2021 ж. Сәуір 14

Ұлыстың ұлы күні -Наурыз мейрамы

Наурыз – шығыс елдерінің бүкіл халықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтіледі. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айналдырған. Шығыстың данышпандары Махмұд Қашқари, Омар Хайямнан бастап қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайреткерлері де Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, асыл сөздер жазып қалдырған. Наурыз шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше даярланатынымыз содан болса керек. Наурыз мерекесіне тән – көпшілікке наурыз көже даярланады, ол тағам жеті түрлі дәмнен даярлануы шарт. Халықта наурыз көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін ішім-жемнен тарлық көрмейді деген ұғым бар. Үй иесі үлкен кісілерден наурыз көжеге бата сұрайды. Ол кісілер:

«Пәле-жала жерге енсін!

Төрт түлік ақты болсын!

Өрісің малға, үйің жанға толсын!

Ақ мол болсын!» деп бата беріледі.

Наурыз мейрамы ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Наурыз мейрамы 22 наурыз күні аталып өтіледі. Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Халықтың баяғы түсінігі бойынша бұл түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі болып саналады.

Е.Сағындық

Қызылорда облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының жетекші маманы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған