QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Үлкені кішілеріне талапты күшейтті

Автор:QAA.kz

Мар 15, 2019

Сейсенбі күні қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шаһардағы кент, ауылдық округтер мен бөлім басшыларын жинап аппарат отырысын өткізді. 

Аппарат отырысының күн тәртібінде 3 мәселе қойылды. Ең алдымен жаппай кәсіпкерлікті дамыту, жастар жылында жүзеге асып жатқан жұмыстар және көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру барысы мен алдағы міндеттер талқыланды. Аймақ басшысы кент, ауылдық округ әкімдеріне біраз тапсырмалар берген болатын, бүгінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жол картасы әзірленген және соған сәйкес жұмыстар да атқарылғандығы жеткізілді. Бүгінде осының нәтижесі ретінде Ақсуат ауылдық округі аймағымыздағы елді-мекендер арасында үлгілі ауыл атанып, облыс әкімінің 10 млн. теңге грантына ие болған.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы  жұмыстар нәтижесі болды. Қала әкімі Қызылорда қаласы бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында баяндау үшін қала әкімі орынбасары Бектас Нұридиновқа сөз берді. Барлық кент пен ауылдық округтерді аралап, кәсіпкерлікпен айналысып жатқан тұлғалармен тілдескенін айтып, жүйелі түрде жұмыстарының жасалып жатқанын жеткізген әкім орынбасары алдағы міндеттерімен де бөлісе кетті. Трибунаға шыққаннан өзінің атқарған жұмыстарын сандармен сырыл­датып айтқан Б.Нұридиновқа қала әкімі нақты базар бағасымен сәйкес келмейтін құр сандардың, көзбояушылықтардың қажет еместігін, нақты атқарылған жұмыстармен нақты нәтижені сұрады. Қала әкімінің бұлай деп айтуына да негіз бар. Себебі,  қала орталығындағы базарлардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы жүргізілген рейд барысындағы бағалармен мүлде сәйкес келмейді.

Б.Нұридиновтың айтуынша бүгінде Қызылорда қаласы бойынша 2018 жылдың қорытындысымен 25936  шағын кәсіпкерлік тіркелген, оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғандары 20685 құрап тұр. Бұл көрсеткіш 9,6 пайызға өскен. Қала әкімі орынбасарының “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппаай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021” бағдар­ламасы аясында жүргізілген рейдте аталған бағдарлама негізінде жұмыс жасап жатқан ауылдық округтер мен кенттердің арасын­дағы нәтиже бойынша Белкөл кенті мен Қарауылтөбе ауылдық округтерінің көрсеткіші ең төмен. Демек, бұл жоба бойынша жұмыстың жасалмай жатқандығын көрсетеді. Осы ретте қала әкімі Н.Нәлібаев әкімдерді жекелей тұрғызып не үшін жұмыс жасалмай жатқандығын сұрады. Кент, ауыл әкімдері: “Алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамытамыз, жұмыстар жасаймыз және әкім болып енді отырдым. Биыл өз нәтижемізді көрсететін боламыз” деген жауап айтты. Бұл құр сөз секілді. Егерде әкімдік тарапынан қарапайым халыққа түсіндірме жұмыстары жасалатын болса, кәсіпкер боламын, кәсіп ашамын дегендер аз емес. Сонымен, алдағы жылға мынадай жоспарлар айтылды. Облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын 80 пайызға жеткізу. “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021” бағдарламасы бойынша қалаға қарасты елді-мекендердегі 101 жобаны қаржыландыру жоспары бар. Сондай-ақ, қала әкімі орынбасары мен кент, ауылдық округтердің әкімдеріне алдағы уақытта кәсіпкерлікке қатысты барлық жұмыстар өз уақытында, сапалы орындалуын тапсырды.

Елбасымыз 2019 жылды Жастар жылы деп атады. Қала әкімі өңіріміздегі жастар жылына қатысты шараларды ұйымдастыру, жүргізуге байланысты қала әкімінің орын­басары Шахмардан Баймановты тыңдады. Елбасымыз жастарға сапалы білім беру, жұмыспен қамтылуы, баспана және отбасы құру мүмкіндігіне қолайлы жағдайдың жасалуы керектігін айтқан болатын. Осыған сәйкес жастардың жұмыспен қамтылуы бойынша жастар тәжірибесі бағдарламасы аясында 516, қоғамдық жұмысқа 650 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда екен. Бұл жолы да әкім сандарға емес сапаға жұмыс жасау керектігін айтты. Осы ретте тұрмысы төмен, ата-анасының қарауынсыз қалған жастармен жасалып жатқан жұмыстар да сұралды. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Р.Қаюпов жастардың шығармашы­лығын дамыту жолында жұмыстар жасалып жатқандығын, алдағы уақытта шет аймақтарда жастарға арнайы спорттық клубтардың ашылатындығын мәлімдеді. Өйткені, 2018 жылы жастар мен жасөспірім­дер арасында жасалған қылмыстардың азаймай, қайта көбейіп кеткендігі алаңдаушылыққа негіз болып отырғаны анық.  Осы ретте қала әкімі жергілікті полиция қызметі, ішкі саясат, білім бөлімі және жастар орталығының жасап жатқан жұмыстарының төмен екендігін атап айтты. Бөлім басшылары­ның жауабы: “Алдағы уақытта жастар мен жасөспірім­дермен жұмысты күшейтетін боламыз. Түсіндірме жұмыстарын жасаймыз”.  Жастарға қатысты мәселе мұнымен бітпеді. Ендігі кезекте ауылдық округтер мен кенттердегі дүкендерде арақ-шараптардың беймезгіл уақытта сатылуы болды. Қала орталығындағы дүкендерде сағат 21:00-ден кейін ішімдік сатылмайтыны белгілі. Ал, ауылдарда не үшін осы нәрсе әлі күнге дейін жүзеге аспай тұрғаны сұралды. Ауылдарда ішімдік кез-келген уақытта сатыла беретіндіктен қылмыс, ұрлық және тонау көп орын алады. Сондықтан, жергілікті полиция­мен жұмысты күшейту керек, — деді қала әкімі.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары бойынша жұмыстардың жасалып жатқандығы бойынша қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Қосай Құдайбергенұлы сөз сөйледі. Қазіргі таңда әскери қызметке шақыру бойынша көктемгі уақытта жасөспірімдердің наурыз айына дейін сырт жаққа шығып кетуі аздап қиындық туғызып тұрғандығы айтылды. Одан өзге барлық кенттер мен ауылдық округтерде жастар және  жасөспірімдерге түсіндірме жұмыста­рының өз уақытында жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Жиын соңында қала әкімі Н.Нәлібаев кент және ауылдық округтер, бөлім басшыларына жоғарыда көтерілген мәселелерге қатысты бірқатар тапсырмаларды тапсырып, жұмыстың нәтижелі болуын қадағалау керектігін айтты.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *