QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Мәжіліс депутаттары зейнетақыны бір реттік төлеммен беруді сұрап отыр

Автор:QAA.kz

Май 23, 2019

Бектұрғанов шетелдік клиникаларда қосымша ем алу үшін сырқат адамдарға қомақты ақша қажет екенін айтты.

Мәжілістің бір топ депутаты қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға зейнетақы жинағын бір реттік төлеммен беру мәселесін көтерді.

Мәжіліс депутаттары премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға жолдаған сауалында обырға шалдыққан адамдардың зейнетақы жинағын алу тәртібі мәселесін қозғады.

Мәжілісмен Ерсұлтан Бектұрғановтың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, онкологиялық ауруға шалдыққан адамға мүгедектік беріледі, ол екіге бөлінеді: біріншісі – белгілі бір мүгедектік мерзімі бар топ, екіншісі – мерзімсіз топ болып саналады.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған деректер бойынша, қазір онкологиялық аурулар салдарынан мүгедек болған адамдардың жалпы саны 39 100 адамды құрайды, оның ішінде 15 200 адамның мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген», — деді депутат.

Ол үкімет бекіткен қаулыға сәйкес мерзімсіз I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан өз зейнетақы жинағын бір реттік төлем түрінде алуға құқығы бар екенін атап өтті. Алайда, төлемді алудың кейбір талаптары қордағы ақшаны алуды біршама қиындататын көрінеді.

«Мәселен, зейнетақы жинағы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда ғана, ол бір реттік төлем түрінде беріледі. Биыл бұл сома 433 296 теңгеге тең. Демек, егер жинақ мөлшері осы көрсетілген сомадан асып түссе, адам бір реттік төлемді ала алмайды», — деді Бектұрғанов.

Бұл жағдайда, оның айтуынша, адам өзінің зейнетақысын белгіленген есептеу әдістемесіне сәйкес ай сайын алып отырады. Ал ай сайынғы төлем өте мардымсыз, сондықтан емдеу шығындарын өтеуге жетпейді.

«Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, адам қайтыс болғаннан кейін ғана оның зейнетақы жинағын отбасы немесе жақындары ала алады. Бұл қаражаттың ауырып, өмірден өткен адамға қажеті жоқ екендігі айтпаса да түсінікті. Бүгінде Қазақстанда обыр ауруларын емдеу тегін жүргізілетіні белгілі. Бірақ, бәріміз білетіндей, көп жағдайда сырқат адамдар білікті отандық немесе шетелдік клиникаларға қосымша ем алу үшін барып жатады, ал ол қомақты ақшаны талап етеді», — дейді мәжілісмен.

Осыған байланысты депутат үкіметке онкологиялық аурулармен ауыратын адамдарға, мүгедектігінің санатына қарамастан, зейнетақы жинағын бір реттік төлем түрінде беру мәселесін қайта қарауды ұсынды.

sputniknews.kz

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *