2021 ж. Сәуір 14

Үлгілі ауылдағы «Ер-Али» мейрамханасы

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және “Nur Otan” партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов пен қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова 16 сәуір күні Ақсуат ауылдық округіне барды. Онда барғандағы негізгі себеп, жаңадан ашылған мейрамхана мен жөндеуден өтіп жатқан балабақша жұмыстарымен танысу.

Ақсуат ауылдық округы биыл өзгелердің алды болып «Үлгілі ауыл» болды. 2019 жылдың ақпан айы ақсуаттықтар үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Өйткені, Жақыпбек Маханбетов ауылындағы сәулеттік кескіні мен орналасқан орны жақсы ойластырылып, ауылдың көркіне көрік қосқан «Ер-Али» мейрамханасы пайдалануға берілді. Ауылда алғашқы болып ашылған бұл мейрамханаға халық риза. Енді ауыл жұртшылығы өз отбасындағы қуанышын Ақсуаттағы «Ер-Алиге» барып жасайды.

Екі жыл ішінде салынған бұл тойхана ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыратын 400 адамға арналған. Қаладағы мейрамханалар секілді мұнда да 2 шағын зал бар. Ол шағын зал 40-50 адамға арналған шығыс және еуропалық стильде жасалған лоундж бар. Бағдат Жалекеев – «Ер-Али» мейрамханасының негізін қалаушы. Осыдан бірнеше жыл бұрын “Сыбаға” бағдарламасының қатысушысы болған Бағдаттың бүгінде тойханадан бөлек отбасылық шаруа қожалығы да бар.

Ауылдың алды болып тұрған мейрамхананың құны 300 млн.теңге. Қазіргі уақытта 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған Бағдат Жалекеев алдағы уақытта мейрамханаға тойға ата-анасымен бірге келген балақайлар үшін арнайы ойын бөлмесін жасамақшы. Сонымен қатар, қала әкімі Н. Нәлібаев тойхананың дизайндық талғамына жақсы баға беріп, ауыл халқы үшін жасаған еңбегіне ризашылығын білдірді.

– Ақсуат ауылдық округіне қарасты Ж.Маханбетов ауылында 8 мың халық бар. Қазіргі таңда 250 кәсіпкерлік субьектіміз бар. Оның ішінде 4 ауылшаруашылығы кооперативі, 52 шаруақожалығы бар. Ауылдағы үлкен нысандардың бірі осы “Ер-Али” мейрамханасы. Жалпы аумағы 2000 шаршы метр болатын тойхана замануи үлгіде салынған, ішіндегі жабдықтары да заман талабына сай. Ауыл тұрғындары жаңа тойхананың ашылғанына риза, – деді, Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәли Ақмұрзаев.

Сәулеті мен келбеті келіскен мейрамхана ішінде дыбыстық жабдықтар, сахна, той-жиындар үшін бейне-сүйемелдеуге арналған экран, жарық әсерлеріне арналған түрлі құралдар, от шашулар мен прожекторлар орналасқан.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған