Әрбір адамның бақыты ең алдымен денінің саулығы, отбасы, жақындарының амандығы болса керек. Менің де бақытым да байлығым: бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан әке-шешемнің күйлі-қуатты, қарттықтың бақытына бөленіп, немере, шөберенің қызығына кенеліп отырғаны, балауса 18 жасымнан қол ұстасып өмір жолын бірге кешіп келе жатқан жолдасым Серік екеуміздің ұл-қыз өсіріп, бүгінде ата-әже атанғанымыз, бірге туған бауырларым мен олардан тараған ұрпақтар, өзім отын жаққан әулеттен тарайтын барша жұртымызбен қадірлі сыйластығымыз деп білемін. Ұзағынан сүйіндірсін, шүкірлік, кейде замандас құрбы-құрдастар «мамаң, папаң бар, қандай керемет!» деп қызыға қарайтыны рас. «Есейіп кетсем де мен саған сәбимін» деп белгілі әнде айтылатындай өзім де бүгінде немере сүйген әже атансам да әке-шешемнің барына марқаямын. Оларды біраз күн қөрмесем көңілім елжіреп сағынып тұрамын. Ауырса-сырқаса алаңдап аман жүрсе екен деп тілеймін. Жаратқан әу баста жүрегімізге ұялатып, қанымызға сіңдірген қасиет баланың ата-анаға деген махаббаты ғой, бұл.
Ал енді ата-ананың балаға деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы тіпті шексіз. Әке — асқар тау, ана өмірдің ыстығы мен суығынан қорғайтын сая да, пана дейді ғой халқымыз.
Бір қалада тұрған соң ұшқан ұямыз — туған үйімізге жиі барып тұрамыз. Күнделікті телефонмен сөйлескеніміз дидарласып, жүзбе-жүз әңгіме-дүкен құрғанға жетпейді.
Үлкен апамыз Гүлнар Шымкентте. Өсіп-өнген мәуелі шаңырақтың тілеуін тілеген әже. Шырайлы Шымкенттегі бір үйіміз. Үлкен ағамыз Нұрадин осыдан үш жыл бұрын дүниеден өткен. «Орнында бар оңалар» демекші, артында ұл-қызы, немерелері бар. Екінші ағамыз да осы қалада, балалы-шағалы. Тетелес сіңілім Гүлмира да бүгінде әже атанған, заманға сай кәсіп жасап, бала-шағасын берекелі іске ұйытып отырған отанасы.
«Ойдағы-қырдағы бала-шағаның амандығын бер» деп тілейді қарттарымыз. Жалпы қайсыбір ата-ананың тілегі де, асыл мұраты да ұрпағының амандығы, ұрпағының қамы үшін жасаған ұшан-теңіз еңбегінің ақталып, олардың өмірде өз орнын тауып, қоғамға пайдалы азамат болғаны ғой. Осы тұрғыда біздің ата-анамыз мұратына жеткен бақытты жандар дей аламын.
* * *
«Балалық шағы — патшаның тағы» дегендей ата-ананың қамқорлығының арқасында балалық бал дәуреннің қызығынан кенде болған жоқпыз. Сол кездері екінің бірінің қолы жете бермейтін қала орталығында кең сарайдай бес бөлмелі үйіміз болды. Ата-анамызбен, анамыздың ағасы, өмір бойына ағалық қамқорлығын аямаған, нағашымыз Дәулетәлінің атсалысуымен салынған үй елу жылдан астам отбасымыздың құтты мекені болды. Ескінің тозып, жаңаруы уақыт заңдылығы. Бірақ жадымызда жазылып, көңіл түкпірінде сақталған қимас шақтардың естеліктері ескірмейтіні анық. Мынау еңселі үй бой көтерген аумақ сонау шақта жайқалған бақшалық, айнала жүзімдік болатын. Жүзім пісер-піспестен жүзімдік астына тығылып алып, табиғат тартуына рахаттана «бас қоятынбыз» тетелес бауырлар. Аулада алаңсыз ойын соққан кездер, тымық жазғы кештерде жұмыстан келген ата-анамен бірге сәкіге дастархан жайып, отбасымыздың төрт көзі түгел жиналған мамыражай шақтар, астан апыл-ғұпыл асап, іңір қараңғылығына дейін қызатын көшедегі ойынға асыққан аға-інілеріміз, бәрі-бәрі, көңілде өшпейтін естелік. Кітаптай парақталып, ойда тізбектеле береді.
Сол бір қамсыз, шаттыққа толы балалығымыз үшін ата-анаға мың алғыс!
Әке-шешеміздің балалары үшін жасаған еңбегі ешбір ата-анадан кем болмағаны анық. Әкеміз Дайрабай зейнет жасына дейін көлік жүргізушісі болып жұмыс істесе, анамыз Әлпеш еңбек жолын тігін фабрикасында тігінші болып бастап, кейіннен сауда саласында қызмет атқарды. Осы салада 25 жыл абыройлы қызмет істегенінің айғағы: сала бойынша жоғарғы марапат — салалық Министрліктен Мақтау граматосын алған. Әр жылдары жергілікті деңгейде алған мадақтамалары да баршылық. Заманында облыстағы бірден-бір басылым облыстық газетте де жоспарды асыра орындаған екпінді қызметкер ретіндегі жетістіктері жария етілген екен. Анамыздың жұмысқа ерте кетіп кеш келіп жүріп-ақ, үйдің шаруасын тап-тұйнақтай ететіні бала күнімізден есімізде. Үй әрдайым жинақы, балалардың киімі әрдайым ұқыпты. Ұқыптылық, тиянақтылық, жұмысқа жауапкершілік сияқты қай ортада да абырой беретін қасиеттер балалары бізге анамыздан дарыған қасиет дей аламын. Анамыздың бір салада табан аудармай ширек ғасыр абыроймен қызмет атқаруы осының айғағы болса керек. Сырт көзге қарапайым да бір сыдырғы өмірбаянда қызығы мен қиындығы қатар жүретін күнделікті тынымсыз тірлік, алаң көңіл, беймазалықтағы қажыр-қайратты ана еңбегі бар.
Үлкен шаңырақтан бір шабаданмен ғана бөлек шыққан әкем мен шешем отбасылық өмірдің бастапқы жылдарында баспана тауқыметін де тартқан екен. Шабадан арқалап жүріп, пәтер іздеп табан тоздырған кездері де болыпты. Келімді-кетімді қонақ келгенде аяқ созуға мүмкін болмай қалатын аядай бөлмеде тірліктің талай күні өткен.
Кейде үлкендеріміз, олардың қатарына кейде өзіміз де қосылып кетеміз, кейінгі жастардың кейбір әдеттерін жаратпай кейістік айтып жататыны бар. Кейде «қараптан қарап» шаршаңқы жастарды көргенде «Қайран біздің аналар!» дейміз еріксіз.
Еңбек жолын тігін фабрикасында тігіншіліктен бастаған анамыз бұл істен осы күнге дейін қол үзген емес. Балаларына жыртық киім кигізбеген үйдегі тігін машинасы әлі іске жарап тұр. Анамыздың қолынан шыққан құрақ көрпешелер жаңа қонысты да құлпырта түскен. 19 немере, 31 шөберенің анамыздың құрақ көрпеше тартуын алмағаны жоқ.
Анамыздың тағы бір шеберлік қыры — тоқымашылығы. Түн ұйқысын бөліп тоқып беретін кеудеше, жемпірлерін балалық, жастық шағымызда жарқыратып киіп, талайды тамсандыратынбыз. Мектепте оқып жүргенімде анамның жарқыраған сарғыш түсті жемпір тоқып бергені есімде. Фабрикадан шыққандай әдемі бұйымға сыныптас құрбыларым ғана емес, мұғалім апайлар да «қандай әдемі!» деп таң қалысқаны бар. «Мамам тоқып берді!» дегенмін мақтанышпен.
«Мақтансақ ананы мақтайық» дегендей, анамыз үшін біз балалары мақтанып та марқайып, мадақ айтарлықтай тұсымыз аз емес.
Анамыз зейнетке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей қиыншылықты 90-жылдары бақша егісіне бет бұрып, дала жұмысына да араласты. Бұл жұмысы да жемісті болып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Жақсы бапталған сапалы өнім қала базарында көп іркіліссіз өтіп кетіп жататын. Шынын айтқанда, анамыздың бақшалығындағы піскен кезде қақ-қақ айырылып, шырыны сыртына шығып, хош иісі аңқыған әңгелек, әміре қауынындай, біреуін бір адам зорға көтеретін «мрамор» қарбыздарындай тәтті қауын-қарбызды бүгінде ұмытқан сияқтымыз.
Бертін келе заман талабына ілесіп, базар нарығына да үлес қосты сауда саласының ардагері анамыз.
Қазір де сексеннің үстіне шыққанмен үй шаруасынан қол босатқан жоқ. Заман талабымен балалардың да уақыты жоқ, бірі жұмыста, бірі сабақта дегендей. «Тірліктеріңнен қалма, құдайдың берген қуатымен шалға бір шәйнек шайды өзім де қойып берем ғой» деп балаларды «өз дегеніне» де көндіретінін қайтерсіз үлкен әженің. Жасай беріңіз, ана! Әулеттің асқар тауы әкемізбен бірге жүз жасаңыздар! Бойларыңыздағы күш-қуат кемімесін. Бала-шағаның қызығына тоймай арамызда ақылгөйіміз, тілеушіміз болып жүре беріңіздер.Туған ұямыз сіздермен керемет жылы!..
Гүлжахан ДАЙРАБАЙҚЫЗЫ