QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

КІМ АЙТТЫ САҒАН, ЖОЛПҰЛДЫ ҚЫМБАТТАДЫ ДЕП?

ByQAA.kz

Там 10, 2020

Жолпұлды қымбаттады деп, қалтамызды талады деп ойлап жүргендерді  қуантпақпыз. Мәселенің төркіні мынада. Қыркүйектің басы қарқынды жаңалықтардан басталмақ. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жасар жаңалық жетерлік. «Алемпей» мен біздің «Автопарк» бірігіп ақылды жобаға қадам басуда. Жолаушылар тасымалын жеңілдету мақсатында карталы төлем жүйесін енгізу белгіленген. Жоба бірінші қыркүйекте басталмақ.

Жолпұл бәз баяғы, тек ақылдырақ атанбақ

Қыркүйек айының басы жол ақысының қымбаттауымен басталатыны хақ. Әйтсе де, карталы төлемнің тапжылмас 90 теңге екені рас. Ал, қолма-қол төлем 120 теңге. Карантин кетсе картаны қалаушыларға арнайы сатылым орындары ашылады. Әзірше, автобус жүргізушілерінен картаны ересек адамға 500, ал балаларға 400 теңгеге сатып аласыз. Ішіне көңіл кеңдігіндей қаражат салып кәдеңізге қолданыңыз. Ол болмас десеңіз ұялы телефонға «SMSBUS» бағдарламасын жүктеңіз. Бірақ, қолданылатын қалтафонда «NFC» қосымшасы қойылған болуы қажет. Бұл жағдайда, тісті қайрау орнына қуану керек. Жақын арада Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларымен иық теңестіретін дәрежеге жетеміз. Айталық, оңтүстік шаһардағы жолпұлы картамен 80 теңге болса, қолма-қол төлеу 150 теңге. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында қолма-қол төлеу 180 теңге, ал картамен төлеу 90 теңге.

Ақша – қолдың кірі

Бұл сөз бекер айтылмады. Қазіргі пандемия уақытында ақша вирус тасымалына бірден-бір себепкер. Ең бастысы майда тиынның өзінде вирус тәуліктеп сақталып тұрады екен. Ал сол ұсақ ақша күніне қанша қолда болатынын ойлап көрдіңіз бе? Қалтадағы майда тиынды автобуста санап тұрғаннан көрі, картаны валидаторға сырғыта салған ұтымды. «Қырда бір сиырдың мүйізі сынса, ойда он сиырдың мүйізі сыркырайды» деген атам қазақ. Сонау аждаһар елінен басталған пандемиялық індет біздің елді шарпуын тоқтатпауда. Бұл тұрғыда бактерия таратын заттың бірі ақша, ұсақ тиын екенін білгеніңіз жөн. Сондықтан, қабылданған шешімдер шиеленіссіз халыққа қызмет қылмақ. Автобустағы кондукторлар қазір жұмысынан босаған. Алдағы уақытта автобуста кондуктор мүлде болмауы ғажап емес. Ал электронды төлемге ауысқан жағдайда, бақылаушылар іске кіріспек. Кез-келген бекеттен міне сала тексеріс қамына кірісіп кетеді. Бұдан былай жолпұлды межелі жерге жетіп емес, міне салысымен төлейсіз. Оңды-солды сылтау қабылданбайды. Бақылаушы тарапынан заң бойынша айыппұл арқалап қалмаңыз.

P.S: Дамыған мемлекеттер бүгінде кондуктордың қызметіне жүгінбейді. Ғалам дамыған сайын адамзаттың өмірі едәуір жеңілдеуде. Бұл тұста қаламызға осындай жүйенің келуі құптырлық жаңалық. Алдағы уақытта жүйенің артықшылығы мен кемшілігіне халық өз бағасын бере жатар. Десе де, қазіргі сәт – өзгеріс пен дамудың заманы екенін ұмытпаған абзал.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған