QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Үкіметтің бұл келісі — қараша халықтың қамына болысу

Автор:QAA.kz

Апр 12, 2019

Әлеуметтік бағдар мемлекетіміздің әу бастан ұстанған саясаты болса-дағы атқару­шы биліктің, қараша халықтың қамына болысу қарекеті тап бүгінгідей белсенді көрінген емес десек те артық айтқандық бол­мас. «Ел игілігіне» деп атқарылатын жұмыстар жалпы сипатында «өздігінен» атқарыла беретін, солай болу тиіс шаралар сияқтанатын. Қалай дегенде де бүгінгі күннің ұраны да ұлы ісі «әлеуметтік қолдау» болып тұр. Сейсенбіде Елордадан Қызылордаға ат терлетіп жеткен Үкіметтік делегация да осы жұмыспен келіпті.

Нақты айтқанда Үкіметтен жіберіл­ген жұмыс тобы Елбасының «Әлеумет­тік қам­қорлық» жаңа әлеуметтік шара­лардың негіз­гі бағыттарын ел ішінде түсіндіруді алға қойыпты. Үкімет бас­шысының орынбасары Гүлшара Әбді­қалықова бастап келген жұмыс тобы­ның құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапар­баев, Білім және Ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі­нің орынбасары Ләззат Ақтаева, Құрылыс және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы коми­тетінің төрағасы Мархабат Жайым­бетов бар. Сапар барысында Үкіметтік делегация «Баламекен» жобасы жүзеге асырылатын құры­лыс аумағында бол­ды. Облыс орталы­ғын­дағы «Достық үйінде» көпбалалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерімен, әйелдер кеңесінің төрайымдары, Үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мәсли­хат депутаттары, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала қызметкер­лерінің қатысуымен мәжіліс құрды. Сондай-ақ, бизнес құрылымдары, кәсіподақ ұйымдары басшыларымен кеңес өткізді. Әлеуметтік қолдау, Білім, Ден­саулық сақтау салаларының жұмысымен танысу мақсатында бірнешелеген нысан­дарда болды. Үкімет басшысының орынба­сары Г.Әбдіқалықова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапар­баев көпбалалы отбасында болып жағдайымен танысты. Г.Әбді­қалы­қова бірқатар азамат­тармен жеке қабылдау жүргізіп, мұң-мұқтажын назарға алды. Сапар мақсатына орай негізгі шара «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларды түсіндіру бойынша жиын «Достық үйінде» болып өтті.

Жиында сала басшылары әлеумет игілігіне алда атқарылмақ шаралар жөнінде баяндады. Облыс әкімі Қырымбек Көшер­баев сөз алып аймақта әлеумет ахуалын ілгерілету бағытында атқарылған, алдағы межелі жұмыстар жайын баяндады.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының ХҮІІІ съезінде үлкен стратегиялық мақсаттар қойып алдағы он жылдың Қазақстанның бәсекеге қабі­летті отыз елдің қатарына енетін шешуші кезең екенін айқындап берді. Елбасы кез-келген мемлекетте даму деңгейі бірінші кезекте адамдардың өмір сүру сапасымен өлшенеді деп тұжырымдады. Тәуелсіз еліміз Тұңғыш Президен­тіміздің бас­тамасымен дамудың даңғыл жолына түскен сәттен бастап-ақ әлеуметтік бағдарланған қоғам құруды алдына мақсат етуде. Бүгінгі күні Қызылорда облысында 800 мыңға жуық тұрғын болса оның әрбірінің тұрмыс жағдайының жақсы деңгейде болуы, пақуаттылығы біз үшін аса маңызды. Сондықтан табысы төмен азаматтардың әсіресе көпбалалы, мүм­кіндігі шектеулі, жалғыз­басты аналардың әл-ауқатын арттыру, білім беру, ден­саулық сақтау салаларын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік бастамаларды Елбасы жай­дан-жай ұсынған жоқ. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың басты мақсаты Елбасы ұсынған басым бағыттарды кезең-кезеңімен, тыңғы­лықты орындау. Осыған орай бүгін айма­ғымызға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова басқарған Үкіметтің делегациясы арнайы келіп отыр, — деп облыс әкімі делегация құрамымен таныстырып өтті.

Үкіметтік делегацияға басшылық жасап келген Гүлшара Әбдіқалықова да әлеуметтік саланы қолдау мемлекетімізде үздіксіз жүргізіліп келе жатқандығын атап өтті. Республикалық делегация бұған дейін 7 аймақта болып түсіндірме жұмысын жүргізген екен.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Г.Әбдіқалықова:

— Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Nur Otan» партиясының ХҮІІІ съезінде үлкен әлеуметтік шараларға бастау беріп, ол бойынша жұмыстар қолға алынуда. Жүзеге асырылатын іс-шараларды халыққа түсіндіру жұмыс тобының негізгі мақсаты. Тәуелсіздік жылдары елімізде әлеуметтік салаға басымдылық берілді. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамтамасыз ету салаларында кезең-кезеңімен реформалар жүргізіліп, нарықтық экономикаға сай жаңа әлеуметтік жүйе құрылды.

Жаңа бағдарламаның мақсаты аз қамтылған, көмекті қажет ететін отбасыларына қолдау көрсету. Елбасы біздің геосаясаттағы, жалпы экономикадағы жетістіктеріміз әрбір адамның жетістігімен байланысты болса, сонда ғана біз отыз дамыған елдің қатарына қосылатынымыз жөнінде айтты.

Қазіргі жасалып жатқан әлеуметтік іс-шаралар бірнеше бағытта жүргізілетін болады. Атап айтқанда:

— аз қамтылған, әлеуметтік қолдауды аса қажет ететін отбасыларына әлеуметтік көмек көрсету;

— облыстық, аудандық, ауылдық елді мекендерде халықпен тікелей қарым-қатынас жасайтын бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін табысы төмен қызметкерлердің жалақысын көтеру;

— баспанамен қамтамасыз ету жөнінде елімізде үлкен жобалар қолға алынуда. 3 жылдың ішінде 40 мыңнан астам арендалық үйлер берілетін болады. Осы ретте бизнес өкіл­дері, жұмыс берушілер аз қамтылған көпбалалы отбасыларына үй беру жөнінде бастама көтеруде. Осы жұмысты да алға бастыруымыз керек;

— сондай-ақ, медициналық қызметтің, білім берудің сапасын арттыру жұмыстары жүргізі­леді. Мысалы, бізде қазір де Назарбаев зияткерлік мектептері, дарын мектептері бар. Дегенмен, елімізде 7 мыңнан астам мектептер­дің бәрін жаңа стандартқа көшіруіміз керек;

— өңірлерді дамыту да басым бағыттардың бірі. Айталық, Қызылорда облысында кейінгі 4-5 жылдың көлемінде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмысының өзі халықтың әл-ауқатын қалай көтеріп тастағанын білеміз. Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұрын Қызылорда қаласының өзінде ауыз су мәселесі өте қиын болатын. Қазір толығымен таза сумен қамтамасыз етілген. Жақын уақытта облыс толық дерлік көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.

Елбасы «Ауыл — құтты мекен», «Ауыл — ел бесігі» деген бағдарламаларға жол ашты. Бұл бойынша жыл сайын 30 млрд. теңге қаражат 1500-1700 болашағы бар ауылдарға бөлінетін болады. Облыста осы бағытта да жұмыстар жүргізіледі.

Осы жұмыстарды жүзеге асыруға алдағы 3 жылға барлығы 2,3 трлн. теңге бөлініп отыр. Бұл ауқымды қаражат халықтың игілігі үшін, тұрмыс деңгейін көтеру үшін бағытталатын болады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрі Бердібек Сапарбаев:

— Қызылордада жасалып жатқан жұмыс­тарды көріп қуандық. Қайда жүрсек те Қызылордаға тілектеспіз. Қызылорданың дамығанына, халқының жағдайының жақсар­ғанына қуанамыз — деп лебіз білдіріп өтті сөз басында әлеуметтік сала министрі.

— Елбасы, мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталғанының дәлелі. Әлемде қанша дағдарыстар, күйзелістер болып жатқанмен Қазақстан өзінің әлеуметтік саясатынан айныған жоқ. Соңғы жеті жылдың өзінде елімізде бюджеттік мекеме қызметкер­лерінің жалақысы 4 мәрте, яғни 2,5 есеге өсті. «Nur Otan» партиясының съезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке, жергілікті атқарушы билікке халықтың жағдайын одан әрі жақсарту шараларын жүзеге асыру жөнінде және халыққа түсіндіру жөнінде тапсырма берген болатын.

Елбасы тапсырмасына сәйкес 1 маусымнан бастап білім, денсаулық сақтау, мәдениет, өнер, спорт, әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 15 пайыздан 30 пайызға дейін көбейтіледі. Біздің болжамымыз бойынша бұл шара ең кем дегенде 1 млн. 100 мыңға жуық қазақстандық­тарды қамтиды. Бұған қосымша бюджеттік мекемелерде істейтін (мысалы, сантехник, ұста, электрик т.б.) жұмыскерлердің жалақысы 30 пайызға көбейтіледі. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктерде, халықпен жұмыс істейтін қызметкерлердің де жалақылары 25 пайызға көбейтіледі. Бұл шарамен де кем дегенде 78 мың қазақстандық қамтамасыз етіледі деп болжамдап отырмыз. Қазіргі таңда тиісті құжаттар дайындалуда. Ең бастысы қаржымен толығымен қамтамасыз етілген.

Аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отба­сыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың талаптарының өзгеруіне байланысты айтсақ. Өздеріңізге белгілі, бұл қаражат өткен жылы 40 пайызға, биылдан бастап 50 пайызға көтерілген. 1 сәуірден бастап 70 пайызға көтерілетін болады. Бұрын әрбір отбасы мүшесіне 14849 теңге бөлінетін болса, қазір 20789 теңгеге дейін көбейтіледі. Біздің болжамымыз бойынша бұл шарамен кемінде 830 мың қазақстандық қамтылады. Оның 63 мыңнан астамы қызылордалықтар. Бұл қаражат әрбір 18 жасқа дейін балаларға, егер отбасында студент болса 23 жасқа толғанға дейін төленеді. Әкесі мен шешесіне жәрдемақы бұрынғы тәсілмен, яғни күнкөріс деңгейімен отбасының табысына сәйкес төленеді. Кейінгі кездері халық тарапынан отбасылардың табысын есептегенде жәрдемақылары есептелуіне байланысты көптеген арыз-шағымдар, талаптар түсуде. Осыны ескере келіп, 1 сәуірден бастап көпбалалы отбасы­лардың алатын жәрдемақысы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері алатын жәрдемақы, мүгедек балаларға алатын жәрдемақы, стипендия отбасының табысы ретінде есептелмейді.

Сонымен қатар халықты әуре-сарсаңға салмай жағдайын жасау маңызды. Біздің Министрлікте «E-Halyk» деген электрондық жүйе жұмыс жасайды. Жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтары әкімдіктермен бірігіп тиісті құжаттарды, мәліметтерді басқа мемлекеттік органдардан алады. Яғни, «E-Halyk» жүйесі арқылы мемлекеттік органдармен электрондық байланыс нәтижесінде халыққа ауыртпалық түсірмей тиісті құжаттарды өзіміз жинайтын боламыз.

«Nur Otan» партиясының съезінде Елбасы әлеуметтік көмек ең бірінші мұқтаж жанұяларға төленуі керек деген болатын. Осыған байла­нысты біз жергілікті билік өкілдерімен бірге әрбір отбасының тұрмысын зерттейміз, соған орай көмек көрсетіледі.

Жалпы біз бүкіл Қазақстан бойынша әрбір отбасының жағдайын білуіміз керек. Соған орай тиісті көмек көрсетеміз.

Отбасы бюджетіне нақты қанша қаражат түседі дегенді түсіндіру үшін айталық. Мысалы, 4 баласы бар жұмыссыз жалғызбасты ананың отбасының осы уақытқа дейінгі алып келген жәрдемақысы 63 мың 740 теңге болса, жаңа өзгерістерге байланысты 1 сәуірден бастап балаларына 103 мың 945 теңге алатын болады. Оған қосымша ананың өзінің жұмыссыздығына байланысты алатын жәрдемақысы бар. Яғни, осы уақытқа дейін алып келген жәрдемақысы сақталады. Нақты айтқанда бұл отбасының алатын жәрдемақысы 114 мың теңге болады.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың жәрдемақысы да көбейтіледі. Бұл жәрдемақы 1 маусымнан бастап 10 мың теңгеге көбейеді. Бұл шарамен шамасы 100 мыңға жуық бала қамтылады. Ең басты мәселе, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларын жұмыспен қамту. Мұны Елбасы талайдан айтып жүр. Қазіргі кезде елімізде көптеген бағдарламалар жұмыс жасауда. Кәсіп жасаймын дегендерге грант, жеңілдетілген несиелер беріледі. Грант мөлшері 505 мың теңге. Жастарға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға көмектесу үшін грант саны 10 мыңға дейін көбейтілуде. Сондай-ақ, жеңілдетілген несие көлемі көбейтіледі. 500 мың теңгеден 6,5 млн. теңгеге дейін. Егер үлкен жоба болса 21 млн. теңгеге дейін өсіруге болады.

Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі балала­рын қарап үйінде отырған аналарға кәсіп ашуға көмектесу шарасы жасалады. Жергілікті билік, бизнес өкілдерінің демеушілігімен мысалы, тігін тігетін, ас пісіретін құралдар алып беріп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасау керек. Осы жұмысты жүйеге келтіру үшін жергілікті билікпен келісе отырып бірыңғай пакет жасадық.

Кәсіпорындардың, шаруашылықтардың, кәсіпкерлердің қолдауларын пайдалануымыз керек. Осы мәселе жөнінде Үкіметте өткен Мәжілісте Қызылорда облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар басқа өңірлерге үлгі ретінде айтылды. Жаңа біз Жезқазған трассасы бойында салынып жатқан үйлерді көрдік. Бұл құрылысқа жерлесіміз тек Қызылордаға ғана емес, басқа өңірлерге де көмегін тигізіп жүрген Болат Өтемұратов демеушілік жасауда. Құрылыс жұмысына Өтемұратов қорынан 450 млн., жергілікті бюджеттен 225 млн. теңге қаражат бөлінді. Егер басқа облыстарда салынатын үйлердің 1 шаршы метрі 160-180 мың теңге болса, Қызылорда облысында 70 мың теңге. Бұған құрылысшылардың да үлесі бар. Сондай-ақ, арзандатылған құрылыс материалдары пайдаланылады.

Осы орайда Қырымбек Елеуұлы, құрылыс­шыларға: «Сіздер бұл құрылыстан пайда табуды ойламаңыздар. Пайдаларыңыз мұқтаж адамдарға жасаған көмектеріңіз» дегенін жеткізді. Біз бұл жұмысты әрі қарай да жалғас­тырамыз. Ең негізгісі барлығымыз бірігіп жұмыс жасайық. Билік пен қоғам бірігіп жұмыс істесе, қоғам мүшелері барлық мүмкіндікті пайдаланса нәтижеге жетеміз, — дей келе Б.Сапарбаев:

— Қызылорда облысына тарихи күні келіп отырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдарынан хабардар болғандарыңыздай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы дүние­жүзінде болып жатқан жағдайларды ескере келе, еліміздің әрі қарай дамуын, тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Елбасымен ақылдасып 9 маусымда кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жариялады. Біз осы саяси шарада қызылордалықтар әр уақыттағыдай бірлігін көрсетеді деп ойлаймыз. Қызылордалықтар әр уақытта мемлекеттің саясатын қолдайды деп сенім білдіреміз, — деп алдағы саяси науқанның алғы шарты сайлауалды насихаттан да хабар беріп қойды.

Келесі кезекте жиын мінберінен сөз алған Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрі Күләш Шәмшидинованың да әлеумет әл-ауқатының негізгі көрсеткішінің бірі — білім саласына қатысты айтары аз болмады. Егемендік жылдары ең көп реформаланған саланың бірі білім саласындағы «реттеу шаралары» әлі де үздіксіз жүріп жатқаны белгілі. «Жаңа мазмұндағы білім жүйесіне» жаңа министрдің де   «қосып-алары» қазірден-ақ белгілі болған.

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрі Күләш Шәмшидинова:

— Білім саласының бірқатар қызметкер­лерінің жалақысы дифференциалды түрде 30 пайызға дейін көбейтілді. Бұл ретте ең алдымен техникалық қызметкерлердің жалақылары қарастырылады. Ұстаздардың жалақылары 2008 жылдан бері бірнеше рет көтерілді. 2009 жылы 25 пайыз, 2010 жылы 25 пайыз, 2011 жылы 30 пайыз, 2014 жылы 10 пайыз, 2016 жылы 19 пайыз көбейді. Ал 2018 жылы ұстаз­дардың жалақысы кәсіптік шеберлік деңгейіне байланысты қарастырылды. Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша сабақ беретін ұстаздардың 70 пайыздан астамы бүгінде 30 пайыз үстемақы алады. Квалификациялық тестіден өткен 60 мыңдай мұғалімнің 30 пайыздан 50 пайызға дейін жалақылары көбейтілді. Қазіргі таңда мұғалімдер квалифи­кациялық тестіден өтіп жалақыларын көтеру жөнінде өтініштерін беріп жатыр, бұл жұмыс одан әрі жалғастырылатын болады.

Біздің мемлекетіміз балаларға зор қолдау жасап келеді. Мен тек 2 цифрды ғана келтірейін. Аз қамтылған отбасылардағы балаларға көмек көрсету бағдарламасы. Осы бағдарламаға 2016 жылы 10 млрд. теңге бөлінсе, 3 жылдың ішінде бұл қаражат 16 млрд. 579 млн. теңгеге жетті. Қызылорда облысы бойынша 1 млрд. 373 млн. теңге. Сондай-ақ «Мектепке жол» бағдарла­масымен республика бойынша 817 млн. теңгеге, Қызылорда облысы бойынша 150,9 млн. теңгеге көмек көрсетілген. Осы тұста тағы бір атап өтерлігі, бизнестің есебінен 2 млрд. теңгеден астам қаражатқа балаларға көмек көрсетілді. Мектептердің инфрақұрылымын дамыту бойынша алда тұрған 3 міндет бар. Біріншіден, апаттық жағдайдағы мектептер мәселесін шешу, екіншіден, үш аусымдық мектептердің жағдайын жеңілдету. Үшіншіден, орын жетіспеушілігіне байланысты жаңа мектептер салу. Осыған байланысты 2019-2021 жылдар аралығында елімізде 190 мектеп салынады. Оның екеуі Қызылорда облысында салынып жатыр, биылғы жылы іске қосылуы керек. Тағы бір мәселе, «Мектептегі тұлға — ұстаз» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мектептегі білімнің сапасы ұстаздардың біліктілігіне байланысты. Алдағы 3 жылда 144 мыңнан аса ұстаздар қайта даярлау курстарынан өтетін болады. Қазіргі таңда ата-анаға да, ұстазға да, оқушыға да ең қажетті психологиялық көмек. Осыған байланысты мектеп пен ата-ананы байланыстыратын 82 мың класс жетекшілері мен мектеп психологтары алдағы үш жылда (биылдан бастап) қайта даярлау курстарынан өтеді. Сондай-ақ, педагогикалық университет­тердегі мұғалімдерді дайындайтын мамандар­дың біліктілігін көтеруге байланысты 2400 жоғарғы оқу орындарының ұстаздары қайта даярлау курстарынан өтеді. 15 мыңнан астам колледж ұстаздары да қайта даярлау курста­рынан өтеді. Себебі, қандай маман да оқуды бітіргеннен кейін өмірден өз орнын табу керек. Яғни, мұғалімнің де біліктілік сапасы жоғары болуы керек.

Осы уақытқа дейін елдің бәрін көп ойлан­дырып, көп әңгіме болып жүрген мәселенің бірі үш тілді дамыту мәселесі. Тілді меңгеру бұл әрине, бүгінгі заман талабы. Қазақстанда ең бірінші қазақ тілін дамытуға байланысты қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің дайындық курстары латын әліпбиіне көшуге байланысты қайта жаңғыртылатын болды. Пәндерді ағылшын тілінде оқытуға асықпай біртіндеп көшеміз. Қазір 153 мектепте химия, физика, биология, информатика пәндері жоғары 10-11 кластарда ағылшын тілінде өткізіле бастады. Осыған байланысты біз алдымен екі мәселені шешуіміз керек. Біріншіден балалардың тілдік деңгейі сол пәндерді ағылшын тілінде меңгеруге жеткілікті болуы керек. Екіншіден мұғалімнің тілді меңгеру мен пәнді меңгеруі жақсы болуы керек. Біз ағылшын тілін дамы­тамыз деп балалардың химиядан, физикадан, биологиядан білім сапасын төмендете алмаймыз. Сондықтан да ағылшын тіліне көшу мәселесі біртіндеп жүйелі түрде мектептің, мұғалімнің дайын болуына байланысты ата-аналар мен мектептің қамқоршылық кеңесімен келісе отырып, біртіндеп іске асырылатын болады.

Тағы бір айта кететін дүние, оқу бағдар­ламаларына қатысты. Оқу бағдарламалары заман талабына сай әр уақытта өзектендіріліп отырады. Бүгінгі таңдағы ең үлкен мәселе, балаға білім ғана беріп қоймай, өмірге дайын­дауымыз керек. Психологтардың айтуынша қазір «баланың моделі» өзгерді. Яғни, біз бұрын мектепте бала өседі дейтінбіз, қазір мектепте бала болашақ үлкен өмірге, еңбек нарығына дайындалады деп есептейміз. Осыған байла­ныс­ты жалпы білімнің мазмұны өзектендіріліп отырады. Ньютон заңы да, көбейту таблицасы да ешқайда кеткен жоқ, бірақ күтілетін нәтиже өзгерді. Енді біз балалардан «Не білесің!» деп сұрамаймыз, «Білгеніңді пайдалана аласың ба?» деп сұраймыз. Яғни, айналадағы дүниені түсіне ме, болашақта өз өмірін ұйымдастыра алады ма, өз өміріне өзі жауап бере алады ма? Яғни, бүгінгі күні класқа келіп білген материалды түсіндіріп беру аздық етеді, бүгін мұғалім баланы білім алуға жетелеуі керек. Есеп шығартып, сұрақтарға жауап бергізіп, белгілі бір тапсырмаларды орындата отырып, жаңа материалды түсінуге алып келуі керек. Жаңар­тылған білім мазмұнының негізгі ерекшелігі де, қажет мазмұны да осыған байланысты. Осыған байланысты бағалау жүйесі де өзгереді. Бұрынғыдай «5», «4», «3» деп айтылмайды. Енді баламен «нені түсіндің, нені түсінбедің?» деген сипаттағы кері байланыс болуы керек. Бағаның атқаратын ролі мұғалім балаға қандай көмек көрсету керек екенін түсіну керек. ЖОО-ға, колледждерге байланысты тағы бір айта кетерлігі, Елбасы тапсырмасы бойынша 20 жоға­ры деңгейдегі ЖОО-лар мен 180 кол­ледждерге биылғы жылдың өзінде 8 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, 180 кол­ледждердің материалдық базасын жақсартып, оқу бағдарламасын жөндеуге, мұғалімдердің біліктілік сапасын көтеруге жұмсалатын болады. Алда бізді осындай жұмыстар күтіп тұр. Мектеп өз алдына, ата-ана өз алдына бөлек тұрған жоқ. Екеуінің мүддесі оқушының жақсы болғаны. Жұмысты бірлесе атқарсақ көтермейтін жүк болмайды, шешілмейтін сұрақ болмайды, — деп білім беру саласының алдында тұрған алдыңғы кезектегі міндеттерді нақтылап атап өтті министр.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева да әлеуметтік саясатты іске асыру шеңберінде сала қызметкерлерінің жалақы­сының көбейтілуі, медициналық нысандардың құрылысына қатысты мағлұмат беріп, жұмыс барысы, алдағы міндеттер жайын атап өтті.

— Қазақстанда 29 мыңнан астам дәрігер­лердің жалақысы 1 маусымнан бастап 30 пайызға көтеріледі. Қызылорда облысы бойынша 1180 дәрігерлердің жалақысы 30%-ға көтеріліп орташа жалақысы 146 мың теңге болады. Орташа санаттағы қызметкерлердің (4481) жалақысы 99 мың теңге болады. Кіші қызметкерлердің (2600 мың) жалақысы орташа 61 мың теңгеден астам болады. Медициналық нысандардың салынуына байланысты 3 жылдың ішінде елде 595 нысан (алғашқы медициналық көмек көрсететін емханалар) салынып, пайдалануға беріледі. Бұл мақсатқа 126 млрд. теңге бөлінеді (оның 70 млрд. теңгесі мемлекеттік, 50 млрд. теңге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде). Яғни, 3 жыл ішінде ауылдық елді мекендердегі халық алғашқы медициналық көмекпен қамтылады. Бұл қазіргі кезектілік, медициналық көмектің уақытында көрсетілмеуі сынды мәселелер шешімі болмақ. Қызылорда облысы бойынша 3 жыл ішінде 43 медициналық нысан салынады. Биылғы жылы 16, келер жылы 17 нысан, 2021 жылы 10 нысан салынады. Үкімет отырысында Қызылорда облысында медициналық нысандар мен жолдардың сапалы салынуына байланысты медициналық көмектің уақытылы берілуі тәжірибесін басқа аймақтарға үлгіге алу жөнінде тапсырма берілді.

Қоғамдық денсаулық сақтау және алғашқы медициналық сақтандыру қызметінің қаржыландырылуы 20 пайызға өседі. Осыған орай вакцинациялау 10 пайызға артады. Қазір қатерлі ісік ауруының алдын алуға байланысты (сүт безі обыры, жатыр мойын обыры және жуан және тік ішек обыры ауруларына) тегін скринг­тер жүргізіледі. Келесі жылдарда скрингтер тізімі кеңейтіліп, атап айтқанда гепатит В, гепатит С ауруларының алдын алу бойынша скрингтерге қаржы бөлінеді.

Алғашқы медициналық көмекке бағыттал­ған қаражат 2 есе артады. 2022 жылы 921 млрд. теңгеге жеткізіледі. Қазір халық қымбат әдіспен (компьютерлік томография, ядролық магниттік резонанс, ультрадыбыстық зерттеу) қол жетімділігі нашарлығына шағым айтады. Бөлінетін қаражат бұл қызметтерге қолжетім­ділікті ұлғайтады. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту да 3 есе өседі. Бұл бағытта 2022 жылы 360 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Қазіргі жағдайда тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тізіміне 49 ауру түрі енген. Келесі жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру бағдарламасының іске қосылуымен, бұл тізім де кеңейтіледі. Бұл шаралар халықты әлеу­меттік қорғауға өзінің үлесін қосады деп ойлаймыз.

Қазақстан Республикасы Құрылыс, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов:

— Инфрақұрылымдық даму бойынша 4 бағыттағы жұмыстар атқарылады. 1. Баспана, 2.Таза сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, 3. Жергілікті жолдардың сапасын арттыру, 4. Үлкен қалалардың, облыс орталықтарының шет аймақтарының мәселесін шешу. Баспана мәселесіне байланысты көпбалалы отбасылар ерекше назарда болады.

Қызылорда қаласында «Бала мекен» мөлтек ауданының салынуын барлық аймақтарда мақтанышпен айтып жүрміз. Көпбалалы отбасыларға жылына 6 мың пәтер берілетін болады. Бұрын 2 жылда орташа есеппен 600 пәтер берілген. 7 жылдың ішінде 350 млрд. теңге 40 мыңнан астам арендалық баспаналар кезекте тұрған азаматтарға беріле­ді. Қызылорда қаласы бойынша жыл сайын 3,6 млрд. теңге бөлініп 431 пәтер салынады. 7 жылда 25,1 млрд. теңге бөлініп, 2873 пәтер салынады. Көпбалалы отбасылардың саны бойынша Түркістан, Алматы облысында кезекте тұрған отбасылар көбірек.

Қызылорда облысы бойынша биылғы жылдың басында кезекте 2019 отбасы тұрған. Еліміз бойынша 28126 көпбалалы отбасы кезекте тұр. Жеңілдетілген пәтер беру бойынша 3 жылда көпбалалы отбасыларға 150 млрд. теңге қаржы бөлінеді. Бұл 18 мың пәтер деген сөз. 2025 жылға дейін 42 мыңға жуық аренда­лық үйлер, 18 мың несиеге берілетін үйлер көп балалы отбасыларға берілетін болады.

Үйді қалай алу жөнінде айтсақ, «Nur Otan» партиясына келіп түсетін сұрақтардың 70-80 пайызы баспанаға байланысты екен. Мысалы, отбасы 20 жылға 8 млн. теңгенің несиесін алатын болса, алғашқы 8 жылда ай сайын 42 мың теңге, одан кейін 11 жылда 27 мың теңгеден төлейді. Алғашқы жарна 10 пайыз (2 пайызбен). Алғашқы жарна бойынша қазір тұрғын үй сертификаты 4 сәуірден бастап қолданысқа енді. Алғашқы жарнаны жергілікті әкімдік, кәсіпкерлердің көмегімен алуға болады.

Бұл баспананы көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар (кезекте ел бойынша 104 мыңнан аса), мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар алады. Бұған табысы бар отбасылар қатыспауы үшін көпбалалы отбасының айлық табысы 250 мың теңгеден аспауы керек. Көптеген азаматтарда тұтынушылық несиелер бары жасырын емес. Төлем қабылеттілігі есеп­теледі. Банкке қандай құжаттар тапсыры­луы керек дегенде: 6 айдағы табысыңызды растайтын құжаттар. Отбасының барлық мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттар. Меншігіңізде үйдің бар жоғын растайтын құжаттар тапсырылу керек.

Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша өткен жылы ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 100 млрд. теңге қаражат бөлінген болатын. Биылдан бастап жылына 20 млрд. теңгеден, 7 жылға 140 млрд. теңге бөлінеді. 2025 жылға дейін 100% орта­лықтандырылған ауыз суға қол жеткізіледі. Қазір 18 млн. 400 мың тұтынушы 16 млн. 500 мыңы 90%-дан астам таза ауыз сумен қамтама­сыз етілген. Қалалық елді мекендердің 10 млн. 600 мың тұрғын, 7 млн. 700 мың тұрғынының 6 млн-ы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Үлкен қалаларда шет аймақтардың мәсе­лесін шешу бойынша үш үлкен қаланың (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) шет аймақтарының мәселесін шешуге 3 жылға 90 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Болашақта облыс орталықтарының шет аймақтарының мәселесін шешуге қаржы бөлінеді деген жоспар бар. Өткен жылы бұл мақсатқа 102 млрд. теңге қаржы бөлінген. Биылдан бастап қосымша 50 млрд. теңгеден қаржы бөлінеді. 7 жылда барлығы 350 млрд. теңге қаржы бөлінеді.

2025 жылы жол сапасын 95 пайызға жеткізу жоспары бар. Атқарылатын жұмыстың барлығы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған — деді Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі М.Жайымбетов.

Жиын қорытындысында сөз алған облыс әкімі Қ.Көшербаев:

— Қызылорда облысында мұқтаж отбасы­ларды анықтау бойынша арнайы комиссия 3 мыңға жуық отбасын аралап, жұмыс жүргізуде. Мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету мақсатын­да көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау шараларын ұсыну үшін 18 наурызда менің өкіміммен 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік әлеуметтік Жол картасы қабылданды. Республика бойынша айқындал­ған әлеуметтік шараларда қамтылмаған кейбір мәселелерді облыстық бюджеттен шешеміз. 26 сәуірде облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қабылданған Жол картасына сәйкес қосымша 2 млрд. теңге қаржы бөлеміз. Халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдаудың негізгі бағыттарының бірі жоғарғы оқу орындарында өңірге қажетті мамандықтар бойынша гранттар бөлу. Гранттар республика­дағы маңдайалды оқу орындарына ауылдық елді мекендердің, көпбалалы және мүжәлсіз отбасыларының балаларына беріледі. Мұны біз қатаң қадағалап отырмыз. Осы грантты тағы да 200-ге көбейттік. Сөйтіп әлеуметтік жағдайы нашар болғанмен, маңдайы жарқыраған талабы бар балаларға жол ашамыз. Сонымен қатар, облыста тұрғын үйге, әлеуметтік қолдауға мұқ­таж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы облыс әкімдігінің шеші­мімен аймақтық «Орда» Жол картасын қабыл­да­дық. «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарна төлеуге әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жағдайы жоқ. Сол 3 млн. теңгені біз облыстық бюджеттен төлейміз, жылма-жыл тиісті қаражатты төлеп, 10-15 жылда жекешелендіріп алуға мүмкіндік жаса­лады. Бірінші төлемді біз өз жауапкершілігімізге алу туралы шешім қабылдадық.

2017 жылы «Орда» арнайы Жол картасы шеңберінде облигациялық бағдарламамен салынған үйлер сатып алынып баспанасы апаттық деп танылған 474 отбасына берілді. Біз апаттық жағдайда тұратын тұрғындардың үй мәселесін шешкен республикадағы бірден бір аймақпыз. 2018 жылы Қызылорда қаласын­дағы дарияның сол жағалауында жеке құры­лыс салушылардың есебінен 604 пәтерлі 14 көпқабатты тұрғын үйдің (1 шаршы метрі респуб­ликада ең төмен баға 120 мың теңгеден) үйдің құрылысы аяқталды. Құрылысшылармен меморандумға сәйкес 240 пәтерді сатып алып «Орда» жол картасы шеңберінде кезекте тұрған халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарына жақын аралықта пәтер береміз.

Сонымен қатар Елбасының «Nur Otan» пар­тиясының ХҮІІІ съезінде берген тапсырмасын орындау мақсатында республикалық бюджет­тен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына және дайын пәтерлерді сатып алуға қосымша Үкімет 3,6 млрд. теңге қаржы бөлді. Нәтижесінде 431 пәтерлі 10 тұрғын үй салынады. Қызылорда қаласында, аудандарда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жағдайын анықтау үшін құрылған арнайы комиссия тұрғын үйді қажет ететін отбасыларын анықтады. Комиссия Қызылорда қаласы бойынша тұрмыс жағдайы өте қиын 149 отбасын анықтады. Олардың құжаттарын қарағанда кезекке де тұрмаған, ауылдан келген, қалаға тіркелмеген, бірақ бала-шағасы бар. Сол 149 отбасына облысымыздың түлегі белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратовпен келіссөз жүргізіп, 100 пәтерді Болат Өтемұра­тов­тың жеке қорының есебінен 450 млн. теңге, қалған 50 пәтер облыстық бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. 149 отбасына беріледі, 1 пәтерде шағын халыққа қызмет көрсету орталығы ұйымдастырылады. Бұл да көпбалалы, жалғызбасты аналарға қолдау болады. Ол жерде учаскелік полиция инспекторы, дәрігер, ХҚО-ның қызметкері отырады. Қосымша 6 сотық жер телімін, су, электр, кәріз, газ, байла­ныс, жолмен қамтамасыз ету облыстық бюджеттен қамтамасыз етіледі. 2 айда салып боламыз. 1 маусымда халықаралық балаларды қорғау күнінің аясында қиын жағдайда тұрған 149 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Баспаналар қаланың балансында болады, ордерін алады, кезекке тұрып, кейінірек пәтер алуына болады, болмаса сол үйді заңдастырып, жекешелендіріп алады.

Бұл жұмыстар облыстың барлық ауданда­рын­да ірі кәсіпорындарында жалғасын табуда. Біз қазірдің өзінде 136 мүжілсіз көпбалалы әлеуметтік жағдайы ауыр отбасыларға кәсіп­керлерді және ірі, орта кәсіпорындарды жауап­ты етіп бекіттік. Менің өзімнің жеке басымда да қамқорлықтағы әулет бар. Елдің атқамінер азаматтарының бәрін тіркеп жатырмыз. Бұл жұмысты одан әрі жал­ғас­тырамыз. Көктемде әлеуметтік жауапкер­шілік мәселесіне арналған форум өткізіп, елгезектік көрсетіп, жанында қиналып жүрген әулеттерге адамгершілік қолдау жасаған азаматтарды, азаматшаларды марапаттайтын боламыз. Халықты жұмыспен қамту мақсатын­да «Еңбек» бағдарламасының аясында жұмыс­пен қамту, отбасылық бизнесті ашу, көпбалалы отбасылардың табысын ұлғайту мақсатында 500 мың теңге көлемінде жаңа бизнес идеялар­ды іске асыруға 1 мың қайтарымсыз грант беруге бюджеттен 606 млн. теңге бөлінді. Бұл көпбалалы отбасылардың өз кәсібін ашып, кәсібін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Елімізде басталған мұқтаж азаматтардың әл-ауқатын арттыру бойынша кең көлемдегі жұмысты кешенді түрде жүргізу қажет. Тек мемлекеттің қолдау шараларымен шектелмеуі тиіс, бұл жұмысқа бүкіл қоғам жұмылуы керек — дей келіп Қ.Елеуұлы, Г.Наушақызына қарата: «Сыр елі әрқашан да жанында жүрген адамдарға қамқорлықпен қарайтын дәстүрі бар қазақы аймақ. Қолдауды қажет ететін отбасыларға, көпбалалы аналарға қолдауды жалғастырады. Елбасы бастаған, Үкімет бастаған әлеуметтік қолдауға байланысты идеяларды жүзеге асыруға өз үлесімізді қосамыз» — деді.

Келесі ретте жиналған жұртшылық тарапынан қойылған сауалдарға кезек берілді.

Бұл ретте жиын қатысушылары оралман­ның азаматтық алуына байланысты, аутизм дертіне шалдыққан балаларды оқытатын педагогтар мен арнайы мамандар дайындау­дың заңдық негізін жасау, көпбалалы аналар­дың үйде отырып кәсіп жасауына қандай мүм­кін­діктер бары жөнінде сауалдар қойып, тұщымды жауап алды. Сондай-ақ, жақындары­ның денсаулық жағдайына байланысты шағым айтып, өтініш жеткізгендер болды. Бұл мәселелердің де назарға алынатыны айтылды.

Жиынды қорытқан облыс әкімі Қ.Көшербаев тұрғындарының 99 пайызы қазақ Сыр елі ұлтымыздың үлкенді сыйлау, кішіні қолдау, ақ жаулықты ананың қадір-қасиетін ұлықтау сынды ұстанымдарға берік болып басқа аймақтарға үлгі болуы керектігін жеткізіп, ұлағатты пікір өрбітті.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *