QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«МӘДЕНИЕТКЕ» ДЕН ҚОЙДЫ…

Автор:QAA.kz

Сен 3, 2020

«Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қала аумағында орналасқан мәдениет үйлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарын орындау мақсатында мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес үстіміздегі жылдың 6 мамырында конкурс жарияланған болатын. Нәтижесінде 26 мамырда «Құрылыс Бизнес и К» ЖШС жеңімпаз болып, келісім шартқа қол қойды. Бүгінгі таңда бірқатар мәдениет нысандарына ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, қала тұрғындарының игілі үшін пайдалануға берілді. Ал мәдениет үйі қызметкерлері жаңарған, әрі жаңғырған ғимаратта жаңа қарқынмен жұмыс жасауда» — деп, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов өзі жауапты бірқатар нысандарын аралатты.

Бұл креслоға жақында отырса да, ол өзіне жүктелген міндет пен жұмыстың негізгі бағытымен әп-сәтте меңгеріп алған сыңайлы. Әлбетте, енді ол сахна төріндегі айтыста айтылатын сөзіне мән беретін айтыскер ғана емес, бүтіндей бір қаладағы мәдениет деңгейіне тікелей жауапты басшы. Қызметке кіріскен жаңа басшы алдымен жөндеуден өткен мәдени нысандар жайында айтып өтті.

М.Ниязовтың мәліметіне сәйкес, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобасы негізінде қаладағы 3 мәдени нысанға түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап өтер болсақ, А.Тоқмағамбетов және М.Ералиева атындағы мәдениет үйлері. Бұл қатарға Абай ауылдық мәдениет үйі де қосылады.

Мәселен, бүгінге дейін Асқар Тоқмағамбетов мәдениет үйіндегі би залының төбесінен су жиі тамшылап, үйірме сабақтарына кері әсерін тигізген көрінеді. Бағдарлама аясында жүргізілген жөндеу жұмыстары барысында мәселе болған шатыр жөнделіп, ескірген суағар жаңартылды. Нысанның негізгі жанары саналатын сахна төріндегі және көрермендер залындағы төсеніштер де жаңаланды. Еден кафельденіп, ескірген есіктер жаңасымен ауысты. Одан қалды нысан қажет еткен қосымша орындықтармен де толығып, кең көлемде шара өткізуге қолайлы жағдай жасалды. Бұл жұмыстарды сапалы атқару үшін 7 миллионнан астам қаржы жұмсалған. Құптарлық, мәдениеттен аямаған да жөн.

Титов қыстағында орналасқан Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйінің де жөндеуді талап ететін тұстары бағдарлама негізінде ескерілді. Нысанның сыртқы келбетіне өзгеріс еңгізіліп, арнайы жабдықтармен қапталды.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов:

— Қазіргі таңда толықтай құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Мәдени нысанның қабырғалары декоративті әрленіп, сыртқы есігі ауыстырылды. Оған қоса киім ілетін орын пластикалық материалмен бөлініп жабдықталды. Тағы айта кетерлігі, мәдениет үйі ішінен ашылған спорт секциясы өтетін жер пластикпен бөлініп, келушілер үшін оңтайлы әдіс жасалды.

Шығармашылық жұмыстардың кедергісіз жүргізілуі үшін Абай ауылдық мәдениет үйіне де жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қосшыңырау ауылдық округінде орналасқан ғимараттың төбесі жұмсақ жабынмен жабылды. Бұл нысандағы жоспарлы жұмыс та сапалы түрде орындалып, бүгінде пайдалануға берілді.

Карантинің жеңілдеуіне орай, қаладағы бұл мәдени нысандар ашылып, үйірмелердің жұмыстары басталуда. Адамдар арасындағы ара қашықтық сақталып, келуішер мен қатысушылар арасындағы негізгі талаптар да ескерілуде.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *