2021 ж. Сәуір 14

Ұлыстың ұлы күні – наурыз мейрамы

Наурыз мерекесі – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны береді.

Наурыз мейрамы – қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі.

Наурыз мейрамы – көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбиелейтін ұлттық мейрамымыз.

Наурыз мейрамы – барша мұсылман әлемі тойлайтын ұлы мереке, Ұлыстың ұлы күні. Бұл күні – күн мен түн теңеліп, Самаркандтың көк тасы жібиді. Осы күннен күн жылына бастайды және күн ұзарып, түн керісінше қысқара бастайды. Наурыз мейрамының орны ерекше. Бұл күні қаланың бас көшелеріне киіз үйлер тігіледі, басты тағам – Наурыз көже пісіріледі. Халықта наурыз көжені тойып жеген адам келесі жылға дейін ішім-жемнен тарлық көрмеді деген ұғым бар. Алаңға алтыбақандар қойылып, ауылдық жерлерде ат жарыстары ұйымдастырылады. Дәстүрлі көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу секілді ойындар ойнатылады. Бұл күні адамдар бір-біріне деген реніштерін ұмытып, кешіріледі.Адамдар әдемі киімдерін киіп, үлкендер бір-бірімен төс қағыстырып, ізгі тілектерін айтады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, дастарханнан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау тіккен. Ертеректе бұл мерекені бүкіл ауыл болып дайындалып, үлкен той қылып тойлаған.

Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдары өте көп.

Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды.

Наурыз мейрамы ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Наурыз мейрамы парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында да көктем мейрам және жаңа жылдың басталу ретінде тойланады. Халықтың байырға түсінігі бойынша бұл түні Қыдыр аралайды делінген.

Наурыз мейрамы –қасиетті күн. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған.

Сонымен қатар, наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», буряттар «сагаан сара», соғдылықтар «наусарыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған. Парсы тілдес халықтар наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл

күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «Сумалак» ұсынады, ескі киімдерін тастайды, ескірген шын аяқты сындырады, бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою «күн символын» салады, үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі, түрлі жарыстар ұйымдастырады.

Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын шығыс халықтарында жыл бас мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өткен.

Наурыз шығыс елдері үшін – бірліктің, татулық пен еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі терінде тойланған. Сондықтан болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Наурызда жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар жақсы өнегеден үлгі алған.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын, әрбір шаңыраққа қыдыр дарып бақ қонсын.

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының жетекші маманы Қ.Сақтағанова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған