QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Мемлекеттік тілдің мәртебесі

Автор:QAA.kz

Сен 22, 2020

Қазақстан — көп ұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз. Алайда, қазақ тілі әр қазақтың ар — ожданы мен мақтанышына айналуы тиіс. Осы тұста Бауыржан Момышұлының «анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» — деген сөзін еске алып, осы бір сөзді қазақ болып туылған әрбір азамат ұғынса, ұлтымыздың ана тілінің жағдайы едәуір жоғары болары хақ.

Сондай-ақ, Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде!, сонымен бірге «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» — деп қадап айтқан пікірі осы күнге дейін толық орындалмай келеді, олай дейтініміз, қай мекемеге барсақ та, сол мекемеден дайын болған құжаттарды алсақ та-сол байырғыша орыс тіліндегі мәтіндер әлі күнге дейін сайрап тұрғанын көріп ішіміз удай ашитыны барлығыңызға да белгілі.

Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» дегеніндей, Ата заң аясында бақ-берекеміздің сақталып отырғаны бұл, тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі, тілдің мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше екенін, әр отбасы уыз шағынан балаға қазақ тілін үйретуді қолға алса, бұл тілдің еш қиындығы жоқ. “Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас” демекші өз ана тілін білмеген жаннан, анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. Шынында қазақ пен қазақтың, ата-ана мен баланың, жұмыста әріптестердің қазақ тілінде сөйлеспей, тіпті қисыны келмесе де шүлдірлеп орыс тілінде сөйлесуі көңілге қонымсыз. Бірақ, қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз болғандықтан, оның мәртебесін көтеру тек қазақтың ғана қолында. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриотымын деп есептейтін азаматтың тілі.

Қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бір бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл қазақ тілін дамыту,оның қолдану аясын кеңейту, дамуы мен жетілуіне жан-жақты қамқор жасау бүгінгі күн тәртібінен түспейтін маңызды тақырыптарының бірі. Осындай мемлекеттік маңызды мәселені жүзеге асыру үшін арнайы қабылдаған бағдарлама мен іс-шараларды тұрақты түрде жүргізу, күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру бәрімізге ортақ міндет.

Мен қызмет атқаратын мекемеге күнделікті келіп түсетін құжаттар 100 пайыз дерлік мемлекеттік тілде жүргізілген. Бұл да біз үшін қуантарлық жәйт. Ал егерде құжат басқа тілде түсіп жатқан жағдайда, іс бойынша аудармашы(алдырылып) қатыстырылып шешімін тауып жатады.

Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы, ол — ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі — мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу — біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз.

Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да — тіл. Ол- қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда. Ендеше, ана тілімізді қадірлейік ағайын!

Қызылорда қаласының

мамандандырылған тергеу сотының

кеңсе меңгерушісі

А.Күншығарова

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *