QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

КЕШІКПЕЙ КЕЛЕР ДЕП, ТҰРАҚТА КҮТІП ЕМ

Автор:QAA.kz

Янв 21, 2021

Қоғамдық көліктің кемшілігін жасырып та, жақтап та ала алмаймыз
Күніне мыңдаған жолаушыға қызмет көрсететін қоғамдық көліктен әйтеуір бір кем-кетік анықталуда. Бұндайды әдетте жұрт суретке түсіріп алып, әлеуметтік парақшаларға жүктеп, назын айтып жатады.
Ал жауапты мамандар кемшілікті болдырмауға жұмыстар атқарылуда дейді. Әу бастан еш саланың жұмысы мінсіз болмаған. Сондықтан, бұл арада белгілі бір кемшіліктің болуы орынды. Бірақ, шектен тыс емес.

Өздеріңізге мәлім цифрлы даму жолында жолпұлды ақылды қылу қайтақайта қарастырылып, халық тарапынан оң пікір таба алмады. Себеп қолмақол төлемге бекітілген бағада. 120 теңгені ауырсынған халықтың басым бөлігі бұл шешімге қарсы болды. Ал қазір, қолма-қол жүйемен карталық жүйе йық теңестіріп, бір бағаға жұмыс жасауда.

«Alempay»-дің ақылы


«Алемпей»-дің Қызылорда қалалық филиалының директоры Рысбек Сәрсенбекұлының мәліметінше карталық жүйеге көшкен 4006
жолаушы бар. Олардың арасында 800-ге жуық оқушы бүгінде ақылды жолпұлды қолдануда. Алайда, тұрғындарға жеңілдік ретінде «Каспий»
және «Менің Билайным» қосымшалары арқылы да жол ақысын төлеу қарастырылған. Қазірдің өзінде халықтың басым бөлігі банк картасы
арқылы төлеуді әдетке айналдырса, жұртшылық тарапынан зор қолдау болар еді. Себебі, «каспий» қосымшасы арқылы қоғамдық көлік жүргізушісінің жеке шотына жол ақысын төлейтін
жолаушылар көбейген. Дәл осындай жолмен бұдан былай жүргізушінің емес, автобустың нөміріне де жолпұлды аударуға болады. Ал волидаторлар орнатылмаған жеке кәсіпкерлердің жолаушылар көлігі әлі күнге дейін сандық технологияны орнатуға келісім бермей келеді. Бұл тұрғыда аталған мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, алдағы уақытта бір мәмілеге келіп, жеке кәсіпкерлердің бір ауыздан валидатор орнатуға келісетіні анық. Жақын арада қоғамдық көліктердің жүру бағыты бойынша жаңа сызба қабылданды. Аталған жоба әлі де зерделену үстінде. Десе де, бірінші жарты жылдықта жұмыс күшіне еніп, қыза түспек. Сызба жасауға басты себепкерлер қалаға қарасты шалғай елді мекендердің тұрғындары. Оларға қатынайтын көлік құралының интервалы
өте ұзақ, ал кейбір мөлтек аудандарға мүлде көлік қатынамайды. Осы тұрғыда қабылданған жаңа сызба қаладағы жолаушылар тасымалының кемкетігін түзеуі тиіс.

Аялдамаға ақыл кірмек


Қазіргі күнде қалада жалпы саны 636 қоғамдық көлік жолаушыларды тасымалдауда. Олардың 103-не электронды төлеу құрылғысы
орнатылған. Ақылды аялдамалардың да рөлі басым. Осы тұрғыда қаладағы аялдамалардың жанына электронды таблойд орнатылған. Ол жолаушы күткен бағыттың неше минутта болатынын, қай жерде келе жатқандығынан хабар береді. Қалай дейсіз бе? Әр қоғамдық көлікке GPS қондырғылары орнатылған. Осы арқылы қоғамдық
көліктің қаланың қай түпкірінде жүргенінен хабардар болады.


Аялы аялдама керек-ақ

Сондай-ақ, аялдамалардың жай-күйіне қарсы ой пікірлер жоқ болса да, әттеген-айлар кездесуде. Мәселен, Назарбаев даңғылыны
бойында орналасқан «Aray city mall» ойынсауық орталығының алдында аялдама орналасқан. Ал қарсы беттегі қалалық нөмірі 3 емхана тұсында аялдама бекеті орналаспаған. Бұл тұста мынадай түсініспеушілік туады. Ойын-сауық орталығынан шыққан жолаушының жазда шыжыған күннен, қыста қақаған суықтан ал күзде құйған жаңбырдан сақтайтын ық болар аялдамасы бар. Ал
аурып-сырқап емханадан шыққан, немесе сол аумақтың жолаушыларына ық болар аялдама орнатылмаған. «Қызылорда қалалық автобус паркінің» директорының орынбасары Қанат
Рахметовтың айтуынша заңда көрсетілгендей әр аялдамалар арасының қашықтығы 400 бен 800 метр болу керек. Әр жолаушы аялдамаға дейін осыншама жол жүріп, сол жерден қоғамдық
көлікке мінуге міндетті. Десе де, нөмірі 3 емхананың алдына барлық қоғамдық көлік тоқтайды. Сондықтан, осы емхана алдына кең
көлемді, орындықтары бар аялдама салған жөн
болар.

Қоғамдық көліктің мұңын Арай және Саяхат пен Сәулет тұрғындары жатқа біледі. Әлеуметтік желілерде шешуді талап ететін мәселелердің
біраз бөлігін сол ауданның тұрғындары жолдауда. Сабаққа қатынайтын балалары кейде қоғамдық көлікті көп күтетін көрінеді. Ал кей уақытта сол көліктер мүлде көзге көрінбейтіндей дейді.
Жаңадан жасақталған сызба осы олқылықтардың орнын толтырмақ. Қаланың аумағы кеңейіп, саяжайлар мен басқа да шет
аумақтар қала құрамына кіруде. Сәйкесінше, сол аумақтың да жолаушыларына жағдай жасалуда. Бүгіннің өзінде қала құрамындағы аймақтарға жол салынып, қоғамдық көлік мәселесі жан-жақты қаралуда. Жеке кәсіпкерлер тарапынан халыққа қызмет
көрсететін жолаушылар көліктерінің кемшілігі де жоқ емес. Орта сыйымдылықтағы көліктер белгіленген мөлшерден көп адамды қамтып, ыңғайсыздық туғызуда. Онымен қоса, ішінен
жағымсыз майдың, дизель тектес отындардың йісі мүңкитіндері де жетерлік. Осы тұрғыда жауапты мамандар олардың техникалық
жағдайын тексеріп, жарамды көліктерді бағытқа қоятын көрінеді. Алайда, іс жүзінде іші лас, йісі нашар кейбір көліктер қала
көшелерінде жолаушылар тасуда. Бұл көріп, сезініп, тексерілген жәйт.
Лас демекші, автопарктың да ішінде лас көліктер бар. Алайда, «Қызылорда автобус паркінің» директорының орынбасары Қанат
Рахметовтың айтуынша әр уақыт сайын санитарлық қадағалау болып, жауапты мамандар жұмыстарын жасауда. Олардың ішінде шүберек орындықтардың кірлеп кеткені рас, алайда оларды күн жылынғанда жуып, кептірмекпіз дейді. Шүберек орындықтан бөлек, ішінде майы ағып, қол тіреуіштері кірлеген автобустар да кездеседі. Осы мәселені қолға алған абзал болар.

Бір қолында рөл, екіншісінде жолпұл

Қоғамдық көліктің жүргізушілері бүгінде кондуктордың да қызметін
атқаруда. «Бір колымен бесікті, екінші қолымен әлемді» демекші, бір қолымен рөлді ұстаса, екінші қолымен жолпұл алатын жүргізушілер ерледі. Себебі, қазіргі күні штатта ешқандай кондуктор қызмет етпейді. Демек, жүргізушінің жұмысын ауырлатпау үшін, карталық төлемге толығымен көшсек жарар еді. Айта кетерлігі, автобуста жүретін картадан басқа банк карталарын волидаторға сүйкетсеңіз болғаны, жолпұлды автоматты түрде сыпырып
алады.

Жүргізушілерге сабақ болады

Сондай-ақ, Қанат Рахметовтың айтуынша аптасына бір рет жүргізушілерге этикалық, ережелер сабағы өткізіледі. Себебі, көлік жүргізу барысында шылым тартатын, дөрекі сөйлейтін, қалтафонмен сөйлесетін жүргізушілер де кездеседі. Десе де, барлық қызметкерлерді олай деуге болмайды. Сондада арасында күллі ұжым атына кір келтіретіндер кездесуде. Автопарктың орынбасарының сөзіне сенсек анайы қылық жасаған жүргізушіге ескерту беріледі, егер әдетін тыймаса жұмыстан шығарылады екен.


P.S: Жоғарыда айтылғандай қоғамдық көліктің жетуі қиын аймақтары түгел қамтылып, шет аудан тұрғындарын бір марқайтады деген ойдамыз. Қыс пен күзде батпақ кешіп, жазда терлеп-тепшіп жаяулататын жолаушыларға қоғамдық көлік пен көлеңкелі аялдама бұйырса игі.


(Талқыланған мәселелер ел аузынан
алынып, оқырманға жеткізілді. Айтылған
олқылықтар қоғамдық көліктің барлық
қызметкерлеріне қатысты емес).

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *