"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

КӨП ҚОРҚЫТАДЫ

ByQAA.kz

Қаң 13, 2022

Төртінші қаңтар күні сағат он екіге таяу Қызылорданың орталық алаңына үш-төрт адам жиналып, өз ара шүйіркелесіп тұрды. Минут санап олардың саны өсіп, он адамнан асып жығылды. Бұның бәрі бекерден бекер емес. Жаңаөзендегі газ бағасының қымбаттауынан туған халық мұңын қолдаушылар ғой. Біздің аймақта да газ бағасының оңып тұрғаны шамалы.

Түске таяу қаладағы барлық ірі сауда орталықтарының алдын бір топ тәртіп сақшылары күзутемен болды. Орталық алаңда да жан-жаққа жайылып, көзден таса болса да өздері орталықтағы әр адамның қимылын бақылап отырған полицейлер көп болды. Көліктерін тасаға қойып, жәй ғана қоғамдық тәртіпсіздіктің алдын алған түрі болса керек. Әйткенмен орталықтың маңында тұрған сақшы толы екі кіші автобус пен әр жақты бақылап отырған камералы көліктен-ақ орталықта бір нәрсенің болатыны анық сезілді. Жиналған он шақты адамды тарқатқан тәртіп сақшылары әрқайсысының артынан еріп, көзден таса болғанша соңынан қалмай жүрді. Басты мақсаты орталыққа көп жұртты шоғырландырмау, артын у-шуға ұластырмау.

Жиналған наразы топтың үнін де шығармастан тарқатып жіберді. Олар екі-үшеуден бөлініп жан-жаққа жайылды.

  • Қамаймыз дейді, енді не істейміз? Өз ойымызды айтып кетуіміз керек. Жаңаөзендік бауырлардан ұят болады, қолдау көрсету керек,деп бір-бірімен сыбырласуда.

 Полицейлердің шеруге шығушыларды таратып жатқанын біраз жұрт телефонға таспалап алды. Он шақты адамның жартысы оңайлықпен бөлінбей, орталықтың әр шетін кезіп жүрді. Ақыры орталықтан кетіп, бір көшенің бойына түсіп бағытын ауыстырды. Артынан бақылаушы полицейлер де кетті.

Орталыққа жаңа келіп орындығын жайғастырып, ойыншық пен тәтті мақта сататын апаны да ортадан таса қылып, шетке шығарып жіберді. Орталық алаң тазарды.

 “Осы-ақ адам ба келгені? Кеше қаншама адам келеміз деп жатыр еді ғой”,- деген күйі жиналған жұрт та тарқасты.

Митингке келушілердің сөзінше күні бұрын орталыққа өз ойларын білдіруге шығатын жұрттың қарасы тым қалың болған. Әлеуметтік желіде ұрандатып, шығамыз деп уағдаласқан адамдардың бір бөлігі ғана келді. Оның өзінде келген адамдардың үнін шығармастан полицейлер тарқатып жіберді. Осылайша момын митингшілер өз сөзін ақыры айта алмай кетті.

• Түскі сағат екіге таяу

Қала халқы маңғыстаулық жұртқа қолдау ретінде шеру ұйымдастыруға әрі-бері оқталды. Әйтсе де, жан-жақты дайындалған тәртіп сақшылары, полиция қызметкерлері олардың басын қоспауға әбден әрекет етті. Дегенмен, түстен өте қаладағы «Арай Сити Молл» сауда орталығының алдына жиналған халық мол болды. Жиырма шақты адамнан басталып, әлемжелі арқылы бір-бірін шақырып, жұмыла жұдырық болатынын түсіндіріп, уақыт санап шеруге келгендер саны арта берді. Әлгі орталықтағы жиынды тоқтатқан полицейдің бәрі осында жүр. Жағдайдың ушығып жатқаны естігенге, көргенге онсызда белгілі. Сағат санап сандары бес жүзге жуықтап қалды. Күздізгі уақыт арнайы жасақтарға сес көрсеткен азаматтарды күштеп көлікке отырғызып алып кетті.

Оқиға орнына қалалық прокуратура, қала әкімдігінің қызметкерлері келді. Халықпен тілдесуге келген қала әкімінің орынбасарын аса қатты ешкім тыңдамады. Барлығы қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың келуін сұрады. Жарты сағаттай уақыт өте қала әкімінің өзі келді. Митингке шығушылардың ортасына барып әр адаммен сөйлесуге бел буды. Жан-жақтан айқайлап, наразылығын білдіріп жатқан адамның көптігі сонша, біреуінің сөзін анық түсіну мүмкін болмады.

Бастысы, барлығын біріктірген бір ғана себеп еді. Газ бағасының шарықтауында. Газдың құнын түсіреміз деген оймен жиналған халықтың жарасы ашылып, одан өзге де мәселелердің барлығын талқылауға көшті. Билікті сынап, жұмыссыздықтың көп белең алып жатқанын, үйіндегі балашағасының тамағын да әзер тауып отырғанын айтып, көпшілік налыды.

Қала әкімі шулаған топтың арасынан шығып, дауыс зорайтқышпен:

  • Қаңтардың бесі күні үкімет отырысы өтті. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол отырыста әлеуметтік мәселелерді жан-жақты талқылап, шешім шығарады,-деді.

Бұл митингіде қос-қос дипломы болса да екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар мен оқуын бітірсе де әлі күнге жұмыссыз жүрген жастардың үні де шықты. Елдегі саяси ахуалға, үкіметтің қабылдаған шешімдеріне, Елбасы туралы заңға, Қауіпсіздік кеңесі, митингі барысында жазықсыз ұсталған азаматтарды босату жайлы біраз пікірлер тоғысып жатты.

Бастысы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылғы Жаңаөзен қақтығысының құрбандарын жоқтап, олардың қалауын біз жасаймыз деген ұранынан шерушілердің көзінен от ұшқыны анық көрінді. Сандары минут санап өсіп, әр адам өз таныстарына, жұмыстасына хабарласып шақырып жатты. Болып жатқан митингіні сырттан бақылап тұрған адамдардың өздері де аяқ асты шеруге қосылып ұрандата жөнелді.

Қала әкімі өз сөзін айтып, қайта кетті. Шерушілер болса өздерімен өздері қалып, басты талаптарын айтып, оның ішінде газ бағасының біздің өңірде де түсуін талап етті.

Сағат алтыға таяу, «Арай Сити Моллдың» алдындағы барлық жарық шамдар 20 минутқа сөндіріліп, кішкене қараңғылықтың қалың көрпесі көріне бастады. Бұл кезде оқиғаны қалтафонға түсіру де қиындау болатын, түк көріне қоймайды.

Саны мыңға жетер-жетпес адамдар «не орталық алаңға, не әкімдіктің алдына барып, еселеп жиналайық» деген ойлар тастап жатты. Ойласа келе барлығы бірдей орталық алаңға жылжи бастады. Жаяулатып қаланың көшелерін ұрандатамыз, көше ортасынан да талай адам біздің шеруге қосылады деген басты ойлары бар еді. Әйткенмен, бір сәтте шешім өзгерді ме, барлығы қайтадан сауда орталығының алдына келді. Сауда орталығы уақытша жұмысын тоқтатты.

Митингке келушілердің бір түні осында өтетіні кейіннен мәлім болды. Өздерімен бірге тамақ әкеліп, орталықтағы Назарбаев даңғылына шығып жайғаса бастады. Кешкі суық аяқтан сыз өтіп, денені тоңдырса да оңайлықпен берілер ешкім бола қоймады.

Бұл уақытта күн ұясына батып, қаладағы біраз жолдың жабылған кезі еді. Осы уақытта шыққан әлеуметтік желідегі жаңалықта Ел президентінің Жаңаөзендегі газ бағасын 50 теңгеге түсіруге тапсырма бергендігі жайлы әңгіме тарады. Мемлекет басшысы өзге аймақтардың және басқа да жағдайлардың бәрі бесінші қаңтар күнгі жиында шешілетінін жеткізген болатын. Кешкі сегізге таяу көпшілік шеру алаңына облыс әкімінің келуін талап етті. Ол өтініштері де орындалып, облыс пен қала әкімі қатар келді.

Аймақ басшысы дауыс зорайтқышпен: – Бесінші қаңтардағы жиында барлығы шешіледі,- деді.

Аудандар да «әу» деді

Расында, газ бағасы, азық-түлік бағалары жалпы аспанға ұшып, қымбаттаған заттың бәрін әкімдер қалай реттесін. Түн ауа қалаға алысжақын ауылдардың жастары да келеміз деп уәде етіпті. Бұл кездері облыстың біраз аудандарында да халық жиналып, әкімдерімен бетпе-бет сөйлесіп жатыр еді. Жұрттың айтуынша Шиелінің жұрты молынан жиналған көрінеді. Ал Жалағаш, Қармақшы аудандарының әкімі орталыққа жиналған азын-аулақ адамға апта сайын жеке қабылдап, мәселелерін тыңдап, жан-жақты қарастыруға уәде етті.

• Қалада «қызып» алғандар

Митингіге келген жұрттың арасында бір лидер, сөзі жүретін адамның болуы заңдылық. Десе де, бұндай жауапкершілік, халықтың бүкіл ойын бір ауыздан шығару оңай шаруа болмағандықтан, батылдық үшін шеруге спирттік ішімдік ішіп, рухтанған сымақ көрсетіп келгендер де болды. Оларды сақшылардың өзі-ақ шетке ала кетті. Ешкім қарсы бола қоймады.

Түні бойы Назарбаев даңғылын торуылдап, жолды жапқызған шерушілердің көбі таңға дейін болды. Сауда орталығының алды толған СОБР-лар мен сақшылар.

Сонымен, бесі күнгі жиында ел президенті мынадай тапсырмалар берді:

1.Мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу;

 2. Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу. Шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайды;

3. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге кірісу;

4. Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру;

5. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру;

6. Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру.

* * *

  • 5 қаңтар

Таң ата көше толы кептелістің кесірі талай жұртты жұмысынан қалдырды. Қаладағы үшінші емхананың алдында полицейден қашқан бір топ жас көзге түсті. Ақыры сытылып кетті. Назарбаев даңғылының бойындағы жол қозғалысы тоқтады. Барлығы қуыс-қуыс көшемен орталыққа шығып кетіп жатты. Құмырсқадай тізілген кептелістің соңы сағат 11:20-ға таяу тарқады. Себебі, Назарбаев даңғылы көлік жүргізушілеріне қайта ашылды. Дегенмен, күні бұрын халық жиналған «Арай» сауда орталығы өз жұмысын тоқтатқан еді. Жан-жақты қаптаған тәртіп сақшылары барлығын бақылауда ұстауда.

Араға бірнеше сағат сала Назарбаев даңғылындағы жол қозғалысы қайта тежеліп, наразы жұрттың қарасы бұл жолы екі-үш есе көбейе көрінді. Айқайға басқан шерушілер ашуға булығып тәртіп сақшыларына қарсы тұрып, олардың қолындағы қаруы мен қорғаныш қалқанын жұлып алып, өздеріне қарсы қолданды. Оларға тәртіп сақшыларының күш қолдануға мүмкіндігі болғанымен бейбіт шеру кезінде халыққа зақым келтірмеуді басты бұйрық деп білген еді. Бірнеше сағат өткеннен кейін бұл шерудің бейбіт түгі жоқ екені анықталды. Өйткені көше бойы өртке оранып, Арай сауда орталығының қасында тұрған жауынгерлер мен тәртіп сақшыларының көліктері де от құрсауында қалды.

Ойламаған тұста бесінші қаңтардың таңынан бастап елдегі ғаламтор желісі ақаулана жұмыс жасай бастаған. Кешкісін интернетке толықтай шектеу қойылды. Ғаламтормен қоса телефон сымдары да ажырап, қалтафонның түкке керегі болмай қалды. Елдің, оның ішінде қызылордалықтардың шаңырағында теледидарлар да көрсетпей қалды.

Банк терминалдары мен банкоматтар жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Қалтасында ақшасы барлар азық-түлік алды, ал картасында ақшасы барлар тығырыққа тірелді.

Бұл шектеудің қашанғы жалғасары белгісіз еді. Түс ауа жаңалық қаптаған теледидар арналарынан елдегі болып жатқан дүрбелеңге лаңкестердің қатысы бар деп баға берілді. Өз кезегінде интернет пен телефон желілерінің мүлде ажырауы лаңкестердің өзара ақпарат алмасуына тоқтау ретінде жасалғаны мәлім болды.

Осылайша, Қызылордадан жаңаөзендіктерге қолдау боламыз деп шыққан жұрттың арасына кірген әккі білгір, жаулар олардың назарын басқаға бұрып, ой санасын түбегейлі өзгертіп жіберген көрінеді. Кешке жақын облыстық әкімдікке баса көктеп кіріп, үшінші қабатына дейін шығып көзіне көрінгенді құртып, тәуір заттарын қолды етіп, артынша өртеп кеткен. Облыстық әкімдіктің мемлекеттік автокөліктер тұрағына шабуылдап, ондағы көліктерді құртып, үлкен, қымбат көліктерінің нөмірін шешіп, айдап кеткен. Кей деректер бойынша Қызылорда облысы әкімдігінің балансындағы бір көлік Ақтөбе облысынан табылған көрінеді.

Әкімдіктің тас талқанын шығарып, жол бойына шыққан бірнеше мың адам әскери «КаМаз» көлігін қолды етіп, онымен қаладағы көше бойында тұрған бейнебақылау камераларын құлатып, сындырған. Артынша, қалада орналасқан полиция бекеттерінің барлығын өртеп жіберген.

6 қаңтар

 Облыстық МАИ-дың алды таң ата түтіннен сейіліп, түрі анық көріне бастады. Алдыңғы бекетін өртеп, қасындағы камералы бағананы қиратып, маңындағы тәртіп сақшыларының қызметтік және жеке көліктерін аударып, өртеп жіберген. Әкімдіктің жеңіл көліктері де адам танығысыз күйде табылды.

Шеруге қатысқан адамның сөзі: Облыстық әкімдіктен шығып, МАИ-дың алдына келдік. Жігіттер қаруларымен бізді тосып тұрды. Біз оларға қаруларын тастап, халыққа қарсы шықпай, бізге беріліңдер деп айттық.

Сонымен, МАИ ғимаратын зақымдап, орталыққа бет алған шерушілер облыстық және қалалық «Nur Otan» партиясының филиалдары, қалалық әкімдік, сот ғимараттарын өртеп, бәлен миллиондаған зардап келтірді. Бұл уақытта жарақат алған 168 адам ауруханаға жүгінген. Оның 77-сі ауруханаға жатқызылды, 38 азамат жансақтау бөлімінде жатыр.

Өңірде жедел штаб құрылған.

«Баса айту керек, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, жалған ақпарат таратқан азаматтар жауапкершілікке тартылады. Қызылорда облысы аумағында террористік қауіптің қызыл шекті деңгейі енгізілуіне байланысты терроризмге қарсы операция басталды. Аймақта енгізілген шектеулерге орай аса қажет болмаса, үйден сыртқа шықпаған жөн. Шыққан жағдайда қолыңызда жеке куәлік болуы шарт»,- деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова халыққа жолдаған үндеуінде.

 Қалалықтар өз жұмысын тастап, бірнеше күн үйде отыруға мәжбүр болды. Өртенген полиция көліктері мен бейбіт жұрттың зақым келген мүліктері аз болмады.

Араға бірнеше күн сала ғана көпшілік болып жатқан жағдайға лаңкестердің қатысы бар екеніне сене бастады. Арандатушылар өте сақ, ұқыпты жұмыс жасаған еді. Бұл жыл бойы дайындалған, әккі білгірлердің, қазаққа қаны қарсы адамдардың жоспары екендігі анық болды.

Бұл уақытта ел президенті Қ.Тоқаев сағат сайын теледидардан сөз сөйлеп, халықты арандатушыларға ермеуге шақырды. Оның сөзінің жаны бар еді. Арандатушылар әсіресе жастардың басын айналдырып, өз елін, жұртын құртуға әбден үгіттеген болатын.

Тіпті, қаңтардың алтысы күні қызылордалық жұрттың аузында арандатушылар жастарға есірткі беріп, олардың ойын тұмшалап, тежетіп, роботша басқарып отырды деген сөз тараған болатын. Артынша, қаңтардың жетісі ұлттық арна жаңалықтарында шерушелірге ақша, наша, қарулар көптеп ұсынылғаны жария етілді. Күні-түні үй көрмеген әкімдік қызметкерлері, тәртіп сақшылары, құзырлы орган өкілдері өз жұмысын тиянақты атқарды. Тіпті, түн бойына көше күзетіп, қарны ашып, таң ата ортаға от жағып жылынып, дүкеннен дайын өнім алып, консерві жылытып жеген жауынгерлерге құрметіміз шексіз.

Бейберекет басбұзарлардың көбі құрықталып, қала орталығы тынышталған соң қала тазалығы қалыпқа келтіріліп, қоғамдық көліктер қатынай бастады. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметовтың айтуынша облыс орталығына келген шығын көлемі 6 миллиардқа жуық. Бұл сома өзгеруі де мүмкін. Банкомат лотоктарына ақша салынып, коммуналдық қызмет біртіндеп жұмысын бастады.

Әйтсе де, қалаға кіре беріс көшелерге блок бекеттер қойылып, қалаға келген көліктер тексерілуде, Енгізілген коменданттық сағатты бұзғандарға жаза қолданып, он бес тәулікке қамауға алынуда.

 Оныншы қаңтар күні Оралдық тәртіп сақшылардың көмегімен Қызылордадағы лаңкестік бүлікке қатысы бар болуы мүмкін азаматтар ұсталды. Олар Оралдағы блок бекетті айналып өту барысында күдік туғызып, полиция қызметкерлерімен тоқтатылған. Көліктерді тексеру барысында ұялы телефондарының ішінен күдікті суреттер анықталған. Ол суреттерде әлдебір заттардың жасырынған жерлері бейнеленген көрінеді.

P.S: Сонымен тоғызыншы қаңтардың өзінде қалада бірең-сараң қоғамдық көліктер қатынай бастады. Ал оныншы қаңтар күні қала тіршілігі қайта оянып, көпшілік бағыттағы қоғамдық көліктер қатынап, дүкендер мен азық-түлік маркеттері жұмысына кірісті. Әйтседе қала ішінде кешкі жетіден кейін ашық тұрған дүкенді табу қиынға соғады.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған