QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫН ЕШКІМ ІШІП-ЖЕП ЖАТҚАН ЖОҚ

ByQAA.kz

Шіл 29, 2020

«ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылау мақсатында бірқатар нысандарды аралады» деп хабарлайды Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

КӨШЕ КӨП ЖАҢАРҒАН

Биыл Қызылөзек ауылдық округінде 8 жоба жүзеге асырылуда. 3 нысанға «Жұмыспен қамту жол картасы» негізінде қаржы бөлініп, 60 адам жұмыспен қамтылды. Бөлінген қаржы есебінен Қараөзек бекетінің 2,5 шақырымды құрайтын орталық жолына орташа жөндеу жүргізіліп, асфальт салынса, 1,5 шақырым Ж. Жабаев көшесіне қиыршық тас төселуде. Бағдарлама аясында бекеттің жол мәселесі мен ауыз сумен қамту мәселесі оң шешім тапты.

Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округтерде 2013 – 2019 жылдар аралығында мемлекеттік – жекешелік әріптестік аясында барлығы 7 дәрігерлік амбулатория салынды. Әріптестік негізінде жүзеге асқан жобаның бірі – Қызылөзектегі медициналық орталық. Билік өкілдері өткен жылы бой көтерген амбулатория жұмысымен танысып, ем алушылармен тілдесті. Мұндағы тұрғындардың дәрігер керек деген өтінішін қала әкімі назарға алып, сала басшыларына мәселені тез арада шешуді тапсырды.

Елді-мекендегі ілкімді істердің бірқатарымен танысқан әкім мен сенат депутаты одан кейін Талсуат ауылдық округіне аялдады. 2500-ге жуық тұрғыны бар Талсуатта биыл 8 көше күрделі жөндеуден өтуде.

Қала әкімі Қызылорда қаласына қарасты 2 кент, 7 ауылдық округте кіре беріс, балабақша мен мектепке қатынайтын жолдарға асфальт төселіп,  қоғамдық көлік жүретін көшелер жаңарып, жаяу жүргінші жолдары салынып жатқанын жеткізді.

Мәселен, Талсуатта биыл 3,3 шақырымды құрайтын төрт көшеге «Жұмыспен қамту жол картасына» сай қаржы қаралған. Ал бір көше «Өңірлерді дамыту» бойынша жөнделуде. Сонымен қатар, демеушілік есебінен 3 көшеге асфальт төселетін болады.

ЖҰМЫССЫЗДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАН

Ағымдағы жылы Қызылорда қаласында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдармасына сай бөлінген қаражат есебінен 98 жоба жүзеге асырылуда. Басымдық жол жөндеу және әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстарына берілуде. Бұл жобалар бойынша қала тұрғындары үшін қосымша 4523 жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда жұмыспен қамтылғандар 80 пайызға жетті.

Мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы қаралып, күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысанның бірі «Локомотив» стадионы. Нысан соңғы рет 2007 жылы жөндеуден өткен. Бүгінде тозығы жетіп, қайта жаңғыртуды қажет еткен спорт кешенін жөндеуге тараздық «АгроспецСтрой» мекемесі жауапты. Мердігер 33 адамды жұмыспен қамтуда. Дренажды суару жүйесі негізінде жаңарып жатқан бұл орталық қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық жоғарғы колледжінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 112 адам жұмысқа қабылданған. Жоба негізінде оқу орнының шатыры, терезесі ауыстырылып, хас беті әрленіп, жылу құбырлары жаңаланады. Сонымен бірге 5200 шаршы метрді құрайтын ғимарат ауласына жаңадан брусчатка төселеді.

СПОРТШЫЛАР КӨБЕЙЕДІ

Тасбөгет кентінде 70 пайыздан астам көшеге асфальт төселген. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен Қызылорда қаласы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысу барысында Тасбөгет кентінің әкімі мәлімдеді.

Қала іргесіндегі кентте биыл 3,9 шақырымды құрайтын Т.Батыршаев, Сырдария, Ж. Бәкішов көшелері күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі уақытта тас төсеу аяқталып, негізгі жұмыстар басталды.

Сонымен бірге кент орталығында жаттығу және стритбол алаңдарының құрылыс жұмыстары да аяқталып, соңғы үлгідегі спорттық құралдармен қамтамасыз етілген.

Айта кету керек, биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қала аумағындағы көппәтерлі үйлердің аулаларына 30 ойын және 3 спорттық-жаттығу алаңдарының құрылыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 60 ойын алаңы қайта жаңғыртылуда.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған