QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

МАРС – ЖЕРДІҢ БОЛАШАҒЫ МА?

ByQAA.kz

Қаң 15, 2021

SpaceХ ғарыш компаниясының иесі, Тесла автокөліктері құрастырушысы Илон Маск 188 миллиард доллармен әлемдегі ең бай адам атанды. Бір жыл бұрын оның есімі ауқаттылардың арасында ондықтың тізіміне де кірмейтін еді. Жалпы, Маск жалпақ жұртқа айтқанынан қайтпайтын адам ретінде мәлім. Оның алғашқы жобаларының бірі SpaceХ талай рет өзін құрдымға әкелген. Алайда, ол алға қойған мақсатынан айныған емес. Бала кезден елге мәлім ғарышкерлерге еліктеп өскен Маск Нил Армстронгке ерекше ілтипатпен қараған. Маск ғарышты игеріп, Марсты бағындырамын деген кезде Нил Армстронтың өзі бұл ойын құптамаған.

– Олар менің бала кезгі батырларым. Соларға еліктеп, ғарыш саласына келдім. Аты аңызға айналған Армстронгтың өзі маған қолдау көрсетпеген кезінде қатты ренжідім. Ол үнемі бұл ойымды босқа уақыт пен ақша шығындау деп айтатын. Себебі, сол кездері біздің расында жолымыз болмай, құрастырған зымырандарымыз кезек-кезек жарыла беретін болды. Мен өз компанияма мықты бас инженер іздедім. Алайда, мықты инженерлер біздің компанияға келгісі келмейтін. Болашағы жоқ деп ойлайтын. Сондықтан, мен өзім бас инженерлікті үйреніп, жұмыс жасадым.

Ал электр қуатымен жүретін Тесла көлігі бұндай пайдаға кенелтеді деп Масктың өзі ойламаған көрінеді. Бұған дейін де Тесланың шығарған бірнеше көлігі ел ықыласына бөлене алмады. Араға жылдар салып, әлемде болмаған көлік жасаған Масктың беделі арта түсті.

– 2008 жылы менде бар болғаны 40 миллион доллар ақша қалды. Мен бұл ақшаны өз компанияма саларымды немесе басқа компания ашып, соған жұмсарымды білмедім. Екіге бөліп жұмсасам жетіліксіз болатын еді. Бірақ, мен басымды бәйгеге тіктім,-дейді Илон Маск.

Ал бүгінгі күнге дейін ең бай адам болып келген Безос екінші орынға ығысты. Масктың баюына Тесла компаниясының акцияларының күрт өсуі себепші болған.

Бұдан өзге Масктың өзі ғарышты игеруге дәмелі. Ол ғарышты игерсек қана аман қаламыз деп ойлайды. Себебі, ерте ме, кеш пе ғаламның таусылып, пайдаға жарамай қалатыны шындық. Тіпті кей ауқаттылар осы сәттен бастап Масктың зымыранынан Марсқа билет алып қойып жатыр деген алып-қашпа ақпарат та бар.

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған