QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

КЕЗ-КЕЛГЕН АДАМ ЕЛБАСЫ БОЛА АЛМАЙДЫ

Автор:QAA.kz

Дек 3, 2020

Қыс мезгілінің алғашқы күнімен Тұңғыш президент күнінің сәйкестігі бостан бос емес. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаяны жалпақ жұртқа мәлім. Оның ел басқару барысындағы таңдамалы шешімдері мен қызықты оқиғаларын оқырманмен бөліскіміз келді.

Алғашқы тәуелсіздіктің тұсы қиын да, «ызғарлы» болды. 1991 жылы бабалар аманатын арқалап, аталарымыз қол жеткізбеген тәуелсіздікті алғанымыз ел-жұрт үшін тосын, әрі керемет жағдай болды.

«Біздің Қазақстанды тәуелсіз мемлекет еткеніміз қуанышты жағдай болды. Біз сол кездері Ресейге тәуелді болдық. Ай сайын тауар бағасы 50 пайызға қымбаттап отырды. Ақша Мәскеуде басылып шығып жатты. Қазір барлығы бұны ұмытқандай. Ресейден ақша сұрап, зейнетақы, айлық төлейтінбіз. Қиындық пен ауыртпашылықтың басым бөлігі маған түсті»,- дейді Н.Ә.Назарбаев.

Ел тәуелсіздік алған жылдары бізге аспаннан ақша түспегені белгілі. Елдегі пайдалы қазбалардан түсетін едәуір қаражат болуы мүмкін еді. Шетелдік алпауыт компанияларды қазақ еліне инвестиция құюға шақыру, сенім ұялату қиынның қиыны болатын.. Ешкім де жаңадан құрылған, болашағы күмәнді мемлекетке қаржы құйғысы келмеді. Бұл кездері шекара мәселесінің өзектілігі басым уақыт болды. Сол кездегі Ресей президенті Ельцин «Теңіз» орнын Ресейге беруді сұраған. Бұл талапқа Елбасының қарама-қарсы талабы болды. Ендеше, бізге Орынбор облысын қайтарып беріңіз дегенінен Ельциннің мысы басылған көрінеді.

АҚШ-тың президенті үлкен Джорж Буштың біздің елмен жасаған келіссөздері екі жақты пайда әкелді. Тоқсаныншы жылдары қазақ елі мен «Шеврон» компаниясы арасында байланыс орнады. Сол кездегі бағаммен біздің елге шетелден 100 миллиардқа жуық инвестиция келді. Бұл тұста Елбасының сенімді келіссөз жүргізуі қомақты рөл ойнады. Оның үстіне біздің елдегі салық мөлшері ең төменгілердің бірі болды.

Ал 1997 жылғы Астананы ауыстыру шешімі ең қиын, әрі қызықты болды. Бұл орайда қай қалаға бармасаң да кез-келген елдің астанасын өзен кесіп өтеді. Еуропа елдерінің бірнеше қалаларынан Дунай секілді өзендер кесіп өтсе керек. Елбасы алдымен Ақтөбе, Қарағанды қалаларын қарастырған. Алайда таңдау Ақмола өңіріне түседі. Бұл орайда Қазақстанның бас қаласы Нұр-Сұлтанға ауысты. Осы уақытқа дейін Астананың маңында 100 000 гектарға жуық орман отырғызылды.

«Барлық қалалар елордаға қарап бой түзейді. Біз орман отырғызғаннан кейін Талдықорған да, Ақтөбе де, Қарағанды да орман отырғыза бастады. Демек, олар Астанаға қарап бой түзеді. Елорданың ауқаты жақсы болса, ол басқа да қалаларға әсер етеді»,- дейді Елбасы.

Елбасы жарнамасы

Жас кәсіпкер Арман Тосқанбаевтың компьтерлік техникаға құлшынысы оған ірі пайдаға әкелді. Бір компаниясының өзі жылына 160 миллион теңгеден астам пайда әкелетін көрінеді. Оның «Отан» брендіндегі отандық сағаттар өндірісі кең етек жаюда. Елтаңбаның бейнесі бар сағаттың құны әр түрлі. Бағалы металлдардан жасалатын отандық брендті Арман Тосқанбаев Елбасына сыйға тартқан болатын. Жастармен кездесу барысында Тосқанбаев тек Елбасымен дөңгелек үстелде әңгіме — дүкен құруы тиіс болатын. Президент хаттамасына сәйкес Тосқанбаевтың президентке жақындауына болмайтын еді. Алайда, эфирде Тосқанбаев ойда жоқта Елбасына арнап жасаған сағатын ел-жұрттың көзінше оның қолына тақты. Осы бір 30 секундтық кадрдың өзі Тосқанбаевтың бизнесінің қарыштап дамуына әсер етті. Рәсім соңында Елбасы: — « Енді швейцариялық емес, отандық сағаттарды тағатын боламыз».— деген еді.

Әзілің жарасса…

Елбасының АҚШ президенті Дональд Тармппен кездесуі ең жемісті нәтижелерге қол жеткізуге септігін тигізді. Бұл орайда екі ел арасындағы экономикалық байланыс дами түсті. Екі жақты диалог барысында Елбасы Трамппен әділдескен де болатын.

«Президент мырза, сіздің АҚШ-ғы салық жүйесіне енгізген өзгертулеріңіз өте құптарлық іс. Мен бұл шешімді қолдаймын. Өйткені дәл осындай шешімді мен бес жыл бұрын қабылдағанмын»- деген сөзіне Трамп күлген болатын.

Бұл әзілдің астында біздің елде қабылданған шешімдер алпауыт АҚШ-ты да кейінге ысырған секілді деген ой қалады. «Сонымен қатар, сіздің тоғызыншы немереңіздің дүниеге келуімен құтықтаймын. Бірақ, өткен жылы менің оныншы немерем дүниеге келген еді», -деп, Елбасы әзілкеш Трампты тағы бір ұтты.

Айта кетейік, бұл кездесу барысында қазақстандықтардың АҚШта визасыз жүру режимі де талқыланып, оң шешімін тапты.

Сондай-ақ, Елбасының Сыр еліне сапарынан да біраз қызықты ақпарат беруді жөн көрдік. Нұрсұлтан Әбішұлының Қызылордаға сапары кезіндегі тосыннан таңқалдырған Көксу бағы жайлы ерекше ойын білдірген еді.

«Бақты көріп отырсыздар. Бір адам өз ойыменен, жігеріменен тұз соры шығып жататын жерге осындай бақ өсірді. Кезінде Астананың шетінде де орман өспейді деп талай айтқан. Бүгінде 70 мың гектар орман өсіп тұр. Бұл деген ауаны тазартады, өте пайдалы. Тал да, жидек те өседі. Бәрі еңбекке байланысты»,-деген еді.

Елбасының айтуынша билікке келгелі оның арнайы дизайнері де, киім таңдаушысы да болмаған көрінеді. Ол барлық киімді өзі таңдап, әр кездесуге өзі дайындалатын көрінеді. Ал Елбасының сол кездегі жеке аспазшысы Игорь Кубряков: «Елбасы таңғы асқа ботқа жейді. Сұлы ботқасын жидектермен қосып тұтынады. Түскі асқа сорпа дайындаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы бәрінен бұрын кеспені жақсы көреді. Ал екіншіге немесе кешкі асқа жеңіл тағамды жақсы көреді. Мәселен балық, оның ішінде теңізде өмір сүретін балықтарды жақсы көреді»,— дейді.

Ал президент резиденциясының жертөлесінде спортзал орналасқан. Бұл жердегі ең керемет жәдігер сары түсті доп. Елбасының Бразилияға сапары кезінде атақты футболшы Пеленің қолтаңбасы қойылған, сыйланған аяқдобы екен.

«Ең алғаш қорғауға алынып, оққағарлармен жүрген кездері үйренісу қиын болды. Үнемі олар мені аңдып жүрген секілді болатын. Алғашқы кездері мейрамханаларға, дүкендерге кіре алатын едім. Қазір маған болмайды. Күзетшілеріме де үйрендім. Бұрынғы кездері олардан қашып кеткім келетін»,-деп еске алады Елбасы.

Бұл тұңғыш президент жайлы жұрт біле бермейтін ақпараттардың бірқатары ғана. Өзге ел басшыларының Елбасы жайлы жақсы пікірлерін естігенде, оқығанда жүрегің жылып, өз еліңе деген мақтанышың арта түседі. Шынында 18 миллионға жуық халықты басқарудың жауапкершілігіне кез-келген адам төзе алмайтыны сөзсіз.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *