Идея бар, ақша жоқ, немесе санада мыңдаған тірлікке жоспар бар, ол үшін қаржы керек деген кәсіпкерлерге әркез қолдау бар. Бұны күнделікті құр сөздің жетегіне еріп емес, дәлелденген істен байқап келеміз. Айтпағымыз, мемлекет өзгеге бағынбай, өздігімен әрекет етіп ақша табамын дегендердің де талабын ескеруде. Әрқилы бағдарламалар жариялап, сан түрлі жобалар ұсынды, одан қалды төмендетілген пайызбен несие рәсімдеуге де мүмкіндік берді. Қазір де көпшілік үшін маңыздылығы басым бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Бірі – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы. Мақсаты – өнеркәсіп саласының ілгерілеуіне басымдық беру. Сұранысқа ие тауарларды өндіру арқылы отандық өнімдердің өрістеуіне қолдау көрсету.

Аталған бағдарлама Сыр өңірінде де, оның ішінде облыс орталығы – Қызылорда қаласында да кең көлемде орындалып келеді. Мәселен, бағдарлама негізінде қала бойынша жалпы құны 2 млрд. 529 млн. теңгені құрайтын 31 жоба қолдау тапса, оның ішінде ағымдағы жылы жоба құны 391 млн.теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асқан.

Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі ретінде кәсіпкерліктің қай бағытына да қолдау танытатынын айтуға болады. Мәселен, азық-түлік тауарларын, тұрмыстық заттар, кеңсе тауарлары, құрылыс заттары және өзге де қажетті бұйымдар назарға алынған. Айталық, барлығы 46 тауар түрі бойынша 133 экономикалық қызмет түрлеріне басымдық берілуде.

Сонымен қатар, бағдарлама аясында несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағыты бойынша несие көлеміне шектеу қойылмайды. Сыйақы мөлшерлемесі 6%-ды құрайды. Бағдарламаның кепілдендіру бағыты бойынша несие көлемі 3 млрд. теңгеге дейін несиенің 50%-на кепілдеме берілсе, 3 млрд. теңгеден 5 млрд.теңгеге дейін несиенің 30%-на кепілдеме беріледі.

Қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов:

Карантин біраз кәсіпкерлердің жоспарлары мен жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне сәл тосқауыл болғаны рас. Алайда, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қазіргі сәтте олар үшін ұтымды нұсқа екені де айқын. Қала кәсіпкерлеріне қолдау білдіріп, ойға алған жоспарларының кедергісіз атқарылуына мүмкіндік берілуде. Ол үшін бағдарлама негізінде екінші деңгейлі банктерден жеңілдетілген несие алуға болады. Алайда, банктер тарапынан немқұрайлылық, немесе қызмет көрсету сапасындағы олқылықтар орын алып, құжаттардан мәселелер туындаса, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің РММ Қызылорда өңірлік өкілдер басқармасының көмегіне жүгінуге болады. Ол үшін WhatsApp месенджері тіркелген 8708-511- 00-11 нөміріне жазып немесе 263040 байланыс телефонына хабарласса болғаны.

Осылай деп мәліметтермен құлағдар еткен қала әкімінің орынбасары баспасөз орталығында өткен брифинг барысында жер мәселесін де тілге тиек етті. Айтуынша, жақында қаладағы бос тұрған жер телімдерін игеру мақсатында арнайы заң талаптарын негізге алып, кәсіпкерлерге ұсыну жоспарлары жүзеге асырылмақ.

Бұл жоспар өткен жылы өз межесінде орындалған. Мәселен, қала кәсіпкерлерінің сұранысына сәйкес, жерді жалға алу немесе сату жөнінде өткізілген аукциондардың нәтижесінде 34 кәсіпкерлік субъектіге 49 мың 600 шаршы метр жер учаскесі берілген.

Қызылорда қаласының әкімдігі тарапынан экономикамыздың ең басты қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлік саласын одан әрі қарқынды дамыту үшін кешенді шараларды қабылдап, жаңадан жұмыс орындарын құру, салық базасын кеңейту және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында әрбір жоба бастамашысымен қолға алынған жоба нәтижелі және тиімді жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды қатаң бақылауға алып, қолдау көрсетілетін болады,- деп қала әкімінің орынбасары Б.Нұридинов сөзін түйіндеді.

Одан әрі сөз тізгінін алған ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің РММ Қызылорда өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Азамат Мұханов бағдарламаның талаптарын атап өтті.

P.S: «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қаржы көлемі 1 трлн. теңгені құрайды. Оның ішінде 200 млрд.теңге ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге, 500 млрд. теңге ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге және 300 млрд.теңге өңдеумен қызмет көрсету салаларына бағытталған.

А.ӘЛИАРЫСТАН

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here