QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Қызылорданың оңы мен солы

Автор:QAA.kz

Сен 16, 2020

 Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы қала мен сол жағалаудағы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарды аралады. Әрине, басты назар сол жағалаудың құрылыс жобаларында болды. Аумағы 1532 гектарды құрайтын жаңа Қызылорда күн санап өсіп келеді.

Сол жағалаудың құрылысы басталғалы түрлі ғимараттардың сәулетіне таңқалатын болдық. Алғашқы болып «Болашақ» университеті бой көтерген еді. Қалада бұрын соңды биік ғимарат салынбаса керек, барлығының арманы осы нысанды көзбен бір көру еді. Алайда, құрылыс бұнымен тоқтамақ емес. Жақын арада «Транстелеком» АҚ әкімшілік ғимараты да бой көтерген. Қазіргі күні ұсақ құрылыс шаруалары ғана қалған «Транстелекомға» қарама-қарсы «Болашақ» университетінің спорт кешені бой көтермек. Осы күннің өзінде сол жағалауда 10 000-ға жуық тұрғын өмір сүруде. Айналасы шаң-тозаң болса да, біртіндеп қала кейпіне еніп келеді. Ескі қалада болмаған нысандарды осы жобадан анық байқауға болады. Жастар үшін футбол алаңдары мен демалыс орындары салынбақ. Десе де, ең алдымен елге ең қажетті жобалар басталмақ. Оның ішінде «Шығыс» базары да бар. Күннің аптап ыстығында далада тұратын саудагерлер мен біздегі базар маңын қаптаған кептелістердің тыйылуына аз ақ қалды. Әзірге ірге тасы қаланбаса да, жер бедерін тегістеу жұмыстары атқарылуда. Біздің өңірдің сайларын реттеудің өзі қаншама уақытты талап етеді.   Маңыздысы, базар заманауи талаптарға сай болмақ. Құрылыстың бірінші кезеңі алдағы жылы аяқталуы мүмкін. Маңына көлік тұрақтары салынып, базардың үсті жабық болмақ.

Сол жағалаудағы 5 қабатты тұрғын үйлердің аулаларын көгалдандырған жөн. Немесе, әр үйдің тұрғыны подъезд алдына талдар отырғызса керемет емес пе? Ең маңыздысы жаңа үйлердің аулаларындағы автотұрақтарды кеңейту қажет. Сонда тұрғындардың көліктері жол бойында, ойын алаңдарында тұрмайтын еді. Қызылорда қаласындағы олқылықтар сол жағалауда қайталанбауы тиіс.

Бұл базардан әрі Шіркейлі көпірінің құрылысы жүруде. Қазіргі күні көпір құрылысы аяқталуға жақын. Тек оған қосылатын автожолдар байланысы қаралуда. Әзірше бұл жалғағыш жолдардың құрылысы бітпейді. Жобаға ең құрығанда 2-3 жыл уақыт керек. Алайда, уақытша жол салу жұмыстары қарастырылуда. Көпірдің маңызы өте зор, көрші ауылдан келетін көліктерге және Ресейден қатынайтын жүк көліктеріне үлкен мүмкіндік туғызбақ.  Ең бастысы ауыр жүк көліктері қаланы айналып келмей, осы көпірден өте алады. Көпірдің нақты 90 пайыз жұмысы аяқталды. Жоба 21-қыркүйекке дейін тәмәмдалады.

Әр мердігер компанияның басшылығына әкімнің қойған  «Тағы мәселелер, кедергілер бар ма?»  деген сұрағы болды. Бұл сұраққа барлық мердігер басшылар жоқ деп жауап берді. Демек, сол жағалаудағы қала құрылысында кінәрәт та, олқылықта болмайтын болады.

Бұдан өзге Тұңғыш Президент паркінің маңы да абаттануда. «Қорқыт Ата» әуежайына баратын жолда «Денсаулық» аллеясы бой көтерген. Құрылысты «Бақ-Береке 2030» ЖШС жүргізуде. Бүгіннің өзінде толықтай аяқталған нысан алдағы күндері халық игілігіне берілмек. Аумағы 30 гектар болатын алаңда спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Ішінде велотұрақ пен жүгіретін жолақтары бар. Тұрғындар демалатын алаңы мен 12 түйір ойын және жаттығу орындары салынған. Аллеяда 20 717 көшет және 60 855 гүл егілген. Әзірше жобаның құны миллиардтан асып жығылады. Алайда, бюджеттің мүмкіншілігі бұл қаражатты толық көтере алмағандықтан  «Бақ-Береке 2030» ЖШС-нің басшысы Ерназаров Қайрат өз қаражаты есебінен құрылысты жалғыстырып, аяқтап берді. Қазіргі кезде оған тиесілі берешек қаражат өз уақытымен бөлінуде. Десе де, қаржыны сылтау етпей, бастаған құрылысты соңына дейін жеткізген ел азаматы қаланың абаттануына зор үлесін қосты.

«Абырой ортақ, Ел ортақ. Сондықтан, туып өскен жерге қызмет етіп, өркендеуіне үлес қосуымыз жөнді шаруа. Қазіргі күннің өзінде аумаққа су ару құрылғысын алдырттық, оның үстіне дарияның бойымен веложол салынды. Сондықтан, кез-келген тұрғын осы жерде салауатты өмір салтын кедергісі ұстана алады. Кәсіпкерлерге арнайы алаңдар қалдырып кеттік. Бұл жерге жеке кәсіп ретінде спорттық ойын алаңдарын немесе бассейн салуға да болады. Әзірше, біз өз жұмысымызды аяқтадық. Аллея қолданысқа дайын», деді –жеке кәсіпкер Қайрат Ерназаров.

Қала әкімінің келесі аялдаған нысаны «Сыр Ана» монументі. Нысанның ашылғанына осымен сегізінші жыл болса да оның тұрғындарға қызмет етіп жатқанын ешкім көрмеген. Бір жылдары қаланың туған күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада ресми ашылған болатын. Сол кездегі шаһар басшысы Мархабат Жайымбетовтың тұсында іргесі қаланған монумет әлі күнге дейін жабық. Сыр ананың кілті кімде екен?

Монумент алаңы толықтай қайта жаңғыртылды. Арғы басынан ойын және жаттығу алаңы салынған. Ал кірер тұсында ерекше екі фонтан орналасқан. Жер бетімен бірдей фонтан біздің қала үшін тың жаңалық. Алайда, қаланың сейілмес желі суды әрі-бері шашыратып, маңын көлшікке айналдырып жіберген.

Жобаны атқарып жатқан «Техноска-Ремсервис» ЖШС монументтің маңында айтарлықтай іс тындырған. Көзге көрікті көрінетін көгалдандыру жұмыстары жақсы жасалған. Монумет маңына  348 түп ағаш отырғызылса, 7 900 шаршы метрге газон төселген.

Назарбаев даңғылы бойындағы абаттық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Даңғыл бойымен Тасбөгет кентіне дейінгі жол аралығы толықтай жарықтанып, абаттанбақ. Ұзындығы 8244 метр, ені 30 метрді құрайтын жаяулар жолы мен тынығу орындары салынуда. Жалпы саны 1231 болатын орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарық шамдары орнатылуда. Қаламызда тұңғыш рет соңғы үлгідегі шетелдік жарық шамдар пайдаланылуда.

Сонымен қатар, субұрқаққа бай қала атанудың алдында тұрмыз. Назарбаев даңғылы бойында соққыға, қысымға төзімді материалдан жасалған сушашқыштар салынған. Соның бірі «Дәрігерлер аллеясында» орналасқан. Қалай десек те, дәрігерлер осы уақыт аралағында өздерінің мәрттігін тағы да дәлелдеді. Сондықтан, вирусқа қарсы қызмет қылған, өз өмірлерін қауіпке тіккен дәрігерлерге елдің атынан сыйлық деп айтуға да болады.

Шыны керек, бұндай қарқынды құрылыс та, жақсы жаңалықтар да қалада алғаш атқарылуда. Барлық аумақта бір демде қаланың өсуіне жақсы жағдайлар жасалуда. Бұл қарқынды жұмыстар шаһардың аббатанып, дамып, ірі қалалармен йық теңестіретін дәрежеге ұмтылдыратыны анық. Аса қарқынмен көркейген қаламызға «көз тимесіннен» басқа айтарымыз жоқ.

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *