QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Қала ұстаздары әкімдіктің төрінде

ByQAA.kz

Қаз 7, 2020

Биылғы оқу жылында ұстаздар кәсіби мерекелерін әдеттегіден өзгеше нұсқада тойлады. Мерекелік көңіл-күй сезіліп, әппақ ниетпен ақ раушандар ұсынылып, ұлы мамандық иелері туралы әсем ән шырқалып, концерттік шаралар өткізілетін жыл сайын… Осылайша, қолға қаламсап ұстап үйретуден бастап, үлкен өмірге бағытын көрсетіп, жол сілтейтін маман иелерінің мәртебесі айқындалатын. Биыл осы үрдістің жалғасын табуына «карантиндік кедергі» тосқауыл болғаны жасырын емес. Алайда, білім мен біліктілікті, ізгілік пен ізеттілікті, тәлім мен тәртіпті қаперден шығармаған һәм шығармайтын сала мамандарының мерекесін қалалық білім беру бөлімі үн-түнсіз қалдырмады. «Орайын тапса, қар жауар». Шәкірттері облыстық, республикалық білім бәйгелерінен жүлделі оралған, өздері де үздіктердің тізімінен табылған ұстаздар марапат төрінен көрінді.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мұғалімдерді әкімдіктің төріне шығарып, сый-сияпаттарды тарту етті. Жылдап жинаған тәжірибелері жемісін берген екі ұстазға Ыбырай Алтынсарин атындағы және «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерін тақты. Салтанатты жиында қала әкімі облыс басшысының арнайы алғысын үш ұстазға аманаттады. Сондай-ақ, қала әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары да табысталды. Одан өзге «Табысты менеджер», «Үздік музыка пәнінің мұғалімі», «Үздік химия пәнінің мұғалімі», «Үздік география пәнінің мұғалімі» байқауларының жеңімпаздары да бұл шараның басты меймандары болып, марапатқа лайық деп танылды.

Шәкірт тәрбиелеудегі еселі еңбектерін ескерусіз қалдырмаған қала басшысы Нұрлыбек Машбекұлы мамандық төресінің иегерлерін мерекелерімен құттықтады. Оған қоса қала көлемінде аталмыш сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар легіне тоқталып, жетістіктерді сөз етті.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

– Ұстаз болу – мәртебе. Заман талабына сай білім берудің тиімді әдістерін оңтайлы игеріп жүрген маман иелері қашанда құрметке лайық. Шәкіртке білім мен тәрбиені қатар беріп, еңселі еліміздегі білім саласының нәтижелі дамуына өз үлесін қосып жүрген ұстаздардың еңбегі ескерусіз қалмайды. Мәселен, биыл облыс тарихында алғаш рет балабақшаның музыка жетекшісі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Үздік педогог» атағын иеленіп, 2 млн. 778 мың теңге сыйақымен марапатталды. Өңір тарихындағы тұңғыш «миллионер тәрбиеші» атағы қаладағы «Алтын ұя» мемлекеттік балабақшасының тәрбиешісіне бұйырды. 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша шығармашылығымен айқындалған 20 педагог-қызметкерге «Үздік мұғалім» номинациясы бойынша 150 000 теңге сыйақы беріліп, марапат биігінен көрінген болатын. Жаңа оқу жылының басында ұстаздардың негізгі алқалы жиыны – Тамыз кеңесінде 10 мұғалімге 150 мың теңгенің сертификаттары табысталды.

Марапат төрінен көрінген ұстаздардың бірі – Гүлжаухар Сарыбаева. Ол қала орталығында орналасқан №3 IT мектеп-лицейінің тәжірибелі маманы. Ұстаз карантиндік ережелерді ескерсе де, ұлы сала иелерінің кәсіби мерекелерін елеусіз қалдырмаған қала басшысына алғыс білдірді.

– Биылғы оқу жылы мен үшін жеңісті және жемісті басталды. Қыркүйек айының соңғы аптасында қала бойынша «Үздік химия пәнінің мұғалімі» байқауының жеңімпазы атандым. Сайыстың облыстық кезеңінде үшінші орын жүлдегері болдым. Мереке қарсаңындағы сыйдың төресі осы болды. Менің ұстаздық еткеніме 16 жылдан асты. Осы уақыт аралығында біраз білім сайыстарынан жүлдемен оралсам, шәкірттерім де жеңіс төрінен көрініп келеді. Біз әр оқушымен мақтана аламыз, – деді Гүлжаухар Сарыбаева.

№ 1 мектеп гимназиясында тарих пәнінің мұғалімі, директордың бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін қоса атқаратын Нағима Ибраеваның да ұстаздарды ұлықтағандарға жеткізер разылығы бар.

– «Ұстаздар күні» мерекесі қарсаңында қала әкімі еңбегімізді бағалап, марапаттап жатыр. Барлық әріптестерімді төл мерекемен құттықтаймын. Шығармашылық табыстар тілеймін. Бірнеше жыл еткен еңбегіміздің жемісіне куә болудамыз. Шәкірттеріміз биік белестерден көрініп, біздің мәртебемізді арттырып жатыр. Мінекей, сол еңбекті бағалаған қала әкіміне және Қызылорда қалалық білім бөліміне алғысымызды білдіреміз. Осы жылы Алматы қаласында өткен республикалық педагогикалық идеялар фестиваліне қатысып, жүлделі екінші орынмен оралдым. Оқушыларым қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалардың жүлдегерлері атанып жүр,- деді Нағима Ибраева.

Жауапкершілігі басым салада қызмет атқарып, қала көлеміндегі білім саласының ілгерілеуіне мұрындық болуға ниеттеніп жүрген ұстаздар саны артып келеді. Мәселен, қаладағы 55 мектепте 7 мыңға жуық мұғалім қызмет атқарады. 426 маман жоғарғы санатты иеленген. 641 ұстаз бірінші және 662 мұғалім екінші санатты педагогтар. Мемлекеттік 27 балабақшада 865 педагог, 203 жеке балабақшада 2000-нан аса маман қызмет атқаруда.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған