QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ

ByQAA.kz

Сәу 26, 2019

Биыл Қазақстанда жергілікті өкілетті органдар – мәслихаттарға 25 жыл толды. Осы жылдар аралығында мемлекеттік биліктегі өкілетті органдар сайлаушылар мүдделерін ашық қолдаушы ретінде көрсете білді. Өзінің 25 жылдық мерейтойын Қызылорда қалалық мәслихаты да ерекше салтанатпен атап өтті. Өткен сенбіде «Евразия» спорт кешенінде салауатты өмір салтын және депутаттар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту үшін қалалық мәслихаттың 25 жыл тарихындағы сайланған бірінші шақырылымнан бастап алтыншы шақырылымға дейінгі аралықтағы депутаттар, аппарат қызметкерлері, «NUR OTAN» партиясы фракция мүшелері   қатысуымен қалалық спартакиада өтті. Ол депутаттардың барлығы өз кезегінде еліміздің тарихи кезеңдерімен байланысты қаламыздың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне өзіндік үлестерін қосты.

Егемендік алғаннан төрт жылдан кейін  – 1994 жылғы 7 наурызда алғашқы сайлау өткізіліп, жергілікті мәслихаттың депутат­тары сайланды. Осылай  биліктің  жаңа өкіл­дік органы  – мәслихат – депутаттары жиналы­сы құрылды. Міне, еліміздің тарихындағы елеулі оқиғаға ширек ғасыр толып отыр. Осы мерзім ішінде мәслихаттар толық қалыпта­сып,  өз өміршеңдігін  дәлелдеді. Қазір еліміз­дегі түрлі деңгейдегі мәслихат­тарда 3300-ден астам депутаттар болса, оның ішінде біздің облыстағы жергілікті мәслихат­тарда 145 депутат бар, оның 29-ы облыс­тық, 19-ы Қызылорда қалалық мәслихат депу­таттары. Мерейтойға орай Қызылорда қала­лық мәслихаты республикада алғашқы болып, ең бірінші шақырылым депутаттары­нан бастап бәрінің басын қосып, қаладағы «Евразия» кешенінде ортақ спартакиада өткізді.

Көптен көріспеген бұл қауым қол алы­сып, төс қағысып қарсы алды бірін-бірі. Еркін әңгімелесіп, сәулелі сәттерді еске алды. Спартакиаданың бағдарлама­сында спорттың 4 түрінен шағын футбол, волейбол, тоғыз­құмалақ, үстел тенни­сінен сайыс өтті. Спар­такиадада жеті команда бақ сынасты. Әр сайыстың өзін­дік талаптарымен қатар қатаң төрешілер де бар. Әділқазылар тың әдіс­тер мен тосын тәсілдерді ұтымды пайдалана білген командаларға басымдық бермек.

Спартакиаданың салтанатты ашы­луында ең фалдымен қала әкімінің орын­басары Шахмардан Байманов қала әкімі­нің   құттықтауын оқып берді. Құттықтау хатында қалалық мәслихаттың атқарушы билікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап отырғанын, осы бағытта үлкен-үлкен істерге мұрындық болғанын айта келіп алдағы уақытта да қалалық мәслихат билік пен халық арасында шынайы дәнекер, алтын көпір бола беретініне сенім білдірді.

– 1994 жылдың 7 наурызында еліміздің демократиялық құндылықтарын қуаттай түскен батыл қадам жасауы әр деңгейдегі мәслихат депуттарының сайлауы өткені белгілі. Бүгінгі таңда өткенге көз тастай отырып, 25 жыл ішінде мәслихаттың атқарған жұмысын таразылауға болады. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында қоғамды одан әрі демократия­ландыруға халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жергілікті мемлекеттік басқарудың бір тармағы өкілетті орган ҚР мәслихатының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы орайда Қызылорда қаласы тұрғындары атынан қалалық мәслихаттың барлық шақырылымдағы депутаттарын мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Мерейлі мереке қарсанында мемлекетіміздің стратегия­лық басым бағыттарының бірі – бұқара­лық спорт түрін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударылып ұйымдастырылған игі істері­ңізге сәттілік тілеймін. Атқарып жатқан игі істеріңізге толағай табыс, отбасыла­рыңызға амандық тілеймін, -деді.

Келесі кезекте Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқада­мов әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуына, мәдениет пен өнердің дамуына қосып жатқан үлестерін де жіпке тізіп шықты. Жалпы, билікпен халықтың арасындағы алтын көпірге айналған мәсли­хаттың жұмысы мен халық қалаулыларының атқарған істері жайлы жан-жақты баяндады.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары М.Мәметова атындағы округінен сайла­нып, депутат болып қызмет атқардым. Ол кезде қаржы тапшы, бюджет мәселесі қиындау еді. Депутаттар соған қарамастан қаланың экономикалық жағдағыйын, әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша қолдарынан келгенше жұмыстар атқарды. Қазір бюджет жеткілікті.

Уақыт пен  заман  талабына сай  болу үшін мәслихат депутаттары мен аппараты қоғамдағы  өзгерістердің бел ортасында  болып, халықтың еркін білдіре іс – қимылдар жасауда. Мемлекеттің тізгіні іскер, тәжірибелі азаматтардың қолында, олардың атқарып отырған істеріне ризашылығымды білдіремін.

Әріптестерімді 25 жылдық мерей­тоймен құттықтаймын.Барлығымыздың басымызды қосып, осындай спартакиада ұйымдастырып отырған қалалық мәсли­хатқа алғысымды білдіргім келеді,- деді 4-5 шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаты Мақсұт Байекеев.

Салтанатты ашылу рәсімінен соң футбол басталды. Жарыстың көркін алаңда доп тепкендер қыздырды. Жұмыс формасын спорттық киімге ауыстырған депутаттар спортқа біртабан жақын екендіктерін байқатты. Халық қалаулы­ларының бірі қақпа қорғаса, енді бірі қорғанысты мығымдап, шабуылда сауат­ты ойнайтындықтарын көрсетті. Ойын тартысты өтті. Бірақ жарыс барда, жеңіс бар. Спартакиада қорытындысы бойынша шағын футболдан «NUR OTAN» партия­сының облыстық филиалы І орынды, қалалық мәслихаттың І-V шақырылым депутаттарынан құралған команда ІІ орынды иеленді, ал ІІІ орын «NUR OTAN» партиясының қалалық филиа­лына бұйырды. «Үздік қорғаушы» аталы­мымен С Бағдат Ерікұлы («NUR OTAN» партиясының қалалық филиалы), «Үздік қақпашы» аталымымен Есенжол Назаров («NUR OTAN» партиясының облыстық филиалы), «Үздік шабуылшы» аталы­мымен Жандос Базартай (қалалық мәсли­хаттың І-V шақы­рылым депутаттары командасы) марапатталды.

Халық қалаулыларының волейбол ойынына деген қызығушылықтары жоғары екенін аңғардық. Волейбол ойыны бойынша І орынды қалалық мәс­лихаттың І-V шақырылым депутат­тары командасы, ІІ орынды «NUR OTAN» партия­сының облыстық филиалы, ІІІ орын Қызылорда облыстық мәслихаты командасына бұйырды. Волейбол ойыны­ның «Үздік ойыншысы» аталымына Наурызбай Байқадамов (облыстық мәс­лихат командасы), «Үздік үйлестіруші» аталымымына Мұрат Мұхтаров (қалалық мәслихат аппараты командасы) иемденді.

Үстел  теннисінде ерлер және қыздар арасындағы қос ракетканың шеберлерін білу қиынға соқты. Депутаттар үстел теннисін еркін меңгергендіктерін дәлелдеп бақты. Үстел теннисі сайысы бойынша І орын төрінен Мәнтай Сүйіндік көрінді, ІІ орынды Мұрат Мұханов (қалалық мәслихат аппараты), ІІІ орынды Мэлс Қосмамбетов (облыстық мәслихат) иеленді. «Үздік ойыншы» номинанты болып Аягөз Исабек (облыстық мәслихат) атанды.

Шахмат ойыны бойынша қалалық мәслихаттың депутаты Ли Илларион І орынды иеленсе, қалалық мәслихаттың хатшысы Роза Боханова ІІ орынның иегері атанды. Жүлделі ІІІ орынды облыстық мәслихат командасының мүшесі Бақыткүл Баекеева алды.

Тоғызқұмалақ ойынының қорытын­дысымен І орынды қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова жеңіп алды. ІІ орынды қала әкімдігінің қызметкері Жамал Бозова иеленсе, қалалық мәслихат командасының мүшесі Ақгүл Қуандық ІІІ орынды иеленді.

Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктар, медальдар және мақтау қағаздарымен марапатталды. Депуттаттар спорттың бір түріне ғана емес, барлық түріне қатысып жан-жақты екендіктерін байқатып, спорттан құр алақан еместігін дәлелдеді. Сайысқа қатысушылар спарта­киаданың жоғары деңгейде ұйымдастырыл­ғанына риза­шылықтарын айтып, жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын табуына тілек білдірді.

А. ОМАШ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған