2021 ж. Сәуір 14

Ұлы күнді ұлықтау

Біздің бабаларымыз Наурызды жылдың басы санаған. Өйткені түн қысқарып, күн ұзаратын сәттің келуі тіршілік әлеміне тың өзгеріс әкеледі.

Көктем «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» ретінде сипатталады. Бұл күні ата-бабаларымыз қыстан аман-есен шығып, көктемге дін аман жеткеніне, жер жүзі жаңаратын жаймашуақ сәттің келгеніне шүкіршілік айтып, осы сәтті көпшілік болып мерекелеген. Айналаны, үйдің ішін тазартып, ағаш отырғызу, көше бойларында дастархан жаю және түрлі ойын ойнау арқылы айналаны ән-жырға бөлеген. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп бір-біріне ақжарма тілегін ақтарады.

Ата-бабаларымыз «Амал күні» ретінде «көрісу дәстүрімен» Наурыз мейрамын мерекелеуді 14 наурызда бастаған. Өйткені қыс қатты болып, ауыл-ауылдың, туыс пен жекжаттың арақатынасы, байланысы үзілген. Сондықтан да «Самарқанның ақ тасы еріген» тұста қыстан дін аман шыққан адамдар бірін-бірі көктемнің келуімен құттықтап, көрісіп мәз-мейрам болған. Бір-бірінің жағдайын сұрап, қыста орын алған қиындыққа жұбаныш, қуанышқа құтты болсын айтқан. Бұл дәстүрдің бүгінге дейін жібі үзілмей жетуінің тарихи маңызы міне осыдан.

Наурыз – бұл бес мың жылдан артық уақыт бойы аталып келе жатқан көптеген Азия халықтарындағы сияқты қазақ халқының да басты мерекесі. Наурыз – бұл көктемнің, табиғаттың жаңғыруының, жаңа жылдың, жаңа өмірдің басталу мерекесі. Наурызды мерекелеудің түп тамыры табиғатқа тағзым ету мерекесі ретінде тәңірге табыну кезеңіне дейін тереңге кетеді. Қазақстанда Наурыз – мемлекеттік мереке, оны барлық қазақстандықтар атап өтеді. Наурыз – бұл табиғаттың ұйқысынан оянып, қайта тірілгенін білдіретін күн. Бұл өте ерекше мереке және Наурызбен көптеген салт – дәстүрлер мен әдет – ғұрыптар байланыстырылады.

Қазақ дәстүрінде мейрамның ең басты атрибуттарының бірі ретінде жеті түрлі дәмнен әзірленетін Наурыз көже аталады. Жеті қазақта қасиетті санды білдіреді. Сондықтан да нақты жеті түрлі дәм қосу астың негізгі шарты болып табылады.

Наурыз қазақта халық жаппай тойлайтын ұлы мерекелердің бірі. Сондықтан да Кеңестің идеология көп жылдар бойы тыйым салғанына қарамастан бұл мейрам тәуелсіздік алған жылдары қайта жаңғырып, көпшілікпен қауышты. Сондықтан да мұны шын мәніндегі халықтық мереке деуге болады.

Қолда барда алтынның қадіріне жетіп, баға жетпес мол қазынамызды дәріптейтін кез келді.

Үстіміздегі жылы мейрамның ауқымын кеңейту, мерекелеу түрін жетілдіру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын бекіту

туралы» үкімет қаулысының жобасын әзірлеп, Қазақстанда әз Наурыз мерекесін 10 күн тойлау жоспарланған.

Тұжырымдаманы іске асырудың тетіктері келесідей күндерге: 14 наурыз – «Көрісу күні», 15 наурыз – «Жайлау күні», 16 наурыз – «Шежіре күні», 17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні», 18 наурыз – «Игі істер күні», 19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні», 20 наурыз – «Зияткерлік күні», 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні», 22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні», 23 наурыз – «Жоралғы күні» болып аталып өтілу жоспарланып отыр.

Шынында да Наурыз мейрамын мерекелеуді бірнеше күнге бөліп, көктемнің әрбір күнін әр түрлі игі іске арнап, азаматтарды осы істің басына топтастыру бұл игі істің бастамасы. Бір күн көрісуге, достар, туыстармен қауышуға арналса, екінші күн тұрмысы төмен, жасы егде адамдарға көмек қолын созуға арналуы, сол сияқты қоғамды игі істің басына біріктіретін, адамдарға қуаныш сыйлайтын шараларды қолға алса жөн болар еді.

Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Алайда, ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін сол дәстүрлерді жаңғыртып, жандандырып, бұқаралық ақпараттарға орналастырып, халыққа ұсыну керек.

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының кеңсе меңгерушісі А.Күншығарова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған