Аудандағы жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілердің өз дәрежесінде халыққа қызмет көрсетуі жоғары кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға септігін тигізеді.
Сондықтан қай кезеңде болмасын елімізде кадрларды іріктеу, даярлау, олардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкер халықпен бір арнада тоғысып, ортақ мүдде жолында бірлесіп, ауданымыздың дамуы үшін игі бастамаларды жүзеге асыру мақсатында аянбай, бар күш жігерімен қызмет жасауы маңызды болып табылады.
Осы ретте, Қармақшы ауданы әкімі аппаратының кадр жұмысы (персоналды басқару) бөлімімен өз құзіреттілігі шеңберінде үздік кәсіби білімі бар озық тәжірибелі мемлекеттік қызметшілерді анықтап, ынталандыру, тиісті сала бойынша білімін жетілдіруге бағытталған жұмыстар ұдайы атқарылып отырады.
Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет, сондықтан да, кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге де ие болған абзал.
Мемлекеттік қызметкер қашанда өзінің адал еңбегімен, ар тазалығымен, өзінің ұстанымымен, байсалды қалпы мен биязы мінезімен ерекшеленуі тиіс.
Қазақтың ұлт қайраткері, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген мазмұны терең сөзі қанша заман өтсе де өзектілігін жоймайды.
Мемлекеттік қызметші әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, кез келген орында, кез келген лауазымда халықтың, өз елі азаматтарының сенімін жоғалтпай, мемлекеттік қызметтің оң имиджіне ұсынылатын негізгі қағидаларды сақтауы керек.
Абай Құнанбайұлының «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзін тілге тиек етіп, білім мен мінездің, ардың адам өміріндегі орнына ерекше тоқталған.
Бүгінгі мемлекеттік қызметшілер де халқының мүддесі үшін қызмет етуді өздерінің басты өмірлік қағидасы ретінде көре отырып, азаматтық, адамгершілік парыздарын саналы түрде орындау арқылы ерекшеленуі керек.
Осы ретте Өзім де теңізге құйған тамшыдай болса да ел дамуы үшін сүбелі үлесімді қосып, халыққа адал қызмет етуді өмірлік ұстанымыма айналдырып келемін.
Индира Уразбаева
Қармақшы ауданы әкімі аппаратының кадр жұмысы (персоналды басқару) бөлімінің бас маманы,
«Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық байқауының қатысушысы.