QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ҰЛТАН БОЛҒАН СҰЛТАНДАР

Автор:QAA.kz

Сен 10, 2020

Әлемде болып жатқан түрлі төңкерістер жағадан алады. Сырғып өткен соңғы бір айдың жүзі Белоруссиядағы халықтың наразылығы сейілген жоқ. Президент Лукашенкодан билікті бейбіт түрде тапсыруды талап еткен халықтың ойы ескерілмеді. Өз кезегінде халықпен кездескен Лукашенко билікті конституциялық жолмен тапсыратынын жеткізді. Бірақ, ол күннің биыл тумайтынын халық білген сыңайлы. Қазіргі күні ел президенті Белоруссиядағы ең қымбат және басты резиденцияларының бірінде. Оны ел-жұрттан тығылып жүр деп айту қиын. Керісінше, үстіне оқ өткізбейтін киім киіп, қолына автомат ұстап алған. Бұнысы халық наразылығын одан сайын үдетті. Өз сөзінде ол «Менің автоматпен жүргенім, өз жұртыма оқ атады деген сөз емес. Мен халқыма саусағымды да шошайтпағанмын», — деп жеткізді.

Халықтың ашуы бос дүние емес. Халық ешқашан қараптан-қарап ашынбаған. 2005 жылы бауырлас Қырғыз республикасында да ұқсас жағдайлардың болғанын білеміз. Ақаевтың жақтастары оның биліктен кетпеуін керемет қылып әзірлеген көрінеді. Сайлау барысында ағаттық кеткенін халықаралық сарапшылар жеткізген болатын. Елдің оңтүстігінде дем арасында қызу қақтығыстар болды. Наурыз айының соңғы күндері көтерілісшілер ел астанасындағы парламент және телерадио ғимараттарын басып алды. Бұл уақытта Ақаевтың өзі Мәскеуге қашып үлгеріп, Ресейдегі Қырғыз елшілігінде 4 сәуір күні отставкаға кету жөніндегі арызын жазған еді. Қазіргі күні Ақаев шетел асып кеткен экс президенттер қатарында. Және халықпен бірге қарапайым өмір кешуде. Әзірше оның өз еліне қашан оралатыны белгісіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол Мәскеуде Қырғыз елінің болашағы жайлы кітаптың тұсауын кескен болатын. Кітаптың мазмұнында Қырғыз ғана емес, бүкіл Орта Азияның өзекті мәселелері қозғалған еді.

Ақаевтың артынша билікке келген Құрманбек Бакиев Қырғыз елін жөнді басқара алмады. 2010 жылы халықтың наразылығын коммуналдық және үй шарушылық төлемнің шамадан тыс көтерілуі үдете түсті. Ашынғандардың президент резиденциясын басып алғаны көпке мәлім. Сол кездің өзінде қарсы болған халыққа қару қолданып, атуға да рұқсат еткен еді. Осы қақтығыста 80-ге жуық адам қаза тапқан болатын. Кейін Құрманбек Бакиевтың сол түнге дейін резиденцияда отырғаны белгілі болды. Түнде шетел асып кеткен көрінеді. Пана іздеп келген Бакиев Қазақстанға табан тіреп, 7-ші сәуір күні осы елде отставкаға кету жайлы арызын жазды. Ол өзінен кейінгі президент Атамбаевтың билікке келгеніне өкінішпен қарайтынын жеткізді. Атамбаев президенттіктен кеткеннен кейін өзі алып келген қазіргі президент Жанибековтың билікке келгенін әбден сынаған болатын. Құдды бір саясат емес, өзіміз үйренген түріктің сериалына ұқсап кеткен секілді ме?

Әйтсе де, бүгіннің өзінде Жанибеков те жетісіп тұрған жоқ. Қырғыздар миттингтен көз ашпауда. Бәрінде бір-бір өкініш.

Осыдан 17 жыл бұрын 2003 жылы Грузияда парламенттік сайлау өткен еді. Сайлау комитетінің ақпараты бойынша Шеварднадзенің партиясы жеңіске жеткен болатын. Оппозиция сайлау барысындағы құқық бұзушылықты анықтап, халықтың басым бөлігі нәтижені мойындамады. Орталықтағы түрлі шерулер мен қақтығыстарға арнайы жасақ та төтеп бере алмаған. Билік пен халық арасында байланыс орнатылмады.

Тбилисиде 50 мың адам оппозиция көшбасшысы, Американың қолдауына ие болған Саакашвилидің бастамасымен парламент ғимаратын басып алды. Келесі күні Шеварднадзе Ресейлік тараптың көмегі арқылы оппозициямен байланысып, отставкаға кетуге өз еркімен арыз жазды. Алайда, бір кездері Горбачевтың өзі Шеварднадзені өте ақылды саясаткер деп мақтап еді. Шеварднадзе билікке келген жылдары жемқорлықпен білек сыбана күресті. Саясаткерлер және партияның ішінен 30 000-ға жуық адамды абақтыға жаптырған екен.

Өз кезегінде отставкаға кеткен Шеварднадзені жұрт пен билік те жайына қалдырды. Елге сіңірген еңбегі үшін оған арнайы резиденция сыйлады. Өмірінің соңғы уақытын мемуарлар жазуға арнаған Шеварднадзе 2014 жылы Тбилисидегі резиденциясында қайтыс болды. Ол өзінен билікті алған Саакашвилидің де ел басынан кеткенінің де куәсі болды.

Бір сөзінде: «Мен елдегі мәселені шешудің орнына, қосымша қаншама проблема құрап кеткен Саакашвилиге билікті беріп қойғаныма өкінемін», деген еді.

Расында, Шеварднадзеге КСРО мен қатар бүкіл Еуропа ғашық еді. Кеңестер жүйесіне Горбачев келген жылдары кадрлық өзгеріс болған болатын. Сол уақытта Шеварднадземен кездескен Горбачев оның шешен, ұтқыр әрі сөзге көндіргіш адам екенін байқаған көрінеді.

2000 жылы 24 қыркүйекте Югославиядағы президент сайлауынан сол кездегі ел басшысы Милошевич Слободан жеңіліс тапқан болатын. Дегенмен, ол өзінің қарсыласы Воислава Коштуницаның жеңгенін мойындағысы келмеді. Ақыр соңында Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен сайлаудың екінші кезеңі өткізілмек болды. Сайлау комиссиясы Коштуницаның ұпайы 48,96 пайызға жеткенін мәлім етті. 5 қарашада Конституциялық сот сайлау қорытындысының күшін жойды. Артынша, Белградтағы митингке 500 мың адам жиналған еді. Көтерілісшілер қолына түскен қаруымен орталыққа баса көктеп кірді. Ең соңы іс насырға шауып, митингтік шараны басу үшін ішкі істер министрлігі араласты. Бірақ, көтерілісшілер парламент ғимараты мен телеорталықты басып алды. Қорытындылай келе Милошевичке отставкіге кетуге тура келді. Конституциялық сот сайлау қорытындысының нәтижесін қайта күшіне ендіріп, елдің президенті Воислава Коштуница болып табылды. Ал бұрынғы президент Милошевичтің өзі 2004 жылы Гаага қаласында көз жұмды.

Топырағы торқа болғыр Маркостың Филиппин еліне тигізген үлесі мол еді. Алайда, оның есімі талай жерде жаман жағынан баяндалады. Ел аузында Маркостың алтын құмар екені баса айтылады. Әрине, ел басында төрт бес жылдық басқарған Маркостың билігі кезінде Филиппин елі мұндай халықаралық абыройға ие болмаған еді. Ел басында болған Маркостың жанында сенімді нөкерлері болды. Жұрт оларды «Ролекс-12» деп атайды. Осы 12 адам елдегі бүлікке де, жақсылыққа да қатысты еді. Сәйкесінше, Маркостың әр тапсырмасын орындаған сайын олардың қолына қымбат сағаттардың бірі Ролекс тағылатын. 1972 жылы Маркос демократиялық революцияны орнатамын деп әскер қамын жақсы етті, түбінде сөз бостандығын, адамдардың құқығын шектеу жайлы дүниелерді біртіндеп енгізді. Маркостың оппозицияны жіті бақылай алмағаны рас. Ол оппозицияны сатып алғысы келген болатын.

Бірақ, Маркостың қол астындағы әлдекім оған жағамын деп елдегі оппозиция басшысын бомбамен жарып жіберген екен. 1986 жылғы сайлауда оның қарсыласы Акино болды. Ол қаза тапқан оппозиция басшысының әйелі еді. Халықтың барлығы Акиноны қолдап елде бүлік басталды. Маркостың өзі мұхиттағы аралға қашып кетіп, сол жақта өмір сүрді. Ол уақытта елді басқарып отырған Акино Маркос қайтыс болғаннан кейін оның денесін Филиппинге кіргізуге рұқсат бермеді. Тек 2004 жылы Маркостың әйелі денесін қайта жерлеуге рұқсат алып, Филлипинге алып келіп қайта жерледі. Бүгінде марқұм Маркостың жиған-терген байлығы халықтың аузынан түспеуде. Оның байлығы кей деректер бойынша 5 немесе 10 миллиард долларды құрайды екен.

Елдің билігін қолға алар кезде жұмақтығыдай жағдайды жасаймын деп бағдарламасын ұсынатын ел басшылары уақыт өте келе уәдесінен сырғи бастайды. Жоғары жақтың аурасы да, өмірі де тым бөлек. Бәлкім расында да шын ниетпен жұрт үшін келген болар. Алайда, адам өзгеруге бейім жаратылыс. Байқап қарасақ, Еуропа елдерінің президенттері ауысқан сайын санап үлгере алмайтын халге жеттік. Кезіндегі Кеңестік дәуірден ірге бөліп шыққан мемлекеттердің билік жүйесі қаншама сайлау өткеріп, осынша уақыттан кейін де ел басындағылары мен биліктегілері өзгеріссіз отыр емес пе?..

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *