QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Әлеуметтік дүкендерге сауда жасадыңыз ба?

Автор:QAA.kz

Май 7, 2020

Төтенше жағдай кезінде облыстық тұрақтандыру қорынан әлеуметтік дүкендерге деп бөлініп жатқан миллиондаған қаржының қалай жұмсалып жатқаны көпшілікті ойландыратыны анық. Осы ретте өткен аптаның сенбісінде түстен кейінгі 15-00 мен 18-00 аралығында қалада орналасқан бірқатар дүкендерді аралап көрдік.

Қорқыт Ата мен Торайғыров көшесі қиылысындағы әлеуметтік дүкенге бас сұқтық. Сатушы бар, сатып алушы көрінбейді. Бөлікке бөлінген сөрелерде көкөністер көрінеді. Қатарында сап-сары боп үйітілген сиыр сирағы да тұр.

— Ой, сіздерге сирақ та түскен бе – деп қоямыз.

— Шеке де бар.

— Шекесі несі, “Байқоңыр” СПК сирақ, шеке де әкеледі ме?

— Жоқ, өзіміздікі. Арасында жұрт сұрайтын болғаннан соң әкеліп қойғанбыз.

Жұрт қажеті үшін болса, жөн екен.

Мұздатқышта мұздап үлгермеген ет келісі 1600 теңгеден екен. Бағасының “арықтығынан” болса керек ет те тым арық екен.

— Қанша ет келді? – деп, сатушыдан сұрап қоймаймыз.

— 20-25 келіден келеді ғой.

— Алушылар көп пе?

— Біздің дүкенге келушілер көп. Шанхай, Коммунизм бәрі келеді ғой.

— Қазір адам көрінбейді ғой.

— Арасында осылай да болады.

Келесі кезекте Жұмабаев көшесіндегі дүкенге келдік. Мұнда да зат жоқ емес, бар. Әлгіндей ет те бар. Сатушыға “ет күніне қанша келеді” деп сұрап едік, “ол сізге неге керек” деп, өзімізге дүрсе қоя берді.

Білгіміз келетінін айтқанымызбен “секрет, айта алмаймын” деді… Түсінбедік.

Айналдырған екі дүкенге кіріп шыққанда түсініксіз сауалдар қатары көбейе түсті. Шектеулі бағамен азық-түлік сататын әлеуметтік дүкендерде сөрелерді толтырып тұрған бөтен заттар баршылық. Мұндағы тауар – ақша айналымына бақылау болатын кассалық аппараттар жоқ.

Бейбітшілік, Лапина көшесіндегі дүкен алдында 5-6 адамнан кезек қалыптасыпты. Дүкен іші толы зат. Жұрт керегін алып жатыр. Сатып алушылардың бірі арзан бағаменен көкөніс алғанына ризашылығын білдіріп қояды. Енді бір дүкенде сатушы сатқан заты мен алған ақшасын журналға тізіп тұр. Журналдың ашылғанына біраз болғанға ұқсайды.

Титовта біраз айналып, дүкенді бұрынғы орнынан таба алмадық. Сол жердегі жұрттан сұрастырып едік “Титовта өзі әлеуметтік дүкен бар ма?” деп өзімізге қарсы сұрақ қойды.

Келесі кезекте ескі базар жанындағы “Ет kz” дүкеніне келдік. Бұл маңайға екі дүкен орналасқан. Бірі бірыңғай ет, екіншісі басқаларына ұқсас шектеулі азық-түліктің бәрін сатады.

Алдымен “Ет kz”-ке бардық. Есігі жабық. Бірақ, сатушысы алысқа кетпеген сияқты. Күтуге тура келді. Бір мезетте есік ашылып, ішінен бір-екі адам шықты.

Мұндағы еттің сапасын есіктің шыны терезесінен көріп-ақ тамсанғанбыз. Қуанып та қалдық. Бұл дүкендерде мұндай әдемі ет болып жатса, қанекей деп қоямыз.

Жылқының семіз қазылық етінің бағасын сұрадық.

— 2000 теңге.

— 1600-ден емес пе?

— Ол мына ет.

Етті көріп бір түрлі болып қалдық.

— Қазылық ет те сондай баға ма де едік қой.

— Жоқ, бұл дүкен қожайынының өз еті. Алдында 2300-ден сатқанбыз. Қазір 2000-нан.

— Ет “Байқоңыр” СПК-дан келмейді ме?

— Жоқ, қожайынның өз қасапшысы бар. Жалпы бұл дүкен жеке кәсіпкердікі.

— Бәсе, өнім түрі бөлек.

Тағы да сұрақ туындады. Жалпы қаладағы әлеуметтік дүкендердің иесі кім? Сөредегі заттардың ше? Сатушы кімнің адамы? Дүкендердегі заттар неге біркелкі емес? Арасында қаптағы “Элита” күрішін де, қымбат ұнды да көз шалып қалады.

“Универсам” ықшам ауданындағы дүкенге келсек, бір жағында бір адам ет шауып жүр. Шектеулі өнімдерді сатып жас бала отыр.

Ет түрі көп дүкендердегіден әлдеқайда жақсы. Тіпті 300 теңгеден талақ та тұр. Сатушыдан – талақ сатасыз ба? – деп сұрап қоям.

— Малда не бар, бәрін сатамын. Тұтас келген малдың ішек-қарнын өзім тазартып, оны да сатамын. Қазалының, өзіміздің Қазалының еті, алыңыз – деп қояды.

— Ет “Байқоңыр” СПК-дан әкелінбейді ме?

— Қазалыдан Мінәжадин 4-5 сиыр әкеледі.

— Сосын екен ғой, әйтеуір көп дүкендерге қарағанда сіздің еттің ажары бөлек.

— Көп дүкендерге осы жерден бөліп жібереміз.

— Сонда қаншадан?

— Ол жағын айта алмаймын.

Әңгімеге ет шабушы адам араласты.

— 20-25 келіден ғой.

— Сенен сұраған кім бар? Тыныш отыр – деп сатушы ет шабушыны тиып тастады.

Шығып алып “Одеждадағы” дүкенге келсек зат түсіріп жатыр екен. Алдындағы кей дүкендерде сәбіз жоқтығы байқалған еді. Қап-қап болып сәбіз келіпті. Бір келіншек “Қаппен аласыз ба? Келіңіз” – деп қояды.

— Қаппен алуға болады ма? – деп қарсы сұрақ қойғанымызда ойланып қалды.

— Қаппен алуға болады ма?

Жауап жоқ.

— Ет бар ма?

— Ертең келеді.

Келесі бағыт “Құлагердегі” дүкен. Қай кездегідей адам жоқ. Зат жоқ емес, бар. Бірақ, ет келмепті.

Тағы да сансыз сұрақтар мазалайды. Көп сұрақтың жауабын білу үшін “Байқоңыр” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқарма басшысы Т.Кенжебаевпен арадағы сұхбат алдағы уақытта жарияланады.

С.Мыңжасарқызы

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *