QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Әйел билігі: Жетпіс күн жеткілікті ме?..

Автор:QAA.kz

Июн 11, 2020

Қызылордалықтар өткен ғасырдың басында ұран болған әйел теңдігінен асып түсіп, әйел билігіне қол жеткізді.

Қай кезде де алғашқы болып жүруді армандап қана қоймай, соңғы 30 жылдың өзін алып қарағанда да мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету, тұрғын үй, 100 мектеп, 100 аурухана құрылысы саласында басқа өңірлер арасында алғашқы болып үйреніп қалған Сыр бойы бұл жолы да Қазақстан бойынша алғашқы болып әкім әйелге (аймақ басшысы) қол жеткізді. (Негізі, осы жерден айға алғаш адам ұшқанның әсері бар-ау, әйтеуір басқа жұрт сияқты емеспіз…)

Билікке қол жеткізген Гүлшара Наушақызы да, билікке бағынған халық та, алғашқы рет болып тұрғанына қарамастан еш саспады. Міне, алпыс түгілі, жетпіс күннен де асып барады, бәрі өз ретімен болып жатыр.

Билік те тыныш, халық та томаға-тұйық. Тіпті, күні кеше маусымның 6-сында жылдар бойы жыр болып жүрген “жер сатылмасын” деген сияқты ұрандары бар митинг те аймақтың қақ ортасындағы Орталық алаңда өте шықты. Басқалармен салыстырғанда, ың-шыңсыз, айқай, даусыз деуге болады. Митингішілер де, жұрт та аң-таң… Сондай қорқынышты емес екен ғой…

Әбдіқалықованың қызмет тарихына зер салғанда өз заманындағы белді оқу орындарының бірі болған Жамбыл технологиялық жеңіл және тағам өнеркәсібі институтын экономика мамандығы бойынша бітіргеннен соң, Қызылорданың әлеуметтік қолдау басқармасында алдымен инспектор болып еңбек жолын бастап, осындағы жеті жыл ішінде басқарма басшылығына дейін көтерілгені мәлім.

Одан кейін Жоғарғы Кеңес Комитетінің кеңесшісі болып барғаннан кейінгі үлкен жерлердегі жоғары қызметтерде де әлеуметтік саладан алыстап кетпегені белгілі. Жалпақ тілмен айтсақ, әйелдер, отбасы, бала мәселесімен күні бүгінге дейін айналысып келеді. Содан болар аймақтағы әйел аналар аймақ басшысына тым үйір болып алды. Үйір болғанда күнде кездесіп, жүздесіп жатқан жайы жоқ. Алайда, жәрдемақы сияқты әлеуметтік мәселелерден бөлек көше, су сияқты инфрақұрылымның да кем тұстарын іліп алып “Аймақ басшысы аналар жанайқайын тыңдайды ма?” деп, облыс әкімдігі алдын торуылдайтын болды. Торуылға шықпағандары пішіні әр түрлі болғанымен, бір мәндегі сол жанайқайларымен әлеуметтік желілерді толтыруда. Дұрыс, бұл да ақ жаулықтылардың аймақ басшысын өзім деп қабылдап, сенім білдіргені де…

Бұдан бір-жар жыл бұрын бұрынғының алдындағы бұрынғы әкім Қ.Көшербаев “Қызылорда облысының экономикалық әлеуметтік дамуына серпін беретін қыруар жоба, бағдарлама Үкіметтен бекітіліп, қаржысына дейін шешіліп, реттеліп, тек ізбасарына соның орындалуын қадағалау ғана қалып бара жатыр” деп ел көңілін жайландырып, Астанаға жаңа қызметке ұзап еді. Өкінішке орай одан кейінгі болған жағдайлар ел еңсесін түсіріп жіберді. Ел еңсесі не, аймақ басшысының да рейтингісі түсіп кетті. Бәрінен де қиыны, қайырымдылық қордан қаржы қымқырған жемқорлар қомағайлығынан халық билікке қолын бір сілтеді, салдарынан екіарадағы сенімге селкеу түсті.

Ия, ғасырлар бойы теңдік деп тер төгіп, сол теңдіктің арқасында таққа келген бүгінгі әйел билігіне оңай соқпай тұр.

Бұрыннан бүлінген тұстың бірі кадр мәселесі.

Бұдан біраз уақыт бұрын “Бір өзі бір театр болған билік” кешегі күні “Бір өзі – тұтас билікке” айналды. Енді айта беруге болатын шығар (бізге де жан керек) биліктің тұтқасында отырғандардан бөлек басқаларға “мөр мен төр” бұйырмады…

Нәтижесінде, бұрынғы №1-ші кеткеннен кейін Қызылорда сыбайлас жемқорлықтың басқаларда жоқ жаңа үлгілерін көрсете бастады. Әрине, күні кешеге дейін “майлы жіліктің басын ұстағандарға”, “төрде” отырғандарға бұл айтқанымыз ұнамайтыны бесенеден белгілі. Бірақ, шындық солай. (Құдайдан жасырмағанды адамнан несін жасырамыз?).

№1ші ұшып бара жатқанда әуежайда “Сізге қызмет ете береміз” деп ант бергендей болған жас көшбасшылар “100 мыңдап алып” алғашқы болып сыр берді. Соғыс көрген, соғыстан кейін қирағанды қайта қалпына келтірген, тізеден су кешіп, еңбек етіп ер атанған ардагерлерде жоқ жаңа “ақбоз үйге” бөлек отау болған жастар жағында әлі жемқорлық тақырыбы жалғасын тауып жатыр. №1-шінің сеніміне ие болып басқарма басқаруға келгенімен, өзі басшы басқарманың қызметін үйлестіруге, сол салаға қатысты ел мүддесіне бей-жай қарап, өз сөзімен айтқанда “екеу емес” басын ала қашып, тек тиесілі жалақысын алып қана қоймай, “айтқанын істеп, айдауына жүрмегендермен» төбелесуге дейін барған басқарма басшыларының бірімен күні кеше ай өткізіп, жыл жылжытып ел болып, билік болып әрең құтылдық.

Қайсыбір билік болмасын қуанып келерін білгенде, кетерінде өз артынан жақсы сөз, игілікті іс қалғаны зор абырой екенін білу қажеттілігіне кешегі биліктен бір сабақ…

Қаласында да, даласында да экологиясы, инфрақұрылымы, әлеуметтік жағдайы, әлгі “Қырда бір бәле болса, мұнда мың бәле дейтіндей” мың-сан мәселесі бар Сыр бойы “тұнып тұрған көп шаруа”, таусылмайтын сан саясат, ұзақ әңгіме, тынымсыз талқылау т.т. екені рас. Жеті жылдан бері қордаланған жақсы-жаманды жағдайларды реттеуге енді жеті жыл да жетпей қалады ма деп, қамығасың… (Бір шыны зауыттың өзі не тұрады?). Оның жанында аймаққа басшы болып келгеннен бергі жетпіс күнге жуық уақыт “жыртыққа жамау” бола алмайтыны анық.

Жаңа әкім кадр саясатында көп тұсты жаңалап жатыр. Бұрынғыларды жаңғыртып дегендей…

Төтеннен келген ешкім жоқ. Бәрі Сырда қызмет істеп, қызмет табанын тоздырғандар…

P.S. Жаңадан тағайындалғандардың географиясы мен биографиясына қарап, облыс әкімінің кадр саясатын пайымдауды оқырманның патша көңіліне қалдырдық.

С.БИХОЖА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *