Осы аптаның сейсенбісінде өткен Үкімет отырысынан кейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов БАҚ алдында мәлімдеме жасап, жанар-жағармай материалдары бағасының көтерілу себебін түсіндіріпті.
– «Бұл оңай шешім емес, бірақ оны қабылдауға мәжбүрміз. Егер қазір мұндай шешімді қабылдамасақ, онда жақын арада жанармай тапшылығына тап боламыз», — деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша Қазақстанда дизель мен бензиннің тұтыну деңгейі ең жоғары. Жылына 1 адамға дизель 370 литрден келеді. Мысалы, Ресейде – 225 литр, Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр. Сонымен бірге тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді.
«Мұндай жағдай жанар-жағармайдың көрші елдерге транзиттік көліктермен және “сұр” экспорт түрінде шығарылуының артуына байланысты. Ал экономиканың негізгі салаларында нақты тұтыну көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ», — дейді Ә.Смайылов.
«Біздің отандық мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеуде. Алайда жанармай тапшылығының қаупі азаяр емес. Сыртқа тасып әкету мен тапшылықтың негізгі себебі – Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының төмендігі болып отыр. Мысалы, Ресейде дизель отыны 45%- ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда 2 есе қымбат. Нәтижесінде Қазақстандағы арзан отын әртүрлі жолдармен көрші елдерге әкетіліп жатыр», — деген Үкімет басшысы наурыз айының өзінде жанар-жағармай материалдарын тұтыну көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға өскенін де айтты. Егер республика баға айырмашылығын қысқартпаса, онда биыл 850 мың тоннаға дейін көлемде жанармай тапшылығына ұрынады.
«Біздің арзан отын өзіміздің ұлттық мүдде[1]лерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын төмендету керек. Бұл елден мұнай өнімдерінің жаппай шығарылуын азайтуға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бізде бұдан басқа жол жоқ», — деді Премьер-Министр.
Оған қоса Үкімет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған дизель толығымен бөлінді. Оларға баға 204 теңге болып қала бермек.
«Үкімет отынның ішкі нарығын қолдау және заңсыз әкетудің жолын кесу үшін басқа да тиісті шараларды қабылдайтын болады», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар