QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

КЕЗ-КЕЛГЕН ДАҒДАРЫСТАН КЕЙІН СЕРПІЛІС БОЛАТЫНЫ СӨЗСІЗ…

Автор:QAA.kz

Ноя 26, 2020

Қызылорда облысының әкімі Г.ӘБДІҚАЛЫҚОВА: КЕЗ-КЕЛГЕН ДАҒДАРЫСТАН КЕЙІН СЕРПІЛІС БОЛАТЫНЫ СӨЗСІЗ…

Аймақ басшысы елдорда төріндегі Орталық коммуникациялар қызметінде ел журналистерінің сұрақтарына жауап берді. Еліміздегі басылым, телеарна тілшілері мен әлеуметтік желі белсенділері қатысуымен ұзақтығы 70 минөтке созылған брифингте түрлі сұрақтар қойылды. Тіпті, әйел әкімнің қарамағындағы бес ер орынбасарларын қалай басқаратыны да айтылмай қалмады. Расында, бұндай ашық сұхбат жұртшылыққа керек-ақ еді. Жыл бойындағы жеткен жетістіктермен қатар олқылықтар да қозғалды. Келіпкеткен жұрт көп сынап-мінейтін әуежайдың жайынан бастап соңғы кездері күнделікті тақырыпқа айналған дария суының тартылуына дейін біраз ой айтылды. Әкім жауабынан аңғарылғаны: Бастысы қозғалыссыз отырған ешкім жоқ. Жан-жақты жобалар жасалып, ауқымды шаруалар атқарылуда. Әкімнің жұмысы әлеуметтік желіде отырған ел-жұрттың айқай шығарған, жұртқа таратқан әлеуметтік жағдайын ғана дұрыстау еместігін көп жұрт түсінген де сияқты. Сыр суының тартылуы, Аралдың келешегі, бизнес өкілдерін қолдау, аудандардағы әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстарды құлағымыз шалды. Бір ұққанымыз, аймақ басшысы Сыр бойы халқына ғана емес, аймақтың әрбір құм-тасына да жауапты…

Ания Байораз, модератор — Біз енді Қызылорда облысының аграрлық аймақ екенін жақсы білеміз. Өзіндік брендтеріңіз де бар. Дегенмен, осы балық, күріш, тұздан басқа қандай өнім өндіре аласыздар?

— Биыл біз күріштен жақсы өнім алып отырмыз. Мысалы 62 мың тоннадан астам картоп алынды, 225 мың тонна жоңышқа, сонымен бірге 120 мың тоннадан астам көкөніс алынды. Ал енді биылдан бастап шетелге қамыс, мұздатылған көкөніс экспорттала бастады. Одан басқа бірінші рет макаронның бес түрін шығара бастадық. Арал қаласында жылына 130 мың тонна болатын ұнтақ түйе сүтін өндіретін зауыт іске қосылатын болады. Жақында екі үлкен инвесторлармен келісімшартқа қол қойдық. Бірі жоңышқаны егіп, қайта өңдеу, екіншісі қызынақтан томат жасау. Қуаттылығы жылына 10-15 мың тонна. Осындай әртараптандыру жұмыстарымен айналысамыз.

Дарын Сағитов, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы — Гүлшара Наушақызы, жалпы шыны зауыты жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Жалпы осы зауыт қашан іске қосылады?

— Шыны зауыты біраз уақыт бұрын қолға алынған. Қазіргі кезде 70 пайыздан астамы бітіп тұр. Жақсы техника келді. Ол техниканы қазір құру процесі де аяқталып қалды. Қалып отырған екі мәселе балқыту ваннасы мен күйдіру пеші. Бұл жұмыс келесі жылы бітеді деп отырмыз. Зауыт әріқарай жұмыс істейді. Жақында ғана министр Атамқұлов келіп, зауытқа байланысты барлық туындап отырған мәселелерді қарады. Оның барлығы шешілетін мәселелер. Сонымен қатар, біз қазірдің өзінде осы зауыттың қасында ілеспе 8 зауыт саламыз деп ойлап отырмыз. Оның ішнде 3 зауыт бойынша біз кәсіпкерлермен келісімге келдік. Оның шінде шыны, айна жасайтын зауыт. Бұның барлығы біздің елімізге керек. Жылына барлығы бір миллион долларға бізге шыны келеді екен. Оның барлығы енді елімізде қалатын болады. Экспортқа да шығаратын боламыз. Инфрақұрылымдық мәселелерді шештік. Зауыт келесі жылы жұмысын бастайды деп жоспарлап отырмыз.

— Дулат Абибуллаев, «Қазақ радиосынан» — Қоғамда Жаңақорған ауданынан жаңа мектеп салу үшін 2,5 миллиард теңге ақша бөлінген деген хабар бар. Бір мектепті салу үшін осыншама қаржы көп емес пе?

— Жыл басында республикалық бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінген екен. Мен келгеннен кейін бұл мәселені тағы бір рет қарап, бұл мектептің бағасын 600 миллионға дейін төмендеттік. Бұл мектеп екі апаттық мектептің орнына салынып жатыр. 900 бала осы жерде мектепте екі ауысымда оқиды. Ал үнемделген ақша осы аудандағы басқа 300 орындық мектепке жіберілетін болады.

— Қызылорда облысында дәрігер маман тапшы екені белгілі. Бұл мәселе қалай шешілмек?

— Біздің облыста әсіресе вирустың өршіп тұрған сәтінде дәрігерлер тапшы екенін сезіндік. Жалпы өңірімізде 1423 медициналық персонал жұмыс істейді. Былтыр 170 қосымша дәрігер қажет болатын. Биыл 130 дәрігер қажет. Биылдың өзінде бізге 90 маман оқу бітіріп келді. Жол картасын жасадық. Жүйелі жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, 94 жас резидентурада оқып жатыр. Оның 30-ы биыл келді. Сонымен қатар, БҚО Марат Оспанов атындағы университетке медициналық колледжді бітірген, мектепті жақсы бітірген 100 оқушыны грантпен оқытып жатырмыз. Олар да біртіндеп келеді деп ойдаймыз. Байқоңыр қаласында көпбейінді аурухана салынған болатын. Осы ауруханаға да 12 дәрігерді шақырдық Олардың пәтер мәселесін бірден шешіп бердік. Өте қажет 20 дәрігерге қазіргі кезде 500 АЕК ретінде қосымша төлем беріп отырмыз. Ол миллион үш жүзден асады.

Ғалымжан Өтемісов, «Астана» арнасы — Жуырда Қызылордалық Қайсар клубының бас бапкері қазақ тілінде сөйлеуге тиым салған екен. Бұл шетелдік легионерлерді көптеп тартудан туындап жатқан мәселе емес пе?

— Жалпы бұл жағдай Қызылорда мен Каспийдың арасындағы ойыннан кейін болған жағдай. Біздің ойыншылар ойынның нәтижесін бір-бірмен қазақ тілінде талқылап жатқан. Сол кезде бас бапкер Младенов қазақ тілінде емес орыс тілінде түсінікті болу үшін сөйлеуді сұраған. Қазір бұл жөнінде мәселе жоқ. Команда бір-бірін түсініп, келесі ойынға дайындалып жатыр. Жақын арада осы біздің команда «Астана» командасымен ойнайды.

Кирилл Денисов, «Кызылординские вести» газеті — Өткен жылы 2020 жылдан бастап газдың тариф бағасы төмендейді деп айтылған еді. Қазіргі кезде баға өзгеріссіз қалды. Бұл жайлы пікіріңіз қандай?

– Мен бұл мәселеден хабардармын. Табиғи монополиямен бірге тарифтік құнды 35 пайызға төмендету керек деп талап қойғанбыз. Бұл шешіммен КазТрансГаз Аймақ келіспеді. Бұл сұрақты өз бақылауымызда ұстайтын боламыз. Бүгінде аталған мәселе қайта қаралуда.

Диана Құлмағанбетова, «informburo. kz» — 244 ИВЛ апараттарын алыпсыздар. Осылардың ішінде қаншасы отандық өнім екенін білгім келіп еді. Дәл осы отандық тауарлар өңірге жеткізілді ма? Жұмыс жасап тұр ма?

— Жыл басында 64 ИВЛ аппараты болды. Оған қоса 10 ИВЛ аппарат жұмысқа жарамсыз болды. Қазір бізде 96 ИВЛ аппараты қазақстандық-түркиялық тауар. Үкіметтің резервтік қоры есебінен алынды. Бұдан бөлек 52 ИВЛ аппарат гуманитарлық көмек ретінде жеткізілді. Олардың 21-і ресейлік, 12-сі қытайлық, 9-ы түркиялық тауар. Барлық аппараттар алынды. Жұмыс жасау мүмкіншілігі тексерілді. Біразы әлі күнге дейін қолданылған жоқ.

Диана Құлмағанбетова, «informburo. kz» — Өңірде 10 мейрамхана өнеркісіптік өндіріске бет бұрды дедіңіз. Нақты қандай түрлері?

— Бұл мейрамханалардың бірі медициналық орталыққа айналды. Енді бірі шырын құятын цехке айналды. Үшіншісі консервіленген ет өнімін дайындаумен айналысады. Осы тектес жұмыстар жасалуда. Әрі қарай да басқа да мейрамханалармен жұмыс жасау ойда бар. Себебі, мейрамхана бизнесі бұл уақытқа дейін біраз шығындарға батты.

Азамат Тілепов, «Шалқар радиосы» — Сіздің аймақта ковидке шалдыққан азаматтарды емдеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Және пандемияның болжамды екінші толқынына қаншалықты дайынсыздар? Төсек орны жеткілікті ме?

— Жалпы біздің аймақта наурыз айынан бастап 3285 азамат індет жұқтырды. Қазіргі кезде 98,4 пайызы емделіп шықты. Біз екінші толқынға дайындалып жатырмыз. Барлығы 21 инфекциялық аурханалардың орны дайындалды. Оның ішінде 3200 төсек орны бар. Жалпы құралжабдықтардан да біраз қосымша келіп түсті. 244 ИВЛ аппатары, 60 рентген, 10 цифрлы рентгенін алу жоспарда бар. 40 жедел жәрдем автокөліктері келіп жетті. 2 кешенді автобус келді. Ішінде барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, өңірде 200 орындық модульдық аурухана жақын уақытта бітеді деп жоспарлануда. Жалпы дайындық бар. Екі айлық дәрі қоры бар. Одан басқа 488 миллионға қосымша қорға керек болған жағдайда дәрі алуды белгілеп қойдық.

Нұршапағат Несіпбаев, «Хабар 24» – Қызылорда облысында пәтер кезегінде тұрғандарға үй кезегін пәтерлеп емес, ықшам аудандап беру бастамасы бар. Ал жеке тұрғын үй салушыларға жер телімін беру мәселесі қалай шешіліп жатыр?

— Жер мәселесі әр кезде де өзекті. Біздің облыс бойынша 99 мың азамат жер алу кезегінде тұр. Оның шінде ең көбі Қызылорда қаласында 60 мың адам кезекте тұр. Соңғы жылдар ішінде 27 миллиард теңгеге жер телімдеріне инфрақұрылымдық жағдай жасалған. Оның ішінде бізде 16 мың үйге қазіргі кезде жарық, су, газ беріліп тұр. Биыл 1300 адамға жер бердік. Бірақ, жер берген азаматтар көп жағдайда үй салмай жатады. Заң бойынша 3 жылдың ішінде үй салыну керек. Осы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. \

Оқшау ой:

Қазіргі жағдайда жер беру мәселесінің өзектілігін аймақ басшысы атап өтті. Талап бойынша жер алған азамат 3 жыл ішінде жер телімін жандандырып, үйжәй салу қажет. Өкініштісі сол, жер алғандардың біразы жерден айрылмау үшін үсті-үстіне несие алып, шағын қақыра болса да үй тұрғызуға мәжбүр. Ал бұған да мүмкіндігі жоқ, несие алатын көздің бәрін тауысқан жағдайы төмен отбасылар еріксіз жер телімінен айрылып қалуда. Қазіргі уақыттағы табыстың аздығына, құрылыс заттарының қымбаттығына орай үш жылдық мерзім кей жұртқа аз ба деген ой келеді. Осы қазаққа несиесіз үй салатын дәуір қашан туады екен?

Юлия Волкова, «Еуразия» арнасыСіздің алдыңыздағы әкім Қуанышбек Ысқақов бірнеше рет әуежай мәселесіне байланысты келіссөздер жүргізіліп жатқандығын айтқан болатын. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап бұл жайлы ешқандай ақпарат та, жаңалық та естілмеді. Бұл жоба жасалуда ма? Біз қашан жаңа әуежайды көреміз?

— Сұрғаңызға рақмет. Өте өзекті сұрақ. Бұл мәселе бойынша жұмыс жасаудамыз. Расында, ауқымды жоба болған. Бірақ, бұл жоба тым қымбат. 18 миллиард теңгені құрайды. Дағдарыс заманында бұндай көлемді жобадан бас тарттық, Себебі, Түркістанда үлкен әуежай салынып бітті. Байқоңырда да әуежай бар. Сондықтан, біздің әуежайға реконструкция жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде барлық құжаттары дайын. Бағасы да ақылға қонымды. 1,5 миллиард теңге. Тіркеу орындары, жүк күтіп алу орындары және түрлі қызметтерді жаңалап, кеңейту жоспарда бар. Маңынан екінші ғимарат салынады. Бұрынғы ғимарат сақталып қалмақ.

Алина Параджан, «Хабар» арнасы — Сырдариядағы су деңгейінің түсуі тоқтамауда. Осы орайда бірнеше су қоймасын салу жоспарда бар екен. Бұл қалай жүзеге аспақ? Жасалатын жобалар Сырдарияның арнасын реттеуге және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жұмыстарына әсерін тигізбейді ме?

— Расында, су тапшылығы жыл сайын сезілуде. Біздің күрішшілер бұны жақсы біледі. Егер секундына 500 м 3 су келуі керек болса, биылғы жылы 250 мен 400 ге дейін ғана су келді. Бұл өте аз. Сондықтан, біз Экология министрлігімен бұл тақырыпты бірнеше рет талқыладық. Бізге министр Мырзағалиев келген болатын. Су қоймаларын салу жөнінде жоспарлар бар. Қазіргі күні бұл шаруаға мамандар көмегі қажет. Менің ойымша бұл жобалар Аралға кері әсерін тигізбейді. Қазіргі таңда Сырдарияның арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жөніндегі жұмыстардың екінші фазасы жүргізілуде. Дүниежүзілік банк 1,5 миллиард доллар қаржы бөлді. Халықаралық және отандық мамандар тартылатын болады. Жоспарлы сметалық құжаттары дайын болған сәтте жұмыс күшіне енбек.

Алина Параджанның екінші сұрағы – 2020 жылы Қызылорда-Жезқазған жолын жөндеуден өткізу жайлы айтылған болатын. Қазіргі күні жұмыстың беталысы қандай? Қашан облыста ақылы автожолдар пайда болады?

— Республика бойынша «Нұрлы Жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мемлекеттік маңызы бар жолдар қайта жөнделген болатын. Ендігі кезекте 417 шақырымды құрайтын Қызылорда-Жезқазған жолы қалып тұр. Индустрия министрлігі бұл жоба бойынша жұмыстар атқаруда. Бұл сұрақ бойынша қажетті жобалар мақұлданып, қаржы институты мамандарымен жол құрылысына үкіметтік емес қаржы көздерін қарастыру қаралуда. Жоба үкіметтің мақұлдауында.

Айнұр Коскина. «Вести KG» — Сіз алған ИВЛ аппаратардың қазіргі күйі жақсы. Олардың ешқандай ақаулығы жоқ. Мен дұрыс түсіндім бе?

— Ия, біз алған қазақстандық-түркиялық 96 аппарат. Өңірге келісімен біз оларды тексердік. Қазір олар қолданылмайды. Себебі оған қажеттілік жоқ. Бүгін таңертең реанимацияға хабарласқанымда ковидпен ауырған науқастар жоқ деді. Өткен күндері үш науқас болатын. Қазір олар жазылып шықты.

Айнұр Коскина — Сіздерде соңғы айларда тіркелген науқастардың саны аз. Қалайша науқастар саны азайды? Күніне қанша адамды індетке қарсы сынақтан өткізесіздер?

— Сұрағыңызға рақмет. Тәулігіне біз 1000-1200 адамды сынақтан өткіземіз. Сынақтар ДСМнің хатаммасына сәйкес жүргізіледі. Біз мойынсұнатын 13 санат бар. Сол санаттар бойынша толықтай сынақтар өткізілуде. Бізде екі апта бойы нөлдік көрсеткіш болды. Қазіргі күндері күніне төрт адамға дейін пайда болуда. Олардың арасында вахталық жұмыстардан келгендер бар. Қазір 161 мобильді топ құрдық. Адамда дене қызуы, ОРВИ күдіктері байқалса үйге барып, сынақ жасайды.

Айнұр Коскина — Бұл сұрақты әріптестерім де қойғысы келеді. Жалпы жерлестеріңіз Нұрлан Ерімбетов жайлы жақсы естеліктер қалдыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Оған көше атын беру деген секілді…

– Барлығымыз Нұрлан Ерімбетовты жақсы білеміз. Бірге жұмыс жасадық. Ел үшін талай шаруа атқарды. Бірақ, заңдылық бар. Заң бойынша дүниеден өткеніне бес жылдан кейін ғана бұндай жұмыстар жасауға болады.

Ержан Қожасов, облыстық «Сыр бойы» газетінің журналисі — Менің сұрағым ауылшаруашылығы саласында болмақ. Былтыр біздің облыстан шетелге түйе экспортталды. Биыл сол бастама тоқтап қалып тұр. Осының себебін ашып айтсаңыз. Түйе шаруашылығына қатысты алда қандай жобалар болмақ?

— Бізде мал өсімі бар. Қазіргі кезде ұсақ малдың саны 350 мыңнан асты. Жылқы басы 150000-нан асты. Түйе басы 53 мыңнан асып отыр. Өткен жылы БАЭ, Өзбекстанға, Сауд Арабиясына 600-дей түйе экспортталды. Қазір пандемияға байланысты бұл тоқтап тұр. Бірақ, біз Арал қаласында түйе сүтінен ұнтақ жасайтын зауыт жұмысына дайындалып жатырмыз. Оның қуаттылығы жылына 130 тонна сүт ұнтағы жасалмақ. Жақында біздің бірнеше кәсіпкерлер түйе жүнін және тері өңдейтін фабрикалар ашатындығы жайлы жобаны қолға алуда. Біздің елде жылына 100 тонна түйе жүні сыртқа кетеді екен. Ол өңделсе бағасы 4 есе жоғары болмақ.

Бек Төлеуов, «BAQ KZ» — Қызылорданың намысын қорғайтын осы «Қайсар» клубы. Былтырғы бүйжет бекітілгенде басқа әкім болды. Алдағы бекітілетін бүйжет қандай болмақ және қандай мақсаттар қойылып отыр?

— Футбол бойынша жыл басында 4 млрд теңге қаржы қарастырылған болатын. Сәуір айында бүйжетті қайта қарау барысында бұл сома 1,2 миллиардқа дейін төмендетілді. Келесі жылы 1,350 млрд теңге қарастырып отырмыз. Қазір легионерлер бар. Болашақта олардың саны аз болады деп ойламыз.

«Еуразия» арнасы. Гүлмира Сәулебекова – Менің естуімше, малшылар жем-шөпке деп субсидия алады. Сомасы онша көп емес дейді. Сонда да үкіметтің тарапынан осындай көмекке олар риза. Осы көмек келесі жылы жалғасады ма? Малшыларға жем-шөпке субсидия беріледі ме?

– Белгілі субсидия қаралған. Жақын арада біз өз ұсыныстарымызды Ауыл шаруашылығы министрлігіне жібердік. Бұл жерде қандай мал түрлеріне, оның өлшемі жайлы нақты ақпарат керек болса қосымша береміз.

Гүлмира Сәулебекова — Менің естуімше қазіргі таңда Шардара су қоймасында 950 миллион текше метр су бар. Былтыр бұл көрсеткіш 2 миллиард болған. Жазда диқандар біраз су тапшылығын көрді. Сырдария өзені халықаралық трансшекарада орналасқандықтан бұл мәселе халықаралық деңгейде шешілуі тиіс. Осы мәселе өз шешімін табады ма?

— Жаңа айтылғандай Экология министрлігімен бұл бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ендігі бұл мәселе жақын уақытта мына қысқы суды немесе қар ерітіндісін жинақтау. Және бұл көрші қырғыз және өзбек мемлекеттері басшыларымен шешіледі. Бұл жөнінде көрші Өзбекстаннан делегация келеді деп жоспарланған болатын. Біздің де делегация ол жақа барып қайтты. Егісті әртараптандыру мәселесін қойып жатырмыз. Күріш суды өте көп қажет етеді. Оны қалай диверсификациялаймыз деген сұрақтарды талқылап, шешеміз.

Мөлдір Құлмырзаева, «Qyzylordа» телеарнасы — Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 ден астам оқушының мәселесін шешуді тапсырған болатын. Себебі мектепке баратын балалар 13 рельсті кесіп өтетінінен ел хабардар. Пандемия жағдайында бұл түйіткүл назардан тыс қалып қойған жоқ па? Бұл мәселе қашан шешіледі?

– Арал ауданы Сексеуіл кентінде осындай проблема болғаны рас. Бізде 500-ге жуық бала жолдың арғы бетінде мектепке қатынап жүрді. Қазір жолдың бергі бетінен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 300 орындық мектеп салынып жатыр. Қаржысы 730 миллионнан астам. Бірінші желтоқсанға дейін құрылыс жұмыстары толық бітеді. 25-ші желтоқсанға дейін құрал-жабдықтарын кіргізетін боламыз. Бұл мектепте екі ауысым оқитын болады.

Жанар Сердалина, «Best news» — Сіз облыс әкімі болған тұңғыш әйелсіз. Қарамағыңыздағы 5 орынбасаларыңыздың бесеуі де ер азамат. Бұл жерде плюс көп пе, минус көп пе?

— Иә, менің орынбасарларым ер азаматтар. Аудандарда, орталық органдарда қызмет еткен тәжірбиелі адамдар. Бұл жерде артықшылық көп деп ойлаймын. Біздің 6 басқарманың басшылығына әйел адамдарды қойдық. 5 департаментте де әйелдер жұмыс жасауда.

Жанар Сердалина – «Бәйтерек» ықшам ауданының тұрғындары жолдың, қоғамдық көліктің жоқтығын айтуда. Онымен қоса шибөрілер топырлап жүріп, жергілікті тұрғындардың зәресін алады екен. Сіз бұл шағын ауданда болып көрдіңіз бе? Осы турасында қандай шаруалар атқарылуда?

— Мен бұл шағын ауданда бірнеше рет болдым. Бұл жақта жылу, су, газ, жарық бойынша мәселе жоқ. Жолдар әлі де жасалуда. Оның үстіне 600 орындық мектеп құрылысы басталған. 25-ші нөмірлі қоғамдық көлік жүреді. Келесі жылы 7 шақырым жол салу жұмыстарына құжаттар дайындап жатырмыз. Келесі жылы жұмыс басталмақ.

Шарипа Сақтапова, «Атамекен бизнес» — «Көкарал» су қоймасы едәуір зақымдалды. Күрделі жөндеу жұмыстары екінші жоба аясында жүргізілмек еді. Әлі басталған жоқ. Бұл жайлы не айта аласыз?

— Расында, қазір бұл мәселені зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Өздеріңіз білесіздер, 2005 жылы Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстігін сақтап қалу бойынша бірінші фазада дамба салынған болатын. Қазір сол аумақтың оң бөлігін жуып шаю жұмыстары жүргізілуде. Министр Мырзағалиев осы мәселені қараған болатын. Қазіргі кезде құны 100 миллион теңге жоба сметалық құжат жасалды. Біз келесі жылы жөндеу жұмыстарын бастаймыз деп отырмыз. 4,7 миллиард теңге қаржы бөлінбек.

Сәуле Айтмаханқызы «Facebook» әлеуметтік желісінен — Менің қояр сұрағым, жұмыссыз үйінде отырған көпбалалы аналарды бейімдеуді қалай шешіп келесіздер?

— Бізде 25400-ден астам көпбалалы ана бар. Биыл 1200-ден астам осындай аналарға 1200-ден астам грант берілді. Ол грант бизнес ашуға беріледі. Сонымен қатар, «DalaTex» компаниясы арқылы 120- дан астам анаға арнайы машина алып, үйінен жұмыс істеуге мүмкіндік жасап жатыр. Аз қамтылған отбасыларындағы талантты балаларға арнайы грант берілуде. Ол республикадағы әртүрлі жоғарғы оқу орнына оқуға түсуге мүмкіндік берді. Басқа да осындай іс-шаралар бар. «Бақытты отбасы» ұйымы жұмыс істеп жатыр. Қызылорда қаласын 8 аймаққа бөліп, әр аймаққа мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен бірігіп көмек қажет отбасылардың картасы жасалады. Осы карта бойынша жұмыс беру, төменгі мөлшердегі несие беру көзделуде.

P.S: Сонымен қатар аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы «Қазақ» радиосына да сұхбат берді. Қысқаша айтқанда 9 ай бойғы тынымсыз тірлік ел-жұртқа жария етілді. Әлеуметтік желіге бұқарадан қыруар сұрақ түсіп жатты. Оның ішінде көпбалалы аналар да, бизнес өкілдері де, жұмысы бар, жұмысы жоқ та өз ой, ұсыныс-пікірлерін білдіріп жатты. Жалпы сұрақ-жауаптың біршама бөлігі бастамасы бар, жалғасы белгісіз мәселелер жайлы болды. Бұған індеттің әсері де бар екені сөзсіз.

Жақсысы сол, елде жоқ екі миллиардқа салынатын мектептің де оңтайлы шешімі: оның шығынына кететін қаржы екі миллиардтан 600 миллионға дейін қысқартылғаны айтылды. Бір жағынан миллиардтар қысқартылмаса сол мектеп өзі қандай болады екен деген қызық ой туды.

Бұдан бөлек болгарлық бапкердің футболшыларға қазақша сөйлеуге тиым салғаны турасында әкім өз ойын айтты. Жыл сайын елді елең еткізетін, тіпті кейде дүрліктіретін де әралуан оқиғалардың, жағдайлардың көптеп орын алатындығы заңдылық па деп қаласың.

Ал әлеуметтік желіде облыс әкіміне халықтың ықыласы, тілегі, ұсыныспікірлері де келіп жатты.

Соның бірқатары: Тұрғанай Құрманбекова — Жұмыста ілгерілеу бар. “Сабалақ” елдімекенін қолға алып жатыр. Жарайсыз. Еңбегіңіз жансын. Абырой мен табыс тілейміз.

Ақнұр Бектай — Сыр өңірінде киелі Жалағаш ауданы қарқынды дамуда. Биыл ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 18 жоба жүзеге асырылуда. Биыл 100 төсектік аурухананың ғимараты пайдалануға берілді.

Ал әлеуметтік желідегі өзге де жазбаларға қарасақ, әйел болса да әкім болған, әкім болғаннан кейін ел ішіндегі кейбір қарсылықтарға қарамастан жеті ай бойы “үндемей үйдей іс бітірген” Г.Наушақызымен жүзбе-жүз жүздескісі келетіндердің қатары көбейіп келе жатқандығы байқалады. Әкіммен қалай кездесуге болады? Бізді қабылдамайды — деп базына айтушылар да баршылық.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *