он баланың әкесімін. Жарыммен отасқанымызға 52 жыл болды, содан бері тату-тәтті бір шаңырақ астында өмір сүріп келеміз. Өзім 40 жылға жуық механизатор болып жұмыс істедім. Еңбегім бағаланып, бірнеше медальдармен марапатталдым. Жұбайым медпункте қызметте болды. Балаларым еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Осындай шараны ұйымдастырып, бізге құрмет көрсетіп жатқандарыңызға мың алғыс. Еліміз тыныш, отбасымыз аман болсын,- дейді Әмір Қиянбеков.
Айта кетейік, бес жылдың ішінде байқауға қатысуға 1500-нан аса отбасы өтінім білдірді. Биыл байқауға облыстың барлық өңірінен 372 отбасы қатысты. Бас жүлде мен республикалық кезеңге жолдама Шиелі ауданының Қиянбековтер отбасына табыс етіліп, екі адамға отандық шипажайға жолдама берілді. І орынды мал шаруашылығымен айналысатын шаруа Байденовтар отбасы (Шиелі ауданы) алды, ІІ орын механизаторлар — Қарынбаевтар әулетіне бұйырды (Жаңақорған ауданы). Ал ІІІ орын төрінен Қармақшы ауданының тұрғындары Арифовтар жанұясы көрінді. «Өнегелі отбасы» аталымымен Әбдіжаппаровтар отбасы (Шиелі ауданы), «Зиялы отбасы» аталымымен Жаназаровтар отбасы (Қызылорда қаласы), «Рухты отбасы» аталымымен Төрехановтар отбасы (Арал ауданы), «Ұлағатты отбасы» аталымымен Есқараевтар әулеті (Сырдария ауданы), «Ынтымақты отбасы» аталымымен Сабырхановтар әулеті (Жаңақорған ауданы), «Парасатты отбасы» аталымымен Сәменовтар отбасы (Жалағаш ауданы) марапатталды.
Барлық жеңімпаздар дипломдарға, бағалы сыйлықтарға ие болды.
А. ОМАШ