Елімізде кәсіпкерлік саласы жыл санап ілгерілеуде. Жаппай кәсіпкерлік аймағымызда жақсы қарқын алуда. Облыста 2017-2021 жыл жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы болып жарияланды. Осы орайда кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық қолдау мен көмек көрсетіліп жатыр. Кәсіп ашамын дегендер болса, әкімдер қолдауға әзір, қағаз құжатына жәрдемдесіп жанынан табылады. Дегенмен кәсіпкерлікті қолдау жылында кәсіппен айналысу бағытында халық арасында толық түсіндірмелер жүргізілді ме, жас кәсіпкерлерге қандай қолдаулар бар деген мәселелер аясында облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтылды.
Ауыл кәсіпкерлерін жеңілдікпен қаржыландыру туралы тақырыбында өткен жиында сөз алған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ директоры Мұхтар Әлімханұлы былайша баяндады. Спикердің сөзіне сүйенсек, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауылдық жобаларды қаржыландыруды бастады. Қор 2013 жылдан бері ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыруды көздейтін бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың қаржылық операторы болып келеді. Компания 2017 жылдан бері 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асырады. Өткен жылы осы бағдарлама бойынша жалпы сомасы 2,7 млрд. теңге болатын 651 астам заем берді. Өзінің несиелік өнімдерінің көмегімен Қор ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, түйелер, құстар, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алынады. «Кәсіпкер» ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6% сыйақы мөлшері бойынша беріледі. Несие өніміне байланысты кезеңі, сомасы, жеңілдік кезеңінің ұзақтығы өзгереді. Сондай-ақ, қордың несие өнімдері жағдайында аграршылар қызметінің ерекшелігі, оның ішінде ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы мен циклділігі ескерілді. Биыл қор 2,4 заем беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына 1405 млн. теңге қарастырылған. Нәтижелі жұмыспен қамту қаражатын қайта инвестициялауға 583,9 млн. теңге қордың жеке қаражатынан 490 млн. теңге бөлу көзделіп отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие өнімдері. Етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы аясында «Сыбаға» несиелік бағдарламасы. Сондай-ақ, сүт, тауар, фермаларын дамытуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды жалғастыру жоспарлануда.
Бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алу үшін ауыл тұрғындары жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, кәсіпкерлік негіздеріне оқуға тиіс. Сертификат алған соң жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, халықты жұмыспен қамту орталығынан несие алу үшін жолдама алады. Одан әрі бастапқы құжаттар топтамасын және бизнес-жоспарын алып қор филиалына жүгінуі қажет немесе Kazagro.kz порталының көмегімен онлайн өтінім беруі керек,- дейді ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры АҚ директоры М.Әлімханұлы.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы бағдарламасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерхан Ағыбаев, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гауғар Қалмақова тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісіп, пікірлерін жеткізді. Қойылған сұрақтарға жауап берді.
Брифинг барысында кәсібін жаңа бастаймын деген кәсіпкерлерге төмен пайызбен қаржы беру жағы да қарастырылғаны айтылды. Сондай-ақ, елді мекендегі тұрғын үйлерді де кепілдікке қоюға болатыны және техникаларды да кепілдікке алып, қаржы беріп шағын кәсіп бастауға үлкен қолдау болатыны да жеткізілді.
Кәсіпкерлік — экономикамыздың қозғаушы күші. Орта және шағын бизнестің дамуы — жаңа өндіріс, жұмыс орны, табыс көзі, саяси тұрақтылық.
Әрине кәсіп бастау оңай емес. Үкімет тарапынан кедергілер алынып кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырылып, барынша қолдау көрсетілуде. Осыны дер кезінде пайдаланып қалу қажет. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылған басты ой осыған саяды.
Т. БЕКМЫРЗАЕВ