2021 ж. Сәуір 14

Әлеуметтік көмек тоқтатылмайды

Биылғы жылдың ақпан айында Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында 5 бірдей баланың өртке оранып, ажал құшқаны баршаңызға мәлім. Міне, сол оқиғадан кейін барлық өңірлерде көп балалы аналар мен әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылар көтеріліске шыққан еді. Ондағы басты себеп, көп балалыларға беріліп жатқан ай сайынғы әлеуметтік көмектің аздығы мен баспана мәселесі болатын.

Аналардың бұл зары көп ұзамай билік басындағыларын оятса керек, 27 сәуір күнгі «Nur Otan» партиясының кезекті ХVІІІ съезінде көптің көкейіндегі айтылған ұсыныстар қаралып, 5 сәуірден бастап «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізіліп, ҚР Президентінің қолы қойылған болатын. Бұрын аналар айына 14849 теңге әлеуметтік жәрдемді қанағат тұтып келген болса, бүгінде оларға 20789 теңгеден берілетін болды. Сонымен Елбасы жәрдемақы көбейтілсін дегеннен бастап, әлеуметтік көмекті алуға өтініш тастағандардың қарасы қалың, тіпті қазірдің өзінде қалалық жұмыспен қамту ғимаратының алдын таң атқаннан күзетіп отырғандар жетерлік. Олардың бірінің жағдайы шынымен жоқ болса, енді бірі «үкімет беріп тұрса неге алмасқа» дегендер.

Өткен аптада Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов пен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов өңірлік коммуникациялар қызметінде атаулы әлеуметтік көмекке қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

Бүгінде Қызылордада 35 мыңнан астам көп балалы аналар бар. Ал, олардың ішінде балалары кәмелеттік жасқа толмағандардың саны 18 мыңнан асады. Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш тастаған отбасылардың жағдайын біліп, оларға қандай көмек керек екендігін нақты білу мақсатында өңірімізде арнайы комиссия мүшелері жасақталған болатын. Қазіргі таңда, солардың мәліметі бойынша облыстағы 20412 отбасының тұрмыстық жағдайы тексеріліп, олар үшін арнайы әлеуметтік карта дайындалуда.

– 1 сәуірден бастап облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 40285 отбасы жүгінді. 19721 отбасынан өтініштер қабылданып, 20564 жанұяға кеңестер берілді. Облыс бойынша сәуір айында 16193 отбасындағы 79004 адамға 2,1 млрд. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек берілді. Ал, мамыр айында 6755 отбасының өтініші қабылданды. 4332 жанұяға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, оларға 189,4 млн.теңге төленді, – дейді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов.

Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматымен 20789 теңгені алғандар баршылық. Қуанышбек Досмайылұлының айтуынша, дәл қазір маусым айы үшін төлемдер жасалып жатыр және осы айдың 20-на дейін атаулы әлеуметтік көмек 100 пайыз барлығына төленеді.

Қазір де атаулы әлеуметтік көмекті алуға асыққандар жетерлік. Қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары да күні-түні дем алмастан өз қызметтерін көрсетуде. Алайда, халықтың шыдамсыздығы дейміз бе, әйтеуір қарапайым халық арасында және әлеуметтік желілерде «Сайлау біткен соң бұл ақшаны бермей қояды. Сайлауға дейін жасап отырған жағымпаздықтары» деген секілді түрлі даурықпа әңгімелер тараған екен. Қуанышбек Ысқақов мұның толықтай жалған ақпарат екендігін жеткізді. Себебі, бұл «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген. Жәрдемақы қандай жағдай болса да тоқтатылмайды. Сондықтан ондай алып-қашпа әңгімеге сенудің қажеті жоқ деп атап өтті.

– Бүгінде қалалық жұмыспен қамту ғимаратының алдына жиылған бір топ аналарымыздың ортасында талқыланып жатқан мәселелердің бірі осы ҚР Президенті сайлауы аяқталған соң атаулы әлеуметтік көмек берілмейді дегендері. Осы қауесетке біз де бей-жай қарай алмадық. Негізі бұл ақпарат – жалған. Атаулы әлеуметтік көмекті тоқтатуға ешқандай негіз жоқ. Сондықтан, біздің айтарымыз жәрдемақы тоқтатылмайды. Көшеде ерігіп, желігіп жүрген біреулердің айтқандарына еріп кетпеңіздер, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов.

Мұндай жалған ақпараттар меніңше де сол іш пысқан адамның жай «отқа май құйғандай» жалп еткізіп айтып, таратып жіберген өсегі секілді. Мұны, қаншама кезек күтіп, таңы мен кешін қалалық жұмыспен қамтудың алдында өткізіп жүргендер емес, жай ерігіп жүргендер айта салса керек.

Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, атаулы әлеуметтік көмек берілгенде сол отбасының адам басына шаққандағы кірістерін есептегенде арнайы мемлекеттік жәрдемақы, «Күміс алқа», «Алтын алқа» үшін берілетін жәрдемақы, балаларға арналған мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы, шәкіртақы кіріс көзіне кірмейді.

– Қазір көптеген аналар мамыр айындағы жәрдемақыны алған соң, жедел түрде маусым айындағыны да беру керек деген әңгімені айтады. Әрине, барлығы беріледі. Бірақ, әрқайсының өз мерзімі бар. Көп балалы аналар мен әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға айтарымыз бізге де түсіністік танытса екен деген ұсынысымыз бар. Мемлекет пен облыстық, қалалық, аудандық әкімшілік тарапынан көп балалы аналарға біз жол картасын жасадық, Сол бойынша тиісті міндеттемелердің барлығы толық, мерзімінде орындалып жатыр, – дейді Қуанышбек Ысқақов.

Мүгедек бала асырап отырған аналардың да жәрдемақысы 1 шілдеден бастап 30 пайызға өсетіндігін газетіміздің сайтында айтқан болатынбыз. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап, тәрбиелеп отырғандар 31183 теңге көлемінде ақша алса, енді 1 шілдеден бастап 41578 теңге алатын болады. Бұрынғы берілетін сомаға 10395 теңге қосылған.

Брифингте көп балалы аналардың кәсіппен айналысып, қосымша табыс табуына қатысты жасалып жатқан жағдай жайлы да сөз болды. Оған тиісті сала маманы жауап берді.

– 2017 жылдан   бері жаппай кәсіпкерлікті дамыту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша шағын несиелендіру қарастырылған. Биылғы жылдан бастап көп балалы аналарды қолдау мақсатында қайтарымсыз негізде 500 мың теңгеге дейін грант беріледі. Оған қазірдің өзінде республикалық бюджеттен 660 млн. теңге қаралып тұр. Бұл шамамен 890 отбасына беріледі. Ол барлық келген адамдарға берілмейді. Қаржыны алу үшін бизнес жобаларды ұсынып, комиссиялардың алдында қорғап конкурсқа түседі. Соның нәтижесінде ғана берілетін болады, – деді   облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Облыста көп балалыларды қолдау мақсатында жұмыстар қарқынды жасалуда. Кәсіп ашып, өзіңізді-өзіңіз қамтамасыз еткіңіз келсе айтылып жүрген негізсіз әңгімелердің құрбаны болмай, бизнес жобаңызды дайындауға асығыңыз. Көп балалылар мен әлеуметтік жағдайы аз қамтылғандар үшін берілетін жәрдемақы тоқтатылмайды. Мәселенің байыбына бармай тұрып айтылған қауесетке еріп кетпеңіздер. Бұл жалған ақпарат.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған