QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Ұлттың Ұлы ақыны ұлықталды

ByQAA.kz

Қар 11, 2020

Қазақ әдебиетін тәлім мен тәрбиеге, өнеге мен ізгілікке толы шығармашыларымен толықтырған, һәм ұлтымыздың ғана емес, өзге де мемлекеттерде есімі ұлықталған Абай Құнанбаевтың туғанына биыл 175 жыл. Осыған орай, Президент Қасым Жомарт Тоқаев Ұлы ақынның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі. Биылға жоспарланып, әрі кең көлемде жүзеге асып жатқан іс шаралар Қызылорда қаласында да ұйымдастырылуда.

Мәселен, «Nur Otan» партиясының Қызылорда қалалық филиалы Абай Құнанбаевтың әдебиетке ғана емес, қазақ мәдениетіне де сіңірген еңбегін кеңінен насихаттауды басты мақсат етті. Сондай-ақ, ағартушы, философ, композитор, аудармашы әрі ақынның мәні мен мазмұны тағылымға толы жазбаларын өскелең ұрпақтың санасына сіңіруді де көздейді. Осы негізде «Abai olenderi» онлайн шарасы өткізілді.

Шараға қатысушылар ақынның кез келген шығармасын жатқа оқып, әлеуметтік желілер арқылы жариялауы тиіс. Бүгінгі эпидахуалға сәйкес, іс шараның өткізілу бағыты онлайн нұсқада жүзеге асқанымен, қатысуға ниет білдіргендер саны артқан. Демек, ақын жазбаларының қай кезде де құндылығы мен құны биікте екенін дәледейді.

Шараға белсенді қатысушылардың қатарын қалаға қарасты білім ордаларының мамандары мен білім алушылары, әр саланың жастары толықтырды. Мәселен, №257 мектептің оқушысы Сармырзаев Ержігіт Абайдың бірінші қара сөзін, 235 орта мектебінің 9 Б сынып оқушысы Смағанбет Бағдат пен ұстазы Салтанат Шегебаева өлеңді нақышына келтіріп оқып, челленджді өзге білім ордасының ұстаздары мен оқушыларына жолдады. 171 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Усенова Салима «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» деген өлең жолдарын оқыса, 140-ы қазақ орта мектебінің музыка пәнінің ұстазы Абай Бақтыбайұлы домбырамен ақын сөзін жазған әнді шырқады. 101 мектеп-лицейінің оқушылары Мәдениет Асхат, Аида Утемисова, Рахия Шылмырза есімді оқушылары Абай Құнанбаевтың өлеңдерін иірімге келтіріп оқыды. Сондай-ақ, 198 орта мектебінің 5 А сынып оқушысы Константин Цой да «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін желі қолданушыларына жолдаса, 120-ы мектептің ұстаздары «Желсіз түнде жарық-ай» әнін хормен шырқады. Олардың қатарында қаланың жас тұрғыны Жамбылов Бекен «Махаббатсыз дүние бос» деп, ақын өлеңіне арқау етілгендей айналаға махаббатпен қарауға шақырды.

Қатысушылар Абай Құнанбаевтың жүйрік сөз саптауымен жазылған әр жазбасын негізгі мұра деп ұғынды.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған