QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Медиация — тараптардың арасындағы дауды реттеу рәсімі

Автор:QAA.kz

Ноя 27, 2020

Қазақстанның сот жүйесінде медиация қызметі соңғы жылдары қарқынды түрде дами бастады. Соның нәтижесінде сотқа дейін шешілетін дау-жанжалдардың саны арта түсті. Бұл сот шығындарын азайтып, азаматтардың уақытын үнемдеп, дауларды бітімгершілікпен аяқтауға мүмкіндік беруде.

«Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған. Оған сәйкес, медиация қызметі азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастарға, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарға, қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларға қолданылады.

Медиацияның мақсаты – қос тарапты да қанағаттандыратын шешімге қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Соған сәйкес, дауларды сотқа дейін шешу еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық қағидаттары негізінде жүргізіледі.

Дауларды сотқа дейін шешу кезінде медиатор тараптардан, мемлекеттік органдардан, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз болады. Тараптарды бітімгершілікке келтіретін медиатор бейтарап болуға, медиацияны екі тараптың мүддесі үшін жүргізуге және тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Медиатордың бейтараптылығына кедергі келтіретін жағдайлар болған кезде ол медиацияны жүргізуден бас тарта алады.

Қандай да бір істі шешуде кім медиатор бола алады? Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың қызметтерін орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Медиатордың қызметі кәсіби негізде және кәсіби емес негізде жүзеге асырылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Медиация» туралы Заңына сәйкес, қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.

Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды. Медиатор қызметін жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында тиым салынбаған кез келген өзге қызметті де жүзеге асыруға құқылы.

Медиацияны жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады. Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін. Тарапқа медиацияға жүгінуге ұсынысты басқа тараптың өтініші бойынша, сот немесе қылмыстық қудалау органы жасауы мүмкін.

Тараптардың бірі медиацияға жүгіну туралы ұсынысты жазбаша түрде жіберсе және оны жіберген күннен бастап он күн ішінде немесе ұсыныста

көрсетілген өзге де орынды мерзімде медиация рәсімін қолдануға басқа тараптың келісімін алмаса, мұндай ұсыныс қабылданбаған болып есептеледі. Медиацияны жүргізу үшін тараптар өзара келісім бойынша бір немесе бірнеше медиаторды таңдайды.

Медиаторлар ұйымы, егер тараптар аталған ұйымға тиісті өтініш жіберсе, медиатордың кандидатурасын ұсына алады.

Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. Келісімде медиация тараптары, даудың нысанасы, медиатор туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылуға тиіс.

Тараптар дауды медиация арқылы шешу туралы өзара келіскен жағдайда жазбаша нысанда ресімделген медиация туралы шарт жасалады.

Айта кететіні, медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаса немесе қозғауы мүмкін болса, медиация рәсімі қолданылмайды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.

Демеуова Жанар

Қармақшы аудандық сотының жетекші маманы

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *