QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

МӘДЕНИЕТ ҮЙІ САЛЫНСА…

ByQAA.kz

Ақп 11, 2021

Қызылорда қаласына қарасты 2 кент және 7 ауылдық округтердің бүгінгі дамуы өте қарқынды. Бұл елді мекендердің тыныс-тіршілігі жыл сайын реттеліп, жақсару үстінде. Осындай өркендеудің өнегелі жолына түскен елді мекендердің бірі – Талсуат ауылдық округі. Аталған округте 2020 жылы нәтижелі жұмыстар атқарылған. Ол туралы ауылдық округ әкімі Жылқыбай Айбек Жамалұлы кент және ауылдық округ әкімдерінің қоғамдық кеңес алдындағы есеп беру жиынында баяндады.

Қазіргі таңда Талсуат ауылдық округінде халық саны 2255 адамды құрайды. 2020 жылы бұл аумаққа 334,1 млн теңге қаржы қаралып, толық игерілген. Салық түсімі 3,086 млн. теңгеге жоспарланып, жоспар 119%-ке орындалған. Қашанда жақсылық жасауға асығатын талсуаттықтар қамқорлық акциялары аясында жергілікті кәсіпкерлерді, жастар өкілдерін, елдің жанашыр азаматтарын тарта отырып қайырымдылық шаралар ұйымдастырған. «Біргеміз» қайырымдылық акциясы барысында, «Nur Оtan» партиясы және ауылдың ерікті жастарының ұйымдастыруымен 110 отбасына азықтүлік пакеттері таратылып, 41 отбасыға 50,0 мың теңгеден біржолғы қаржылай көмек көрсетілген.

Балаларға «Мектепке жол» акциясы аясында 130 балаға компьютер, ноутбукпланшеттер берілген. Демеушілердің көмегімен 7 оқушыны планшетпен қамтамасыз етіліп, 1 отбасыға көмір отыны түсіріліп берілген. Сонымен қатар, қалалық мәслихат депутаты Қ.Ерназаровтың демеушілігімен «Ерназар Мақсұм» мешітіне 5,0 млн теңгені құрайтын қаржыға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Және 10,0 млн. теңгеге мектептің ауласынан ауыл жастарына арналған жаңа заманауи футбол алаңын салып берген. Осы аумақта экономикалық белсенді халық саны – 1096 адамды құрайды. Өткен жылы жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында: 13 азамат жастар
тәжірибесімен, 13 азамат қоғамдық ақылыжұмыспен, 49 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, жыл соңында жұмыссыздар саны 5 адамды құрады (жұмыссыздық деңгейі – 0,5%). Жыл басынан 47 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ауылдық округте жеке кәсіп ашып, оны дамытып жатқандар да жетерлік. Кәсіпкерлік саласы бойынша да 2020 жылы ауқымды іс-шаралар атқарылған.

Есепті мерзімде жаңадан 18 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, барлығы 22 адам жұмыспен қамтылған. Тіркелген кәсіпкерлік нысандары 109-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13,8 %-ға өсіп отыр (ЖШС-6, Ауылшаруашылық өндірістік кооперативі – 1, шаруа қожалықтары-4, дара кәсіпкерлер 98). Талсуат ауылдық округінде 2020 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында барлығы 29,2 млн. теңгені құрайтын 18 жоба қаржыландырылған. Атап айтар болсақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 5 жобаға 22,6 млн. теңге, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 13 азамат қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, 6,6 млн. теңге қайтарымсыз грантқа ие болған.

Аталған аймақта негізгі шаруашылықтың бірі мал шаруашылығы да дамып жатыр. Өткен жылы төрт түлік мал басы 2031 басқа жеткізілсе, 1785 мал басы бірдейлендіріліп компьютерлік деректер базасына түсірілді (ИСЖ). Елді мекендегі 66 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, олардан 3870 тонна өнім алынған. (картоп-25 га, көкөніс-27 га, бақша дақылдары-14 га). Өңірдегі тозығы жеткен жолдардың бәрі күрделі жөндеуден өтіп, халық ешқандай қиындықсыз жүріп жатыр, инженерлік инфрақұрылым және көлік қатынасы бойынша 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық және жергілікті бюджеттен қаралған 177,9 млн. теңге қаражатқа ұзындығы 2,6 шақырым болатын А. Құнанбаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолымен бірге күрделі жол жөндеу және Астана көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілген. Өткен жылғы есепті кездесуде ауқымды мәселе болып көтерілген Талсуат ауылындағы Ақтөбе және О.Сауытбаев көшелерін орташа жөндеу (асфальттау) жұмыстарына жергілікті бюджеттен 17,8 млн теңге қаржы қаралып, мердігер «Aisultan» ЖШС мекемесі жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мәселе өз шешімін тапқан. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы бюджеттен 1,6 млн. теңге бөлініп, ұзындығы 485 метр болатын Атырау көшесіне орташа жол жөндеу (тас төсеу) жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар С.Нұрмағамбетов көшесінің ой – шұңқыр жерлеріне 299,0 мың теңге қаржыға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. Талсуат ауылдық округінде тұрғындар жаңадан қоныстанған аймақта ауыз су мәселесі өзекті болып келген. Осы орайда 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап тапсырыс беруші Қызылорда қалалық құрылыс бөлімі жалпы ұзындығы 15,1 км ауыз су құбыры құрылысын жүргізсе, 2019 жылы ауыз су жинау қоймасының құрылысы жүргізіліп, 2020 жылы тұрғындарға пайдалануға берілген. Білім мен ғылым саласында да аумақта жеткен жетістіктер жетерлік. Бүгінгі таңда Талсуат ауылдық округіндегі № 178 орта мектепте барлығы 413 оқушы білім алуда.


Өткен жылы мектеп бітіруші 4 түлек мемлекеттік грант бойынша жоғарғы оқу орындарына түссе, 1 түлек мемлекеттік грантпен колледжге оқуға түскен. Бүгінде ауылдық округтегі «Заңғар» балабақшасында 90 бала тәрбиеленуде. Балабақша тәрбиеленушілері республикалық, облыстық, қалалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленуде. 2020 жылы балабақша ғимаратының сыртқы келбетіне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ауласына көркейту – көгалдандыру жұмыстары жоғары деңгейде жасалған. Елді мекенде №5 қалалық емханаға қарасты Талсуат ауылдық дәрігерлік амбулаториясы халыққа қызмет көрсетеді. Дәрігерлік амбулаторияға тіркелген халық саны 2500, оның ішінде 340 адам диспансерлік есепте тұрады. Ауылдық дәрігерлік амбулаториясы ауылдық округтің іргесіндегі саяжайларға да («Ягодка», «Строитель», «Дружба», «Пищевик») медициналық қызмет көрсетеді. Ауылда мүгедектер саны – 46, босанған әйелдер саны- 45, ана мен бала өлімі тіркелмеген.


Талсуатта 2020 жылы мәдениет саласында да көптеген жұмыстар жасалып, түрлі шаралар ұйымдастырылған. Жергілікті мәдени шараларды қолдауға 668 мың теңге бөлініп, жоспарланған 58 мәдени
іс-шара өткізілген. Ауылдық клуб түрлі деңгейдегі 23 байқау сайыстарға қатысып, 14 жүлделі орындарға ие болған. Мәдениет
қызметкерлерінің ұйымдастыруымен А.Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Құлақтан кіріп бойды алар…..» атты фольклорлық ансамбльдердің облыстық онлайн байқауы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орай «Ата Заң – елдігіміздің тірегі» атты жастар арасында қалалық патриоттық онлайн ән байқауы ұйымдастырылған.

Ауылдық округте қоғамдық тәртіп қадағаланып, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар жасалған. 2020 жылы ауылдық округтің учаскелік полиция пунктінің әкімшілік аймағында 15 – қылмыс тіркеліп, оның 6-ы ашылған. Бұл қылмыстардың 13-і (4-қылмыс ашылды), ауылға жақын «Ягодка», «Строитель», «Дружба», «Пищевик» саяжайларда болса, 2-қылмыс Талсуат ауылдық округінде тіркелген (1-мал ұрлығы, 1- адам өлімі). Тіркелген 2 қылмыс ашылған. Әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 105 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған. Ауыл тұрғындары жиын соңында сөз алып, ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті.


Ауыл тұрғындары: «Ауылымызда жүргізіліп жатқан жұмыстар өте көп. Барлығы жоспар бойынша орындалуда. Тек Байкенжеев
көшесіндегі жарық жүйесі жайында айтқым келеді. Көшелердегі электрлік бағандар жаңартылса деген тілегім бар»-деді ауыл тұрғыны. «Жетінші көшенің тұрғынымын. Атырау көшесі мен Алматы көшелерінің қиылысының бойына трансформатор салынады делінген еді. Осы мәселе шешімін тапса деген өтінішіміз бар».
«Өңірімізге мәдениет үйі салынып берсе деген тілегіміз бар. Әкімдік
ғимарат пен мәдениет үйі ауылымызда болса нұр үстіне нұр болар еді.» Осы сұрақтардың барлығына тиісті мекеме мамандары жауап берді. Алдағы уақытта айтылған мәселелердің барлығы өз шешімін табатыны айтылып, жоспар бойынша жүзеге асырылатынын жеткізді. Осындай ұсыныс-пікірлермен қатар, ауыл әкімі Жылқыбай Айбек Жамалұлының атқарып жатқан жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, тілектерін білдіргендер де көп болды. «2020 жылы Талсуат ауылдық округінде біршама мәселелер өз шешімін тапты. Көшелер жарықпен қамтамасыз етіліп, асфальт төселіп, ауыз су кіргізілді. Барлығы кезең кезеңімен жасалып жатыр. Ауылымызға жаңадан келген әкім ауылдың тыныс-тіршілігімен таныс болып, ауыл халқымен бірлесе жұмыстар атқарып жатыр. Алдағы уақыттағы жұмыстарға сәттілік тілей отырып, ауыл тұрғыны ретінде шексіз алғысымды білдіремін.» Бүгінде қалаға қарасты елді мекендердің әлеуметтік және экономикалық жағдайы күн сайын артып келеді. «Ауыл көркейсе – ел өркендейді»-дегендей ауылдардың жағдайы әрдайым басты назарда болмақ.

Бұрынырақ ауылды айтқанда басқаша көзқараспен қарайтын халықтың бүгінгі күнде пікірі өзгерген. Керісінше, ауылға барып, ауылшаруашылығымен айналысып, кәсіп ашуға ниеттілердің cаны көп-ақ. Ұсынылған жобалар мен бағдарламаларды тиімді пайдаланып, солардың аясында ауылға көшіп, еңбек етіп жатқандар да жетерлік. Ауыл гүлденсе Қазақстан да гүлденеді. Игі жақсының барлығы осы ауылдан шығады емес пе?! Ауыл – ырыс-береке мен мерекенің құт мекені, ынтымақтың отаны. Осындай ауылдарымыз дамып, көркейе берері сөзсіз.


А.ҚАНЖАРБАЕВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған