QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Мемлекеттік қызметші болу зор құрмет

Автор:QAA.kz

Апр 30, 2021

Мемлекеттік қызмет туралы тақырып әрқашан сөз етіліп келеді. Халқымызда «айтылмаса сөз атасы өледі» деген қанатты сөз бар. Қайталау білімнің анасы деп те жатады. Осы орайда, мемлекеттік қызметтің маңызы мен мәні туралы әрдайым айтылуы мемлекеттік қызмет табалдырығын енді аттаған жастардың біліктілігін шыңдап, өз жұмысына деген сүйіспеншілік ұялататындығы сөзсіз.

Мемлекеттік қызметкер бол – зор құрмет, сондықтан да кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болғаны абзал. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Мемлекеттік қызметші өзінің функционалдық міндеттерін мінсіз орындау арқылы ел азаматтарының мемлекеттік қызметке деген сенімін арттырып, өз іс-әрекетімен сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көріністеріне төзбеушілік жағдайын жасау мен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда барша бұқара халыққа үлгі болуы тиіс.

Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметшілердің беделі мен имиджіне зиян келтіретін әрекеттерге жол бермеуі тиіс. Біз мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыруымыз керек. Әлеуметтік желілерді қолдануда бізге әділ, кәсіби, жауапты болуымыз және жалпыға ортақ моральдық әдеп нормаларын сақтауымыз қажет.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің атқарған жұмысына, ұжымда және жұртшылықпен өзін ұстауына, мінез-құлқына, сондай-ақ олардың киіну стиліне ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы тиіс.

Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметшілер жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстанып, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін күйде болу жағдайларына жол бермеуі тиіс.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынас барысында әріптестерінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болуға тиіс.

Мемлекеттік қызметшілер – билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Мемлекеттік қызметші болу зор жауапкершілікті, абыройлы міндетті жүктейтіні сырт қараған адамға байқала бермейтіні рас. Оған лайық болуы үшін қызметшінің бойында кәсіби біліктілігінен бөлек адами құндылығы да жоғары болуы тиіс.

Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді. Сондықтан мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезінуі тиіс.

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының кеңсе меңгерушісі А.Күншығарова

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *