QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

МЕНІҢ МІНДЕТІМ – ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ мен ӘДЕМІ ӨМІР СҮРУГЕ ЫҚПАЛ ЕТУ

ByQAA.kz

Жел 4, 2020

Нутрициолог Гүлжан ҚАЛЖАНОВА: МЕНІҢ МІНДЕТІМ – ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ мен ӘДЕМІ ӨМІР СҮРУГЕ ЫҚПАЛ ЕТУ

Күнделікті тағамымыздың құрамын, пайдасы мен зиянының аражігін ажырата білу маңызды. Деннің саулығы үшін дұрыс тамақтану әдебін ұстанған да абзал. Дей тұрғанмен, қағидадан хабардар болса да, тұтынатын тағам құрамына мән бермейтіндер де бар. Тіпті, артық салмақтың пайда болуына қолданыстағы тағамдардың да әсер ететіні де аян. Аталған бағытта кеңірек білу үшін салаға жауапты нутрициолог маманмен тілдестік.

-Нутрицология ұғымы біздің елде соңғы уақытта жиі қолданылатын терминге айналуда. Жалпы, бұл атаудан хабарсыздар да болуы мүмкін. Ғылымның енгізілу жүйесіне, зерттейтін негізгі бағытына кеңіректоқталыңызшы…

– Нутрициология -сөзі бізге грек тілінен енген, «тамақтану туралы ғылым» деген мағына береді. Диетолог та, нутрициолог та тамақтану мәселелерімен айналысады. Алайда бір-бірінен бағыттары бойынша ерекшеленеді. Нутрициолог -бұл дұрыс тамақтану және өмір салты бойынша жауап беретін маман. Диетолог маман -дәрідәрмектер, емдік диеталар тағайындайды. Менің негізгі міндетім –адам өз ағзасын түсінуге, сау жұмыс жасауына, артық салмақты кедергісіз тастауға, диетасын ең оңтайлы және саналы түрде құруға көмектесу.

– Біздің елде бүгінге дейін осы аталған ғылым саласы тиісті деңгейде жетілмеген секілді… Әлде, мен қателестім бе?

– Сала жетілу үстінде деп айтуға болады. Себебі, адамдардың қазір дұрыс тамақтануға, тағамдарды таңдауда сауаттары артып келеді. Нақтырағы, мамандардың көмегіне жүгіну негізінде бұл ғылым саласы жылдан жылға тек өрістеуде.

– Демек, дұрыс тамақтанудың маңыздылығын жұртшылық енді ғана ұғынып жатыр дейсіз ғой?

– Солай деуге де болады. Қазір маманға жүгіну кең таралып келе жатыр деп айта аламын. Қызығушылық өсуде. Кейде маған келген қыз – келіншектер осыған дейін әртүрлі диеталар негізінде тамақтанып, арықтауға арналған шәй ішіп, марафондарға қатысып, ашығу әдістеріне үйір болғандарын айтады. Бірақ олар диета, марафоннан кейін жоғалған салмақ одан да көп деңгейде қалпына келгенін жеткізеді. Кейбірі сондай кезде ғана маманның көмегіне жүгіну керектігін ұғынады. Бұрын диетологқа барып, дұрыс тамақтану үшін қымбат тағамдарды сатып алғандарды, мүмкіндігі бар және өздігінен диетаға отыруды білмейтіндер тек ауқатты адамдардың қызығушылығы деген пікір болған. Қазір күнделікті қолжетімді азық-түлік арқылы да тамақтанудың тәртібіне мән беруге болатындығына көз жеткізіп келеді.

– Диета мен дұрыс тамақтанудың айырмашылығы неде?

– Қазіргі заманғы диеталар арқылы диетологтар артық салмақтан тез арылуға уәде береді. 1-2 аптаның ішінде 5-7 немесе одан да көп келі тастауға болады деп жатады. Өзім түрлі диеталарға қарсымын. Себебі, нәтиже белгілі бір уақытқа дейін ғана созылады. Ал адамның тамақтану тәртібі өзгермесе, салмақ артынша тез оралады. Дұрыс арықтау – өте маңызды. Орынсыз мәзір негізін ұстансаңыз, рационыңыз толық қанды болмаса метаболикалық және гормоналды бұзылыстар болуы мүмкін. Егер адам арықтағысы келсе, рационмен тамақтану әдеттерін өзгерткен жөн. Адамдар дұрыс тамақтану мен диетаны жиі шатастырады.Өзін тамақтан шектеп, күні бойы ешнәрсе жемей, детокс тәсілін бірнеше апта немесе бірнеше айға дейін ұстанатындар бар. Нәтижесінде артық салмақтан тез арылады. Бірақ бұрынғы өмір салтына оралғанда, салмақ орнына келіп, оларды жою қиынға соғады. Сондықтан арықтаған кезде дұрыс тамақтану мен диета арасындағы айырмашылықты ескеру қажет.

– Қалай ойлайсыз, біздің елде артық салмақ негізгі мәселелердің қатарына жатады ма?

– ҚР Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мәліметтері бойынша, қазақстандықтардың 20% -дан астамы семіздікке шалдыққан. Жыл сайын бұл статистика өсуде. Толық адамдар саны статистика бойынша әр 10 жыл сайын 10%-ға артып келеді. Мәселе семіздіктің және артық салмақтың кең таралып жатқанында ғана емес, денсаулыққа кері әсер етеді деген ұғымды білген абзал.

– Жеке қаралым үшін көрінушілер алдымен анализдік қорытындыны көрсетуі тиіс пе? Егер, сондай болса қандай анализдік талдауды тапсыру міндеттеледі?

– Гормоналды фонның бұзылуы – салмақ жоғалтуға деген барлық әрекеттеріңізді жоққа шығаруы мүмкін, яғни тиімді салмақ жоғалту үшін алдымен дәрігермен кеңесіп, анализ тапсыру керек. Ол үшін адам денсаулығының жалпы жағдайын көрсететінбарлық қан талдау, инсулин өндірісі мен қант диабетін анықтайтын глюкоза, қалқанша безінің гормондарын дәлдейтін ТТГ , Т3 және Т4, әйел кісілер болса эстрадиол, пролактин, іштің қатты үлкеюуі және майдың жиналуына байланысты кортизол гормонын талдау үшін тиісті анализдерді тапсырған жөн. Осы талдаулар негізінде қосымша жеке кеңес бере аламыз. Менің тәсілім бойынша,бастапқы 1 апта тек дұрыс тамақтанудағы мәзір бойынша жақсы көрсеткішке жетуге қолғабыс етемін.Тек содан кейін анализ талдауларын тапсыруға рұқсат беремін. Практикамда гормоналды фоны бұзылған қыз – келіншектер болды. Олардың арықтау проценті тек 20-30%-ға бәсең. Мүлдем салмақ түспейді деген қате ұғым.

– Анализдік талдау арқылы әр адамның бойында қандай дәруменнің жетіспейтінін және оның мөлшерін қалыпқа келтіру үшін қажетті дәрумендер тобын анықтайсыз ғой?

– Әрине, ондай ақпараттар беріледі. Адамдар артық салмақтан арылу үшін ғана мамандардың көмегіне жүгінуге келеді.Кейбірі үшін денсаулық кейінгі орында. Менің ойымша, бұл бағытта жұмыс істеуде маманға тек диетолог немесе нутрициолог маманы болуы аздық етеді. Сол себепті мен қосымша адам психологиясында зерттеймін. Уақытылы моральді көмек көрсету – көрсеткіштің 50%-ын құрайды .

– Жеке рационды бекіту үшін анализдік талдама қажет пе? Осы тұстан, әр адамға тиесілі рационды қалай нақтылайтыныңызды және қанша уақыт ұстанған дұрыс екенін айтып өтіңізші…

– Иә, әр адамның денсаулығына, жасына, жынысына байланысты жеке мәзір әзірленеді. Салмақты тастауға немесе бұлшықет массасын арттыруға бағытталған бағдарлама жасаймыз.

– Нутрициолог ретінде биологиялық белсенді қоспаларды қалай дұрыс таңдауға болатынын атап өте аласыз ба?

– Ең бірінші кезекте құрамын оқып, талдай білу керек. Қоспаларды шығаратын фирмалардың кейбірі өнімдерінің құрамын асыра сілтеп жазады. Шын мәнінде, олардың пайдасы дәлелденген фактісі жоқ. Мен өз басым ешқандай қоспа қабылдамаймын және кеңес бермеймін. Бүгінде нарықта тіркелмеген қоспалар да сатылымда бар. Сондықтан, пайдалы екен деп кез келгенін ала беруге болмайды.

– Маман ретінде көпшілікке қазіргі таңда қандай дәрумендер жетіспейді және себеп неде ойлайсыз?

– Дәрумендердің жетіспеушілігі көбіне қыс мезгілінде болады. Қазіргі уақытта күн сәулесінің жетіспеуінен адамға D дәрумені керек. Жылдың қыс мезгілінде супермаркеттерде сатылатын көкөністер мен жемістерде пайдалы элементтер аз болады. Сондықтан, таза өнімдерді таңдай білу керек. Тағы да статистикаға келетін болсақ, артық салмақ қосылуы дәл күз айында анағұрлым басым екен. Себебі, Д витамині жеткіліксіздігінің салдарынан әдеттегіден көбірек тамақтану арқылы салмақ өседі. Көбіне күз мезгілінде күн суытқанда үйден шыққымыз келмей, тәтті жеп, көбірек ыстық шәй, немесе майлы, сорпалы тағам ішкіміз келеді. Бұл психология емес, адам ағзасындағы дәрумендердің белгілі деңгейде еместігін көрсететін физиологиясы. Күз және қыс мезгілдерінде барлық дәрумендерді тамақтан алу қиын. Олардың жетіспеушілігінің алдын-алу ретінде дәруменді кешендерді дәріханадан сатып алған дұрыс. Бірақ алдымен маманмен кеңескен жөн. Себебі, артық қоректік заттар жетіспеушілік сияқты зиянды.

– Әр адам салмақ тастағысы келсе ғаламторға кіріп, өздеріне ұнаған арықтау тәсіліне жүгінеді. Оның денсаулығына кері әсерін беруі де мүмкін ғой. Бұл дұрыс па, әлде бұрыс па?

– Дұрыс емес. Себебі, ол диета адам ағзасына сәйкес келмеуі әбден мүмкін. Таңдалған диета алдымен ағзаға қауіпсіз болуы керек. Ол үшін маманмен кеңескен дұрыс. Мысалы, адамда бүйрек ауру проблемалары болса және ол ақуызды көп мөлшерде қолдана бастаса, бұл денсаулыққа кері әсер беруі әбден мүмкін.

– Қазіргі таңда ашығу арқылы азу кең таралуда. Пайдасынан зияны көп секілді. Әлде жеңіл сезіну үшін оның да пайдасы бар ма?

– Пайдалы, бірақ оны орнымен жүзеге асыру керек. Ашығу күндері ұзақ болмауы тиіс. Арнайы маманмен кеңескеннен кейін бір күндік ораза ұстауға болады. Аштық жариялау немесе тамақтануды күрт шектеу нәтижесінде панкреатит, бауыр мен өт проблемалары, ішек микрофлорасының бұзылуы, ішектің кебуі, запор және диарея болуы мүмкін. Әрине, мұндай әрекет арқылы салмақ тастайды. Бірақ көз астындағы қара дақтар, терінің құрғауы, бас айналуы мұндай сымбаттылыққа «бонустар» болады. Диета мен ашығудың тағы бір күрделі проблемасы – жүйке жүйесінің жұмысындағы бұзылулар және депрессияның пайда болуы. Диета ұстайтын адамдар жиі күйзеліске ұшырайды.

– Қазір арықтауға көмектеседі деген әртүрлі компаниялардың өнімдері, коктейльдерінің түрі көп. Қолдануға кеңес бересіз бе?

– Мүмкін, қазіргі уақытта арықтаудың ғажайып тәсілін немесе сиқырлы таблетка жайлы армандамайтындардың бірнешеуін ғана таба алатын шығармыз.Бірақ, мұндай тәсілдер болмайды.Әрбір салмақ тастауға арналған өнім белгілі бір жаттығу жасауды қажет етеді. Кейбір коктейльдер тамақтану санын азайтуға арналған. Олардың өндірушілері бізді артық салмақ жоғалтатынымызға сендіреді, бірақ мұны дәлелдейтін фактілер жоқ. Арықтататын коктейльдерді жиі қолдану негізі эндокриндік жүйені бұзуы мүмкін. Екінші мәселе, минималды пайдасы бар өнімнің қымбаттылығында.

– Денсаулыққа кері әсерін беретін дүкен сөрелеріндегі майлы, газдалған, әрі үйдегі қуырылған тағамдардан бас тарту үшін неден бастау керек және қандай әдістерді қолданған жөн?

– Белгілі факті тағамға деген құштарлық ағзадан гөрі миымыздың қабылдауына байланысты. Кейде түрлі зиянды қоспалардан жасалған тағамдар тәуелділікті тудырады. Өнімнің атауына емес, құрамына назар аударыңыз. Мысалы, тұшпараны «Сиыр етінен» деп жазғанымен, оның құрамында тек 20% сиыр етінен құралуы мүмкін. Шоколадтың құрамына келер болсақ, қант, содан кейін өсімдік майлары бірінші орында тұрса, онда бұл тағамнан бастартыңыз. Егер пайдалы емес тағамнан бірден бас тартуға дайын болмаса, құрамы жағынан зиянсыз тағамдарды таңдауға болады. Зиянды тағамдарға тәуелділік – организмдегі пайдалы элементтердің жетіспеуінен. Бүгінгі күні тамақтану, диета және артық салмақтан арылу әдістері туралы ақпараттар өте көп. Оның көп болуына байланысты адамдар шатасып, бір әдістен екіншісіне көшеді. Нәтижесінде, адам денсаулығына зиян болады.

– Ал балалардың тамақтану тәртібі жайында не айтасыз?

– Кез келген ата-ана баласының дені сау, ақылды, бақытты болып өскенін қалайды. Біз балаларымызға бүгіннен денсаулыққа пайдалы өнімдерді таңдауды үйретуіміз керек. Балалардың тамақтануы ересектердікінен біршама ерекшеленеді. Егер баланың тамақтану жүйесі дұрыс бағытта болса, онда физикалық және психикалық тұрғыдан қалыпты дамиды.

– Өзіңіздің бұл салаға келуіңізге не түрткі болды? Бүгінге дейін қанша жанның денсаулығын қалыпқа келтіруіге үлес қосып, зиянсыз азуға қолғабыс еттіңіз?

– Менің әкем кішкентай кезімнен «сен өскенде дәрігер боласың, адамдарға көмектесесің» дейтін. Сол кезден дәрігерлерге қызығатынмын. Бүгінде көпшілікке дәрігерге барудың алдын алуға көмектесемін. Әкемнің арманы орындалды. Мен әртүрлі ресейлік диетология-нутрициология мектептерін аяқтадым және тәжірибелі әріптестерімнен үздіксіз білім алуды жалғастырудамын. Қыз-келіншектермен, аналармен жұмыс маған қызықты. Өйткені өзім де анамын. Менің міндетім – дұрыс тамақтану мен әдемі өмір сүруге ықпал ету. Егер реті келсе, адамдарға ақысыз түрде де білім беремін. Осы уақытқа дейін 2000-нан аса қыз келіншектің арманын орындадым. Сондайақ, дұрыс тамақтануға деген көзқарастарын өзгерттім. Жақында ғана, дұрыс тамақтану бойынша «Жегенің дұрыс болмаса – денсаулығың мен сымбатыңа өкпелеме» атты курсым жарық көрді. Қатысушы 1200-ден аса қыздар алғашқы күні-ақ өздерінің жақсы көрсеткіштерімен бөлісіп, алғыстарын жарыса жеткізді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған