QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Үйге дейінгі жол жөнделеді

ByQAA.kz

Нау 1, 2019

Ел ерекше күткен «Нұр Отан» съезі болып өтті. Елдің бұл съезді неліктен ерекше күткені де белгілі. Ел күні кеше толқыныс байқатқан әлеуметтік мәселелерге орай Елбасы нендей үкім-шешім айтар екен деп елеңдеді.

ХҮІІІ съезд «Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі» деген үлкен міндетті алға қойыпты. Осы орайда баяндама жасаған партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы жылдары әлеуметтік ахуалды ілгерілете түсетін ауқымды өзгерістер болатынын жеткізді. Ел көңілі бірдемделді. Атқарушы билік алдына елдің тұрмыс-тірлігін жақсартудың жаңа міндеттері қойылды. «Болады» деген игіліктерден біраз жұрттың өз керегін тауып жатқаны да анық.

Мысалы, Елбасының «автобан салу да маңызды, бірақ үйге дейін жол салу одан да маңызды» дегені талай қызылордалықтардың да қажетін дөп басқандай. Өйткені облыс орталығы Қызылорда қаласының өзінде «үйге дейінгі жолдың» азабын тартып жүрген жұртшылық аз емес. Облыс орталығында «кіші жолдар» бағдарламасы жүзеге асырыла басталатынын ақпан айында өткен есеп беру жиынында өңір басшысы Қырымбек Көшербаев та айтқан болатын.

«Қаладағы Әл-Фараби, Қорқыт ата, «СМПК-70», Арай, КБИ, Титов, «Коммунизм», «Шанхай» аудандарындағы кіші көшелердің мәселесін шешу үшін 9,3 млрд. теңге қаражат керек, қазір 3,3, млрд. теңге қаражат бөлуге мүмкіндік бар» деген болатын облыс әкімі.

Елбасы кешегі съезде жергілікті жолдарды жөндеуге қосымша 350 млрд. теңге бөлуді тапсырды.

Елбасының «үйге дейінгі жол» тапсырмасы облыс әкімінің «кіші жолдар» бағдарламасымен қабысып қызылордалықтарға да зор игілікті болар деген сенім бар. Жауын-шашынды осы күндері тұрғындары батпақтан аяқ алып жүре алмай, көлік жүргізе алмай, балалар асыр салып жүгіре алмай қиналған қаладағы 322 көшенің мәселесі де уақыт ұзатпай шешімін табар. Қалада барлығы 766 көше болса, оның 322-сі қара жол екенін айтқан облыс басшысы қала тұрғындарымен кездесу барысында.

Келе жатқан жаңа игіліктер қалың елге құтты болсын.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған