Ресми ақпарат көздерінің мәліметі бойынша маусымның 22-де Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықова Президентке Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл Қарағанды, Павлодар аймақ басшыларымен қатар өңірде вирустың таралуына қатысты қалыптасқан ахуал, елдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп берді.

Басшылары есеп берген аймақтардың қайқайсысы болмасын қазір вирустың таралуы жағынан есі кетіп тұрғаны белгілі. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында маусымның 22-де 3407 науқас тіркелсе, соның 2361-і сауыққан. Ал, 38 адам қайтыс болған. Алматы қаласында да сол уақытқа 3429 адам науқас, 2177 адам айыққан. Ал 20 адам көз жұмған. Ақмола облысында ауырған 349 адамның тең жартысы дерлік тәуір болған. Алайда, 8 адам қайтыс болған. Былай қарағанда басқа өңірлерге қарағанда ауырған адам саны аз болғанымен, қайтыс болғандар саны жөнінен ақмолалықтар алдағылардың қатарында. Ақтөбеде 653 адам ауырса, соның тең жартысы дерлік жазылған. 1 адам дүние салған. Жамбылда да жағдай жақсы емес. Ауру көп. Жазылғандар да жетерлік. 1 адам қайтыс болған. Қарағандыда ауру жұқтырғандар көптігінен бөлек, 10 адам көз жұмған. Павлодар ауру жағынан Қарағандыдан төменде тұрғанымен, адам өлімі жағынан жоғарыға шыққан – 13 адам.

Қызылорда облысында 572 адам ауырып тіркелсе, соның 499-ы жазылған. Сол күнге қайтыс болған жан жоқ. Гүлшара Наушақызы Президентке есебінде ауырғандар менен сауыққандардың санынан бөлек, сәуір, мамыр, маусым айларында биліктің атқарған жұмыстарын да ақтарған болар. Біз де бірқатар шолу жасадық. (4-5 бетте)

Әрине, осы жылғы наурыздың соңғы күндерінде билік ауысқаннан кейін жаңа әкіммен ере келген коронавирус алғашқы күндерде жағадан алғаны рас. Айналдырған 2-3 күнде, наурыздың 28-і мен 31-і аралығында 18 ауру тіркеліпті. Ресми деректерге көз салсақ, 31-наурыздағы 18-ден 30-сәуірде 201 науқасқа жеткен індетпен аурушылар 31-мамырда тағы да 2-есе өсіп, 402-ге жеткен. Айына екі еселеп өсіп отырған науқастың саны бүгінгі күнге 664-тен (30маусым) асты.

Соңғы айларда барлық қалада, әрбір елді мекенде ауру күшейді. Аурудың күшейгені бір бөлек, елдің ашу-ызасы да күшейді. Дәріханаларда дәрі жоқ. (Алғашқы кездегі бетперденің тапшылығы сияқты) «Жедел жәрдем» алмайды. Дәрігер мен ауруханаларда орын жетпейді. Сұрақ көбейді: Құдайдың парацетамолы мен аспирині қайда?! Жедел жәрдем неге жедел келмейді? (Алғашқы кездегі жедел жәрдемнің көшелерде ауру іздеп, жүйткіп жүрген флешмобы жадынан өшкен жоқ) Медицина саласына неге ақша аударып отырмыз? Дәрігер жетпей жатса, дипломы бар, бірақ жұмысы жоқтардан, тіпті студент медиктерден неге еріктілер жылында еріктілер жасағы құрылмайды? Тағысын тағы… Жауап жоқ. Бар болғанда да «Мен не деймін, қобызым не дейдінің кебі» Мәселен, маусымның 25-де облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғ.Байменова «Соңғы 3-4 күн ішінде халық тарапынан ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды, иммуномодуляциялық препараттарға сұраныс күрт артты. Мысалға, бір дәріханадан бір мезетте бұрын бір айлық қор болып есептелетін 2 мың конвалюта аспирин сатып алу фактісі орын алған. Осындай жағдай наурыз-сәуір айларында халықтың жеке қорғаныш құралдарын сатып алу салдарынан дәріханаларда жасанды жетіспеушіліктің туындауына әкелген болатын. Бүгінгі күні барлық дәріхана ұйымдарында жеке қорғаныш құралдары жеткілікті мөлшерде бар» деп халықтың өзін кінәлапты. Қайсыбір сәттерде болмасын, ылғи да тапшылық пен қымбатшылыққа кез болатын халықтың қат кезде «дарияға тышатынды» ертерек, көптеп алып қою қанына сінген. Бұған халықты кінәлағаннан бұрын биліктің, тиісті сала басшыларының алдын-ала болжаммен, жағдайды нақты талдаумен ақырғы нәтижеге жұмыс істеуді қызмет ету әдісіне айналдырмағанын, тек жоғарыдан бұйрық күтіп орталықтан жеткен пәрменді орындап қана үйренген жауапсыздығы осы жағдайдың күрделенуіне әкеп соқтырғанын атап өту ләзім. Әйтпесе, жергілікті жердің өзінде керуерт санын алдын ала көбейтуге, дәріханаларға қажетті дәрілерге күні бұрын тапсырыс беруге не кедергі? Білдей бір басқарма, білдей бір билік құрылымы қарапайым парацетамолды көптеп алып қоюды ұйымдастыруға, үйлестіруге неге дәрменсіз? «Дәрілік заттарға өтінімдердің ұлғаюына байланысты дистрибьютерлер дәрілік заттарды кешіктіріп жіберуде. Қазіргі кездегі елімізде эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты барлық фармацевтикалық ұйымдар қызметкерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс жасауда. Кейбір дистрибьюторлық ұйымдардың да қызметкерлері коронавирустық инфекциямен ауруда және қазіргі уақытта ем қабылдауда» деген Байменованың баяндауы медицина саласындағы бизнестің де тек тегін дәрі-дәрмекке бейімделгенін, өз бетінше нан табуға ықыласы жоқтығын байқатады. Әйтпесе, елдегі жағдайға орай дәрі тапшылығының алдын алып, қажетті дәрі-дәрмекпен дәріханаларды лық толтырып, қоюға не кедергі? (Бәлкім, көптеп тасығаннан гөрі бір-бірлеп қымбаттатқан тиімді болар?!

Халықтың ауруханаға жете алмай, үйінде жаны қиналған халіне орай, сала басшыларының бірінен керуерт тапшылығының орын алып отырған себебін сұрағанымызда, «Министрлікте бізде 25 адам ғана ауырады деген болжам болған» деген жауап алдық. «Министрліктегілер жоғарыда, елден алыста ел ортасында отырғандар неге талдау жасап, болжамасқа? Жағдайдың алдын алмасқа?» дегенімізге «Жалғыз біз емес, республиканың барлық аймағында осы ахуал» деген жалпылама жауап алдық. Ел төріндегі министрліккке қарап, мөңіреп жүргенімізде, Қызылордада екі отбасы екі ет жақынынан айырылды.

Әкімдердің Президентке есебінен тура бір жеті өткеннен соң, маусымның 29-да Қ.Тоқаев елдегі індетке орай, үлкен жиналыс өткізді. Елдегі бірқатар әкімдерге: Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі А.Искаковқа сөгіс берді. Өз міндеттерін дұрыс атқара алмағаны үшін айыпты болғандардың арасында Қызылорда облысының әкімі Әбдіқалықова жоқ. 29 маусымдағы жағдай бойынша Шымкент қаласында 1500-нан аса ауырған адамдардың жартысынан астамы әлі айықпаған. 14 адам қайтыс болған. Жалпы, деректерді салыстыра қарағанда алдындағы есеп бергендердің арасында сөгіс алған әкімдер басқарған өңірлер арасында 22-сі мен 29-ы аралығында жағдай жақсара қоймаған. Осы аралықта жоғарыда айтып өткендей Қызылорда облысында тіпті екі адам жан тапсырған. Дегенмен, сөгістен аманбыз. (Қайсыбір кезде болмасын, ерлер мен әйелдер теңдігіне күмән бар)

«Energyprom» сарапшыларының зерттеуі бойынша, кешегі мамыр айында Қазақстанда медициналық қызмет көрсету 6 пайызға, дәрідәрмек 7 пайызға қымбаттаған. Бұл әлі дәрі мен дәрігер тапшылығынан ел дүрбелеңге түсе қоймаған кездің сипаты. Ал, маусым айына сараптамада қымбатшылық пайыздары басқаша сөйлері анық.

Өңірлер арасында Қызылорда облысында дәрігерге бірінші қаралу яғни дәрігерлік кеңес бағасы өткен жылмен салыстырғанда 66,1 пайызға, ішек асқазан узиі – 7,2 пайызға, қан талдамасы – 55,6 пайызға өскен. Бұған тағы да маусым айының мазасыз кездеріндегі медициналық көмекке деген жұрт сұранысының артқанын қосар болсақ, жанына шипа іздеген жандардың емге жұмсаған қаржысы қалтаға біраз салмақ салғаны анық. Жалпы, медицина саласындағы жағдай халықтың билікке деген сенімінің әлсіреуіне себеп болуда. Бұдан басқаша айтуға болмай тұр.

P.S: Ресми дерек көздерінің дерегі бойынша, Қызылорда қаласында белең алып тұрған жүрек, қант диабеті, онкологиялық аурулармен қатар жүйке ауруларымен де ауыратындар қатары көбейіп отыр. Бүгінгі күні дәріханалар алдында ұзақ кезекте тұрып, кезегі жеткенде керек дәрісіне қол жеткізе алмағаны (бағасы қымбат, болмаса жоқ) емхана, аурухана жағалап науқасына ем таба алмай дағдарып жүрген жұрттың жүйкесі жұқарып жүргені сөзсіз.

С.БИХОЖАЕВА

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here