1 сәуірден бастап аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматы күшіне енді. Жәрдемақыдан үміттенген жұртшылық жұмыспен қамту, халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылып жатыр. Алайда, атаулы көмектің кез келгенге бұйыра бермейтіні тағы бар. Көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап алу үшін «Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Гүлмира Рахметовамен әңгімелескен едік.
— Гүлмира Шамсутдинқызы, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берушілер өте көп. Қандай да бір қиындықтар бар ма?
— Иә,1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізгісі келетін тұрғындар қатары күн санап артуда. Алғашқы күндері 1 сәуір мен 2 сәуір күндері атаулы әлеуметтік көмекке 450 отбасының құжаты қабылданды. Өтініш берушілердің көп болуына байланысты үзіліссіз қызмет көрсетіп келеміз. Жалпы алғанда қазіргі таңда оңтайлы енгізілген өзгерістерді түсіндіріп, өтінішті, құжатты қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Кейбір тұрғындар бір нәрсені бірнеше мәрте кеп сұрап жатады. Барлығына толық ақпарат беріп жатырмыз. Кейбіреулерінің құжаты толық емес, қайтадан толықтырып жатыр. Бүгінде 4 мыңға жуық адамның құжаты қабылданды.
— Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қалай есептеледі?
— Ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін 50 пайыздан 70 пайызға (14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін) көтеріп, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар балалы отбасыларды адрестік қолдау үшін көпбалалы отбасындағы 18 жасқа дейінгі әрбір балаға 20789 теңге көлемінде көмек берілетін болды. 2019 жылдың 1-ші тоқсанында қала бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алған 4 және одан да көпбалалы отбасы саны-1222, бұл көсеткіш алдағы уақытта жоғарылайды деп күтілуде. Себебі бұрын табыс көзі асып кету салдарынан ала алмай жүрген біраз отбасының аталған көмекті алуына мүмкіндік болады. Жәрдемақыны төлейтін кезде ескерілетін нәрсенің бірі отбасының жиынтық табысы. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері әрбір отбасыға әртүрлі. Қалай есептеледі? Балалар үшін бөлек, ата-аналарға атаулы әлеуметтік көмек өзгеше есептеледі. Ол үшін барлық табыс көзі тексеріледі.Ең төменгі күнкөріс деңгейінің (26 915 теңге) 70%-ы немесе 20 789 теңге әрбір балаға беріледі. Ал, ересек мүшелеріне отбасындағы жан басына шаққандағы табысынан есептеледі.
— Халықты әлеуметтік қамтуға бағытталған заң күшіне еніп, өтініш қабылдау басталғалы бері азаматтар арасында бір ғана куәлік керек деп еді. Халық арасында қаптаған құжат сұрап жатыр деген шағымдар бар…
— Бір құжатпен де келіп тапсыруға болады. Ол кезде біз мекемелерге сұраныс беріп, хат жолдаймыз. Ол қаншама уақытты алады. Ол мекеме мәліметті дайындап жібергенше бір ай жұмыс күні ішінде жауап келеді. Кім ұзақ күткісі келеді? Сол себепті, тұрғындардан дайын құжатты сұратып отырмыз. Дайын құжат бар болса, бірден алып қаламыз. Өтініш берушілер бір емес бірнеше құжат өткізу керек. Өйткені, кейбір ата-аналар жайлы дерек орталық базада жоқ. Ең бірінші ата-ананың жеке куәлігі, баланың туу туралы куәлігі, неке қию туралы куәлік, жұмыс істейтін азаматтың қаңтар, ақпан, наурыз айларының айлық табысы туралы құжаттарды сұраймыз.
— Үйдің кірісіне есептелетін зейнетақы, малдан басқа үйдегі теледидар, тоңазытқышта т.б дүние-мүлікті тексереді деген әңгіме халық арасында жиі айтылып жүр. Бұл жөнінде не айтасыз? Комиссия нені тексереді?
— Құжат толығымен қабылданғаннан кейін комиссияға тексеруге жолдаймыз. Комиссия құрамында мектеп психологы, медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер т.б бар. Әрбір үйге 4 комиссия барады. Ең бірінші берген құжаттардың растығын тексереді. Одан кейін шынымен тұрмысы төмен бе деген мәселе қаралады. Олар әлеуметтік жағдайын, айтылған мәліметтің қаншалықты рас-өтірік екенін анықтайды. Қазір табысын жасырып қалу үшін түрлі әрекеттерге баратындарды кездестіріп жатамыз. Ондайлардың құжаттары кері қайтарылады. Комиссияны ешкім алдай алмайды. Қорасындағы малын да жасыра алмайды.Үйіндегі әрбір мүліктің бағасы мен сапасы, ішіп-жеп отырған тамағына дейін комиссия тексереді деген өтірік. Мал саны есепке алынады. Үйдегі теледидар т.б дүние мүлік есепке алынбайды. Кейбір тұрғындар осы пәтерді жалдап тұрып жатырмын деп мекенжайды айтады, кейін комиссия барса ол үйде мүлдем басқа адамдар тұрады. Мұндай жағдайлар да орын алып жатыр. Әлеуметтік көмек шын мұқтаж жандарға ғана төленеді.
— Міндетті түрде тұрақты тіркеуде тұру керек пе, әлде уақытша тіркеу бола ма және жәрдемақыны есептеген кезде бірге тұратын туыстардың барлық табыстары есепке алынады ма?
— Міндетті түрде тұрғылықты мекенжай бойынша тұрақты тіркелу қажет. Кейрбіреулер аудандарда тұрақты тіркеуде, ал қалада уақытша тіркеуде тұрады. Біз ондай өтініш берушілерді қабылдамаймыз. Мәселен, тұрақты тіркеуде Қармақшыда болса, құжаттар Қармақшыда қабылданады. Неке және отбасы деген заңға сәйкес бір әкеден, бір анадан туған азаматтар бір үйде тұрса олардың табыстары есептеледі. Сондай-ақ, ата-енесімен тұратын отбасылардағы ата-енесінің зейнетақысы кіріс көзіне кіреді. Ал егер ата-енесінен бөлек тұрса, онда ата-енесінің зейнетақысы сол отбасының кіріс көзіне кірмейді.
— Көп балалы отбасыларды қолдау бойынша тағы қандай шаралар бар?
— Қала халқының өмір сүру деңгейін көтеруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында демеуші мекемелердің қолдауымен көптеген шаралар өткізілуде. Қазақстан Республикасының «Қайырымдылық туралы» Заңын іске асыру мақсатында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен 2018 жыл бойы ұйымдастырылған қайырымдылық акциялары аясында 3662 отбасына барлығы 42, 7 млн. теңгеге көмектер көрсетілсе, ағымдағы жылы 22 ақпанда өткізілген «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы аясында 1 600 тұрмысы төмен, көпбалалы отбасына 26 млн. теңгенің азық-түліктей көмек көрсетілді.Сонымен қатар, 22 наурыз күні бұл шара өз жалғасын тауып 165 отбасыға 2,5 млн. теңгенің азық-түлік көмегі көрсетілді.
Сондай-ақ, 2018 жылы қаладағы «Айтбек», «Фристайл» сауда үйлерінде киім-кешек жинауға арналып қойылған 2 контейнерден жинақталған заттар «Ел арай» қоры жанынан ашылған әлеуметтік дүкен арқылы 600 тұрмысы төмен отбасына таратылып берілсе, биылғы жыл басынан бері 450 отбасына 3750,0 мың теңгеге азық-түліктей көмек көрсетіліп, 100 отбасына 1800,0 мың теңгеге көмір түсіріліп берілді.
Облыстық басқарма тарапынан 2018 жылы «Сыр мейірімі» қоғамдық қоры арқылы қала бойынша 3 шағын ауданда, яғни Тасбөгет кентінде «Арман» мейрамханасында, Шанхай мөлтек ауданындағы «Бақыт» кафесінде, Титов мөлтек ауданындағы «Болашақ» кафелерінде 225 тұрмысы төмен отбасына 38,0 млн.теңгеге ыстық тамақпен тұрақты түрде қамтамасыз етілді.
— Редакцияға қоңырау шалып алимент жөнінде сұрап жатады. Мәселен, таяуда қала тұрғыны атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш жазуға барса, мамандар «міндетті түрде ол кісіден алиментті өндіріп алуың керек» деп және «алимент алмайды» деген құжат сұратты деп хабарласқан еді. Баланың әкесі алимент төлеуден бас тартса, не істеу керек?
— Алимент алмайтын азаматтар алимент алушы ретінде тіркелмеген деген анықтама алып келеді. Ол құжат жарамайды. Ондай жағдайда міндетті түрде сотқа жүгіну керек. Алиментті өндіріп алу үшін міндетті түрде сотқа барып, өтініш қалдыру керек. Содан бастап ол кісіге қарыз ретінде есептеле бастайды. Соттан бұйрық шыққаннан кейін бұйрықты алып, сот орындаушыларға апарады. Сот орындаушылар тіркеп, «Қарызы жөніндегі анықтаманы» алып келсе, соның өзі жеткілікті. Егер әке балаға алиментті төлейтін болса, табыс көзі ретінде есептеледі. Ол құжатты сот орындаушылары беруі керек. Алатын болса, 3 айдағы суммасы көрсетіледі. Алмайтын болса, өтініш берілген бірақ алмайды деген құжат керек.
— Әлеуметтік көмекке байланысты түрғындар тағы нені білуі тиіс?
— 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында отбасының жан басына шаққандағы кірістерін есептегенде арнайы мемлекеттік жәрдемақы, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» үшін берілетін жәрдемақы, балаларға арналған мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы, шәкіртақы кіріс көзіне кірмейді. Аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақы 18 жасқа дейін төленеді, егер бала оқитын болса, төлеу мерзімі 23 жасқа дейін жалғасады.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан А.ОМАШ