QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Әкім аралағанда…

Автор:QAA.kz

Сен 5, 2020

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Наушақызы мен шаһар басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қаламыздағы сауда-саттық орындарын аралап, тазалық жұмыстарымен және азық-түлік бағасымен танысты.

Олар алдымен “Анвар” сауда орталығына табан тіреді. Cөрелерінде 8 000 нан аса тауарлары бар сауда орнында 5 касса жұмыс жасайды. Сонымен қатар, бір касса мүгедек жандарға арналған. 19 түрлі тауар әлеуметтік баға бойынша сатылады.

Әлеуметтік баға республикалық көрсеткіштерге сүйене отырып белгіленеді. Халыққа ең керекті нан, бидай өнімдері мен көкеністердің барлығы әлеуметтік бағада сатылады.

Ал келесі аялдаған нүктесі “Қызылорда оптомаркеті” болды. Маркеттің сөрелерінде 10 000-нан аса тауардың түрі белгіленген. Ішінде 9 касса тұтынушыларға қызмет көрсетуде.

Бүгінгі күні аталған оптомаркеттің қаладағы 5 бөлімшесі халыққа қызмет етуде. Бұнымен қоймай, 115 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Ең соңғы ат басын тіреген “SMALL” сауда орталығы қаладағы ең үлкен супермаркеттердің бірі. Сауда-саттық орнының сөрелерінде 15 000 жуық тауардың түрі дөңгеленуде. Ал сатып алушыларға 12 касса қызмет көрсетеді. Бүгінгі күні қаламызда аталған супермаркеттің 5 бөлімшесінде 100-ге жуық қызметкерлер жұмыс жасауда.

Түптің түбіне келгенде аймақ басшысы дүкен сөрелеріндегі халық тұтынатын тауарлардың жеткілікті болуын бақылауда ұстауды тапсырды. Сапа мен бағаның алшақтығы болмауы тиіс. Азық-түліктің бағасы халыққа қолжетімді болуы қажет. Жұрт көп шоғырланатын орын болғандықтан жиі тазалық шараларын жүргізіп тұруды талап етті.

P.S: Ел-жұрт жиі баратын бұл дүкендерде айтарлықтай көп касса қызмет қылуда. Көп реттерде жұрттың дүкендерде бос касса таба алмай, толассыз кезектің ортасында кептеліп қалатын жағдайлар аз емес. Бұл орайда, шынжырланып, жабылып тұратын кассалар саны жұмыс атқарып тұрған кассалардан көп болып та жатады.

Барлық сауда орындары тек әкім аралаған кезде ғана емес, күнделікті толық құрамда, бүкіл кассасымен халыққа қолайлы сауда-саттық жағдайын туғызса жақсы болады.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *