QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

КИЕЛІ МАМАНДЫҚ

Автор:QAA.kz

Авг 30, 2020

Жаңа оқу жылына аймақтың дайындығы бір пысықталды. Бұл туралы жыл сайынғы өткізілетін Тамыз кеңесінде айтылды. Қала әкімінің басшылығымен өткен кеңесті мектеп директорлары ЗУМ қосымшасы арқылы бақылады.

Бүгінгі күні Қызылорда қаласының білім ұйымдарында 90 мыңға жуық бала білім алады екен. 2019-2020 оқу жылында қала мектептерінде 6651 мұғалім жұмыс атқарса, оның ішінде жоғарғы санатты мұғалімдердің үлесі 61,4 пайызды құрап отыр.

Жаңа оқу жылынан бастап мектеп директорлары мен оқу орынбасарларының еңбекақысын 100 пайызға көтеру жоспарлануда. Сонымен қатар, әр мұғалім өзінің санаты, қосымша алған біліміне орай  ақы алмақ.

Жағымды жаңалықтың бірі барлық балалардың бірдей білім алуы. Оның ішінде инклюзивті білімге жіті назар аударылуда. Айта кететін жағдай, қала аумағында қаңтар айынан бастап жаңадан 10 инклюзивті сынып іске қосылды. «Инклюзивті білім берудің 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы негізінде қаламызда инклюзивті орталықтар саны артып, аутизм кабинеті ашылатын болады.

Биылғы оқу жылында ата-аналар өтініші бойынша 1 және 4 сыныптардың  8520 оқушысы   кезекші 568 сыныпта білім алмақ. Әр кезекші сыныпта 15 оқушыдан артық болмайтыны көпке белгілі.

Бұдан былай, мектептерде кітапхана қорындағы пәндік кітаптан бөлек, классикалық әдебиеттер ұсынылмақ. Бізге белгілісі, пәндік кітаптар сақталатын қойма ретінде жұмыс жасаған кітапханалар қосымша білім көзін алатын толыққанды орталыққа айналмақ.

Президентіміздің тапсырмасы бойынша барлық мектеп сыныптарын экологиялық сауаттылыққа баулу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, жылыжай жобасын жүргізіп отқан қаладағы № 15,264,101 мектептерінің жылыжайдағы жетістіктерін басқа оқу ордаларына енгізу қажет. Алайда, бұл жылыжай өнімдері қайда кетпек?

Тамыз кеңесі барысында атқарылған шаруалар пысықталғансоң қала әкімі бірнеше тапсырмалар легіне тоқталды.  «Интернетке қолжетімділігі жоқ балалар мен мұғалімдердің күнделікті байланыста болуын ұйымдастыру.

Оқу маусымына дайындық кезеңінде қашықтан оқыту бойынша оқушылар мен мұғалімдердің арнайы электронды құрылғылармен қамтамасыз етілуіне, интернет және ұялы байланысқа қолжетімділігіне мониторинг жасалды. Тұрғылықты мекен-жайына байланысты интернет желісіне қосылу мүмкіндігі жоқ педагогтар мен оқушылар анықталды. Әрбіроқушы мектеп бағдарламасынан қалмай қатарластарымен бір дәрежеде білім алуына жағдай жасауымыз қажет.Бұл ретте мұғалім мен оқушы арасындағы күнделікті байланысты орнатуға қажетті құрал-жабдықтармен мүмкіндігінше қамтамасыз етуді қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Қонақбайқызына тапсырамын», деді.

Сонымен қатар, қала мектептеріндегі бейнекамералардың санын арттыру. Қазірде, қаланың барлық мектептері бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл арқылы оқушылар арасындағы құқық бұзу фактілерін азайту көзделіп отыр.

Бұдан былай, мұғалімдер арасындағы бәсекелестікті арттыру жұмыстары және олардың өзін-өзі дамытуға жұмыс жасауы өте маңызды шаруа болмақ. Осы орайда, арнайы жұмыстардың жасалуын бақылап орындауды қала әкімінің орынбасары Есжанов Асқарбек пен қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаеваға тапсырды.

Шара соңында қала әкімі еңбегі еленген ұстаздарды марапаттады. Он мұғалімге  150 000 теңгелік сертефикат берілсе, басқаларына ноутбук табысталды. Ұстаздар еңбегінің мемлекет тарапынан ескерілуі олар үшін зор қуаныш екенін ұмытпаған абзал.

Қорытындылай келе, ұстаздың қоғамдағы беделінің биіктігі халқымыздың абыройының асқақтағаны деп айтуға болады. Сондай бір құты бар, киелі мамандық иелерін алда келе жатқан білім күні мерекесімен шын жүрек құттықтаймыз.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *