QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

КОНДОНИМИУМ ОБЪЕКТІЛЕРІНІҢ БАСҚАРУ ЖҮЙЕЛЕРІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР СӨЗ БОЛДЫ

ByQAA.kz

Ақп 19, 2021

Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабайұлының қатысуымен жиын өтті. Онда ҚР тұрғын үй қатынастары туралы заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес көп қабатты тұрғын үйлердегі кондоминиум объектілерінің басқару жүйелеріндегі өзгерістер туралы сөз қозғалды.

Жалпы, 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлер иесіз қалмау мақсатында Қызылорда қаласында 3 жәй серіктестік құрылған. Бүгінге дейін қала әкімдігі тарапынан Сырдария м/а, Универсам ы/а, Шұғыла м/а, Тасбөгет кентінде орналасқан көппәтерлі үйлердің тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Дегенмен мұндай шараларға тұрғындар тарапынан немқұрайлылық басым.

Негізінен қала аумағында 815 көпқабатты тұрғын үй бар болса, оның 684-і көпқабатты тұрғын үйлерге 17 басқару органы күтіп-ұстау қызметімен айналысады.

Кондоминиум объектілерін басқарудың жаңа нысаны – 2019 жылдың 26 желтоқсанында ҚР Парламенті мүлік иелерінің бірлестіктерін қалыптастыруды көздейтін «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шарушылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша түзетулер қабылданған болатын. Өзгерістерге сәйкес пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару, оны күтіп ұстауды қаржыландыру және кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін басқару нысандарының бірін таңдауға міндетті. Яғни, олар «Мүліктің меншік иелері бірлестігі» және «Жай серіктестіктер» болып табылады.

Біржан Далабайұлы: «Мұндағы мүліктің меншік иелері бірлестігі дегеніміз – бір үйдің пәтерлері мен тұрғын емес үй-жайларының иелері құрған заңды тұлға. Соған сәйкес заңды тұлға ретінде жарғы бекітіліп, Әділет органдарына тіркелетін болады. Ал, жай серіктестіктер дегеніміз – барлық ортақ меншік иелерінің азаматтық-құқықтық шарт негізінде үйді бірлесіп басқаруы және күтіп ұстауы. Бұған ешқандай да тіркеу, жарғы қажет емес. Үй тұрғындары пәтер иелері берген сенімхат негізінде әрекет ететін сенімді адамды таңдай алады. Бұл заңды тұлға болып табылмайды. Бұл жергілікті атқарушы органдардың арнайы есебіне алынатын болады. Бұл дегеніміз заң күшіне енген күннен бастап, бір жыл ішінде көп пәтерлі тұрғын үй иелері жиналыс өткізуі шарт. Ол жиналысқа кемінде тұрғындардың 51%-ы қатысуы керек. Яғни, тұрғын үйде 100 пәтер болса, аталған жиналысқа 51 пәтер иесі қатысуы тиіс, сондай-ақ, қабылданған шешімді 26 меншік иесі қолдау керек. Жиналыста басқару формасы анықталады. Қабылданған шешімдер хаттамамен бекітіледі. Басқару формасы таңдағаннан кейін үй кеңесі, ревизиялық комиссия, бірлестік төрағасы сайланады. Сонымен бірге, тұрғын үйлерді кұтіп ұстау үшін ағымдағы және күрделі жөндеуге арналған есеп шоттар 2-деңгейлі банктерде ашылатын болады» , ̶ деді.

Негізінен, мүліктің меншік иелері бірлестігін әділет органдарына тіркеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш, жиналыстың хаттамасы, меншік иелері бірлестігінің жарғысын және заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін бюджетке алымның төленгенін растайтын түбіртекті тапсыру жеткілікті.

Жалпы, меншік иелері бірлестігі мен қазіргі пәтер иелері кооперативінің арасында едәуір айырмашылық бар. Мәселен пәтер иелері кооперативі бірнеше тұрғын үйді басқарса, ал меншік иелері бірлестігі құрамында әрбір үйдің басқару мекемесі болады. Сонымен қатар, ПИК-те бірнеше үйге бір ғана есепшот болса, МИБ-те әрбір үйге жеке есепшот ашылады.

Аружан ЕРАЛЫ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған