QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

КЕЛІСІМГЕ КЕЛІПТІ

Автор:QAA.kz

Сен 23, 2021

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев біздегі «Байқоңыр ӘКК» ҰҚ мен кәсіпкерлер басын біріктіріп, үш жақты келісімге қол қойды. Бұл дегеніміз, қалада онсыз да көбейіп жатқан әлеуметтік дүкендердегі халыққа керек азықтүлік түрлері бұдан былай қаладағы алып сауда орындарында да сатылады деген сөз.

Қазірдің өзінде «Сыбаға» ЖШС, «Океан», «Нұрсұлтан», «Жансая», «Фуд-Маркет» сынды ірі сауда орындары бұл келісімді мақұлдады. Бұдан былай сатып алушылар сандалмайтын болады. Әлеуметтік дүкеннен зардап шеккен ешкім жоқ. Десе де, базарда, сауда үйлерінде жүрген жұрт ол жақтан әлеуметтік дүкенде сатыла бермейтін азықтүлік түрлерін алатын еді. Ол өзіміз тұтынып жүрген қаймақ, шырындар, шұжық пен ірімшіктер тағысын тағы. Бұл азық-түлікті алып, әрі қарай арқалап әлеуметтік дүкен іздеп кететін еді. Қысқасы, ұзақ жүретін. Алдағы уақытта әлеуметтік азық-түлік болсын, басқа да керекті жабдықтар бір шаңырақ астынан табылмақ.

«Қалыптасқан қиын кезеңге қарамастан қала тұрғындарын күнделікті тұрмысы үшін маңызды болып табылатын азық-түлік тауарларын төмен бағамен қамтамасыз ету бағытында біздің ұсынысымызға қолдау білдіріп, бастамамызды қолдағандарыңызға шынайы алғысымды білдіремін», — деген қала әкімі меморандумға қол қойған сауда орындарының жұмысына табыс тіледі.

Былай қарап тұрсаң, кәсіпкерлер де көмек қылып жатыр. Әйтпесе, өзінің кәсібі сауда үйіндегі ыстық орында сатушы кәсіпкерлерге беріп, тәуір пайда алып отырса да болар еді. Десе де, келісуге келіп, ғимаратының бір бұрышын әлеуметтік азық-түліктерге арнапты. Бұл заттар әдеттегідей нарықтағы бағасынан 10-15 пайыз төмен сатылады.

Бүгінгі күнге дейін Қызылорда қаласы әкімдігі мен бірқатар тауар тасымалдаушы мекемелер, ірі сауда орындары арасында бағаны тұрақтандыру бойынша арнайы меморандумға қол қойылған болатын. Қазірде қалада орналасқан ірі сауда орындары «Қызылорда», «Ажар Сити», «Мирас», «Аль-Асад» ғимараттарында нарық бағасынан 10-15 пайызға төмендетілген әлеуметтік өнім сөрелері бар. Әлеуметтік маңызы бар азық -түлік тауарларының бағаларының өсуіне жол бермеу мақсатында қалада «Алтын қамба» қоры, және 33 әлеуметтік дүкен жұмыс жасауда. Мәселен, бір сауда үйінде жеке сатушы мен әлеуметтік дүкен сөресі қатар тұр делік. Жеке сатушы болса да қымбат сатады. Маңында тұрғын әлеуметтік сөре бағаны тұрақтандырып, басқа да саудагерлердің бағаны түсіруіне жол ашады. Әйтпесе, халықтың бәрі сол әлеуметтік сөрелерге ғана келеді емес пе…

Алдағы уақытта халық тығыз орналасқан шағын аудандарға әлеуметтік дүкендер салу жоспарда бар. Қарап тұрсақ, тұрғыны көп жерлердегі әлеуметтік дүкен сөрелері тез босап қалады. Бұл азық-түліктер халық санына шаққанда жеткіліксіз дегенді білдіреді. Сонымен қатар, әлеуметтік дүкеннің ерте жабылуы да халық тарапынан сұрақ туғызуда. Күндіз жұмыста болатын жұрт кеш бата жетілерде үйіне қайтқанда ашық тұрған әлеуметтік дүкен көрмейсің. Бәлкім жабылу уақытын сәл ұзарту керек болар.

Осы жиынның алдында қала әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов пен шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев екеуі бірлесіп, азықтүлік мәселесіне қатысты жиын өткізген болатын. Бүгінгі таңда қаладағы ірі сауда орындарында бұрыннан бар әлеуметтік азық-түлік бұрыштарының жайы сөз етілген еді. Мәселен, «Қызылорда», «Ажар-Сити», «Мирас», «Анвар», «Аль-Асад» т.б., әлеуметтік өнім сөрелері жұмыс істеуде, бұл сөрелерде нан 55 теңгеден, 1 сортты бидай ұны кг 135 теңге, картоп 130 теңге, жуа 80 теңге, қырыққабат 80 теңге, сәбіз 170 теңге, тауық жұмыртқасы 24 теңге, қант 270 теңге, күнбағыс майы 630 теңге, қарақұмық жармасы 400 теңге, сиыр еті 1650 теңге/кг сатылуда. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермей, мейлінше нарықтағы бағадан 10-15-20 пайызға дейін түсіріп сату жұмыстары сараланды. Осы орайда алдағы желтоқсан айының 4-не дейін Е.Көшербаев көшесі мен А.Иманов көшесінің аралығы, «Мәңгілік алау» алаңында С.Толыбеков көшесі мен Д.Қонаев көшесінің қиылысында әр сенбі сайын жәрмеңке ұйымдастырылып тұрмақ. Бұған да таң атпай барып азық-түлікпен қамданып алмасаңыз бір-екі сағатта бос сөреден көз ашпайтын боласыз.

Шаһар басшысы Ғанибек Қонысбекұлы азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсуіне жол бермеу және олардың тиісті қорын жасақтау, сұранысқа сәйкес тауар бағасының қол жетімді болуына жағдай жасау шараларын басты назарға ала отырып, сала басшыларына кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізуді тапсырды. Қыстың алдында ұйымдастырылған жәрмеңкеден бүкіл қысқа болмаса да, бір айлық азығыңызды арзан бағамен алғанға не жетсін?..

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *