QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ӘКІМ АУЫЛДАРДЫ АРАЛАДЫ

ByQAA.kz

Ақп 4, 2021

Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы шаһарға қарасты ауылдық округтер және Тасбөгет пен Белкөл кенті тұрғындарымен кездесті.
Алдымен Тасбөгетке табан тіреген шаһар басшысы өткен жылы кентте атқарылған шаруаларды бір пысықтап, жергілікті тұрғындармен тілдесті. Тасбөгеттің өзінде біраз толғағы келген мәселелер былтыр шешімін тапқандай. Олардың ішінде жол
мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Ұзындығы 17,5 шақырым болатын 15 көшеге малта тас төселсе, 3,6 шақырымға созылған 3 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жазда май топырақтан, қыста батпақтан көз ашпайтын көшелердің халі бүгінде жаман емес. Бұрындары батпақ жолда қатарынан үш аяқ киім ауыстыратын жергілікті жұрт жасалған жұмыстарға алғыс айтуда. Тіпті түнде қараңғылығынан өзіңді жоғалтып
алатын көшелердің бесеуіне жарық жүргізілген. Халықтың 30%-ы бұқаралық спортпен айналысу керектігін ескерсек, Тасбөгет спорт алаңдарын салу жөнінен ешкімнен кем емес. Мұнда соңғы үлгідегі
стритбол алаңы да салынған.
Қала әкімінің келесі аялдаған жері Белкөл кенті. Белкөлдің өзінде 2020 жылы 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сырт келбеті сұрғылт болған, кезінде салынған «Балапан» балабақшасы жаңаша әрленіп, күрделі жөндеуден өткен. Кенттегі Зеленая
көшесінде ұзындығы 1,6 шақырымға созылған жарық бағаналары орнатылды. Кентке қарайтын «Бірқазан» елді мекенінің кіреберіс жолы жөнделіп, орталығына балалар ойын алаңы салынды.
Сонымен қатар қала маңындағы Қосшыңырау мен Қарауылтөбе ауылдық округтері шаһар басшысының келесі аялдамасы болды.
Өткен жылы Қосшыңырауда 2 көше орташа жөндеуден өтіп, тағы 5-не тас төселді. Қала басшысы қосшыңыраулықтарды алаңдататын басты мәселе аяқсудың алдағы жылы түгелдей шешілетінін жеткізді.
Кезекті барған ауылы Қарауылтөбеде ауыз су мәселесі түгелдей шешіліп, жолдың да жағдайы жақсарған. Айталық, Әбдіхалықов және Құнанбайұлы көшелерінде ұзындығы 3 шақырым болатын бөлігі
орташа жөндеуден өткен. Аталған екі көшеде жөнделмей қалған 1 шақырымға жуық жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, ауыл жолдарындағы жарық мәселесі де қарқынды түрде шешімін
тауып келеді.

Қала әкімінің келесі кездесуі Қызылжарма ауылында жалғасты. Қалаға тиіп тұрған Қызылжармада тиісті жұмыстар атқарылған. Ауылдағы ауыз су мәселесі шешіліп, 53,6 шақырым жерге су құбырлары жүргізілген. Бес көшеге жарық бағаналары орнатылып,
14 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалып, 8 көшеге қиыршық тас төселді. Ауылдың өзіне қаладан бірнеше бағыттағы қоғамдық көлік қатынайды. Тұрғындар қала әкіміне ұсыныс пікірлерін жеткізіп, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Ақсуаттықтардың басты мәселелерінің бірі көгілдір отын еді. Қала әкімі бұл орайда Ақсуат ауылына 2022 жылы көгілдір отынды толық тұтынуға мүмкіндік жасаймыз деп жауап берді. Былтырғы жылы «АуылЕл бесігі» бағдарламасы бойынша Ақсуатта 16 көше
жөнделді. Ал бір көшеге тас төселді. Тіршілік көзі судың да қамы ойланып, 53 шақырым су құбыры жүргізіліп, Наурыз саяжайы толығымен ауыз сумен қамтылды. Ағымдағы жылы ауылдық округке
қосылған шеткі 14 көшеге қосымша жарық тарту, жол жөндеу жұмыстары жоспарлануда.
Ел аузында «Мис» аталған Ақжармада жол жөндеу мәселесі шешіліп келеді. Расында Баймұрат батыр ауылында жолсыз, жарықсыз көшелер аз-ақ. Ал округке қарасты Талдыарал елді мекенінде ауыз су мен кәріз су мәселесі оңтайлы шешілмек. Ағымдағы жылы
Баймұрат батыр ауылында дәрігерлік амбулатория салынып, қалған көшелерге жарық жүргізілмек. Айтпақшы қаладан алыс орналасқан Талсуат пен Қызылөзек ауылдық округі де назардан тыс қалмады.
Талсуатқа жаңа әкім сайланғалы ауқымды жұмыстар жалғасын табуда. Әрине, сайланғанына екі айдың жүзі енді толған әкімге баға беру де оңай емес. Барлығын уақыт көрсетеді. Десе де, ауылдағы мәдениет үйінің жоқтығы алдағы уақытта шешілмек мәселелердің
қатарында және жол жөндеу, көшені жарықтандыру мәселесі де жоспарда бар.
Қала құрамына енгелі 23 жылдай уақыт болған Қызылөзек ауылдық округінің жағдайы жаман емес. Көрші ауылдың мектебіне қатынайтын көлік те оқушыларға бөлінген. Ауыл тұрғындары егін мен мал шаруашылығын дамытып, ет өнеркәсібін өркендетуді
қалайды. Ауылдың ресурсы бұған жетерлік. Тек мемелкеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, кәсіптің көзін білетін жастарды тарту қажет. Шыны керек кәсіп ашуға бағытталған мемлекеттік
бағдарламалардың мән-мағынасын біраз адам жіті түсіне бермейді. Осы орайда ауылдың ынталы тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын жасаған дұрыс.

P/s: Әр ауылды өркендетуші күш сол жақтың халқы. Ет өндірісі ауыл және мал шаруашылығы басты драйверлердің бірі. Көп жұрт Нағи Ілиясовтай ауылда тұрсақ деп армандайды. Ал ондай ауылды
құру сіз бен біздің қолымыздан келеді. Сондай-ақ, кей ауыл тұрғындары өз ауылының әкімдерінің сол жерде тұрып, ұл-қыздарының сол жерде білім алғанын қалайды. Бәлкім ол да дұрыс шығар?!

Аружан ЕРАЛЫ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған