Әйел – аяулы жар, ардақты ана, ақжаулықты әже, әйел – саясаткер тізбектей берсек, кете береді. Қоғамымызда әйел адам тек қана отбасының береке-бірлігін ойлайтын ғана тұлға емес, ол мемлекет дамуына да араласатын белсенді мүшесі. Елімізде бала тәрбиелеп, отбасы мен жұмысты қатар алып жүретін белсенді ханымдар жылдан-жылға артып келеді. «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты» демекші, өз саласында жемісті еңбек етіп, өз ұжымын алға жетелеген нәзік жандылардың бірі – Индира Ақжігітова. Бүгінде ол – облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы. Ақылды әйел, аяулы жар, ардақты ана, өнегелі маман, білікті басшы болып отырған Индира Сансызбайқызының ғибратты ғұмыры кімге болса да үлгі-өнеге боларлықтай. Кең пейіл, дархан жүректі, мейірімі мол, жайдары мінезінің арқасында отбасының ғана емес, қызметтестерінің де ықыласына бөленген жан. Мереке қарсаңында Индира Сансызбайқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Сәлеметсіз бе, Индира Сансызбайқызы! Алғашқы сауалымды өзіңіздің кіндік қаныңыз тамған жерге, ата-анаңызға қарай бағыттасам…
— Мен 1973 жылы 1-ші қаңтарда қазіргі Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылында дүниеге келдім. Сол ауылдағы №144 орта мектепте білім алдым. Алғашқы ұстазым марқұм Сәния апай мен мектеп бітіруші сыныптағы жетекшіміз Бейсен апайларымыз бізге жақсы білім мен тәрбие бергендігінің арқасында ел азаматы болып отырмыз. Барлық ұстаздарыма дән ризамын.
12 құрсақтан қалған жалғыз кіндікті анашым өжет, намысшыл, көпшіл, адал болуға тәрбиеледі. Әкем өз қызметінде қайсар, қадірлі, құрметті, достарымен қарым-қатынасынан көпшілдігімен қоса, мықты стратег болатын. Уақытынан ерте туған деп отыратын құрдастары. Ата-анам білім алу мен сауаттылықпен бірге басты құндылық адамгершілікте деп отыратын. Екеуі де еңбекқор. Оны көріп өскен біздер де ата-анамыздан үлгі алып өстік.
1989 жылы мектепті «күміс медальмен» аяқтап, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түстім. 1994 жылы осы институтты үздік тәмамдадым. Еңбек жолымды бұрынғы КИИАП-та физика-техника кафедрасында ассистент болып бастап, қосымша облыстық гимназияда информатика пәнінен сабақ беріп жүрдім. Талапшылдығым мен біліктілігімнен болар 24 жасымда осы гимназияға мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, толығымен ауыстым. Одан келе, білім басқармасы жанындағы ақпараттандыру орталығына директор болып тағайындалып, білім саласында 7 жылдай қызмет атқарып, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бас маман болып тағайындалдым. Одан кейін облыс әкімінің аппаратында бөлім басшысы, аппарат басшысының орынбасары лауазымдарында 12 жылдан аса қызмет атқардым.
1993 жылдан бері отбасылымын. Бүгінде 4 баланың анасымын.
— Цифрлық технология- әлемдік дамудың айнасы. Өзіңіз басқарып отырған цифрлық технологиялар басқармасының қандай жаңалығы бар?
— Қазір ақпараттық заманауи қоғам. Ақпараттың тасқыны минут сайын өсіп жатқандықтан оны игеруге технологиялар міндетті түрде қажет. Цифрлы Қазақстан бағдарламасының аясында 2018 жылы 40 жобаның бастамасы қолға алынды. Оның 29-ы іске қосылып, 11 -ін 2019 жылға ауыспалы етіп жалғастырудамыз.
Бүгінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған жобаларға аса мән беріліп келеді. Атап айтар болсақ, өткен жылы «Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі — 112» жобасын іске қостық. Құдай сақтасын, оқыс жағдай орын алғанда адам абдырап қалады. Жоба аясында кезекшілік және диспетчерлік қызметтерінің жедел ден қоюдағы әрекеттерін біріктіру арқылы адам өмірін аман алып қалуға барынша жағдайлар жасайды. Бір қоңырау мен бірнеше қызметтерді шақыру, олардың ең қысқа мерзімде , ең қысқа жолмен келуі деген мәселелер басты басымдықта болды.
Ал денсаулық сақтау саласында үйде отырып, «Дамумед» бағдарламасы арқылы ұялы телефонмен дәрігердің қабылдауына жазылу мен дәрігерді үйге шақыру сияқты жоба іске қосылды. Білім мекемелерінде де ата-ана жұмысбасты болғандықтан «Күнделік.кз» арқылы баласының сабақ үлгерімін үйде отырып бақылай алады. Бүгінде ІT-сыныптар, робототехника сыныптары жұмыс жасауда. Әбділда Тәжібаев атындағы кітапханада ІT-парк ашылды. Ол Сырдың жас ІТ таланттарын тәрбиелеуде өз үлесін қосатын алаң болады деген үлкен үмітіміз бар.
Айтпақшы, 9 наурызда аз қамтылған отбасының балаларына, студенттерге арнап 6 айлық тегін бағдарламалау мектебі ашылады. Оқимын, ІТ — бизнес ашамын деген тілек-білдірушілерден Іtechelon.kz сайтында өтінім қабылдануда. Соған шақырамыз. Оқудан кейін стартапер болуға дейін сүйемелдеп, бизнеске тартылуына бейімдейді.
— Отбасы — ең басты құндылық. Оған әлемнің кереметі де, байлығы да жетпес. Өзіңіздің отбасыңызға сөз тізгінін бұрсақ…
— Мен үшін отбасымның орны ерекше. Жұбайым Ерлан Теңізбайұлы Қызылорда қаласындағы №6 мектеп директоры. Өте білімді жан, білікті математик. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастады. Қалалық білім бөлімінде әдіскер қызметін атқарды. Осындай жанмен шаңырақ көтеріп, 4 азаматты тәрбиелеп отырғаныма Тәңірге тәубе етемін. Үлкен ұлым Құддыс жоғары оқу орнын тәмамдап, Астана қаласында қызметте. Екінші ұлым Дегерез Алматы қаласында жоғары әскери оқу орнында білім алып жатыр. 4-сыныпта Арен, ал кенжетайым Ларбада 2-сыныпта. Екеуі де үздік оқушылар.
— Отбасы мен жұмысты қатар алып жүру сіз үшін қаншалықты қиын? Өзіңіз осы екі аралықты қалай ұштастыра алып отырсыз?
— Тұрмысқа шығып, басқа шаңырақтың табалдырығынан аттап, түтінін түзу түтету кез-келген қыз баланың басты арманының бірі шығар. Алла менің маңдайыма өмірдің төрт қуанышын жазыпты. Әрине, қызметті де, отбасын да қатар алып жүру оңай емес. Егерде мен өмірде қандай да бір жетістіктерге жеткен болсам, біріншіден, ұшқан ұямда ата-анамның берген тәрбиесі мен білімге құштарландырған ұстаздарымның және менің жұмысымды түсінген ер-азаматымның еңбегі. Қай жерде болса да, өте тамаша ортада керемет білікті әріптестермен бірге жүруді жазған Алланың сыйы.
Балалардың кішкентай кездерінде бала тәрбиесіне маған анам жиі көмектесетін. Анамның дүниеден озғанына 2 жыл болды. Оларды аяқтандырып кетті десем болады. Жұмыстан тыс уақытымның барлығын отбасыма арнаймын. Балаларымның сабағын қадағалаймын, асханада дәмді тағамдар әзірлеймін. Жұмыста жауаптылықтың басында өзің тұрған соң, барлық нәрсені жіті бақылауда ұстау қажет. Жұбайым мен балаларым қызметіме түсіністікпен қарайды, маған әрдайым қолдау танытып отырады. Әйел үйдегі шаруаға қандай пысық болса, өзі басқарған мекемені де гүлдендіруі міндетті шығар. Өз балаларына қалай қамқор болса, қызметкерлеріне де сондай жанашырлық танытамын деп ойлаймын. Сондықтан отбасыма да, жұмысыма да уақытымды тиімді жұмсаймын. Өзімді үйден жұмысқа асығатын, жұмыстан отбасыма асығатын жанның бірімін деп санаймын.
— Қыз келіншектерге жетістікке жету үшін қандай кеңес бересіз?
— Мен жұмысымды қатты жақсы көремін. Өзімді басқа салада елестете алмаймын. Жұмысымда осындай үлкен жетістіктерге қолжеткізгенім ізденіс пен білімнің, шыдамдылықтың нәтижесі деп білемін. Сондықтан балаларымды әрдайым биіктен көру үшін көп оқытамын, қызығатын дүниелерді бірге зерделеп, бірге жасаймыз. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы «Ұжымда әйел заты тиянақтылық пен жүйелілікті, тәртіпті үйлестіріп отыратын тұлға» деп айтып отырады.
Басшылықта әйелдер үлесі көп болуы керек деп ойлаймын. Әр әйел – отбасы мен қоғамның айнасы. Әрбір нәзік жан отбасы ұйытқысы, үйдің көркі болумен қатар, еңбек етіп, еліміздің алға қарай қарышты қадам басуына үлес қосқаны жөн деп есептеймін.
— Өмірлік ұстанымыз қандай?
— Шындықты ексең сенімді табасың, жақсылықты ексең досты табасың, кешірімді ексең келісім табасың, шыдамдылықты ексең жеңісті табасың. Бұл — менің өмір жолымның басты ұстанымы. Адам өмірде адам болып қалу үшін өзін-өзі тәрбиелеуі қажет. Қазір ақпарат көп, адамдар психологиялық тұрғыда әлсіз. Әжелеріміз, аталарымыздың заманындағыдай дене мен қол еңбегі аз. Өзімізбен жұмыс жасауымыз аса қажет. Адамда мақсатқа жету үшін алға қарай адымды қадамдар болуы керек.
— Бала тәрбиелеуде арнайы ұстанымыңыз, амал-тәсілдеріңіз бар ма?
— Ер бала анасымен сырлас болады. Ұл балалар тәрбиелеп отырғандықтан, келіндерім өзіме ұқсаса деймін. Қазір көп ата-ана жұмысбасты. Сол себепті балаға ата-ананың махаббаты жетіспейді. Егер бала махаббатқа бөленіп өссе, әлемді махаббат жеңетіні сөзсіз. Баланың жалғыз қалып өсуі, өзімшілдікке алып келеді. Ал көпбалалы отбасында мұндайға жол берілмейді, балалар сүйіспеншіліктің, бауырмашылықтың, жанашырлықтың ортасында өседі. Балаға орнымен шектеу қойып, орнымен еркіндікке жіберу керек. Баланы кішкентай кезден бастап ненің дұрыс, ненің бұрыс, ненің қажет, не қажет еместігін ажыратып түсіндіріп отыру керек. Анам мені көзбен тәрбиеледі. Тұңғышымды мен де солай дұрыс екен деп тәрбиеледім. Бірақ уақыт өте келе бұл дұрыс әдіс емес екенін ұқтым. Ол менің заманынымда, балалық шағымда тиімді болған шығар. Бұл әдіс арқылы баламды өзіме тәуелді, бағынышты етіп тәрбиелейді екенмін. Бұлай тәрбиеленген бала өзінің ойын еркін жеткізбейді. Соңғы екі баламды еркін өсірдім. Бүгінде екеуінің ойлау қабілеті жоғары, ойын еркін айтады. Балаға жекуден гөрі, орын алған оқиғаны барынша түсіндірсең, келесі жолы қайталамауға тырысады. Үйде өз анам арқылы ата-ананы қалай құрметтеу керектігін көрсете білдім. Бірінші Алла дей отырып, жақсылықты ексең, соны тересің дегендей, дәл сондай құрметке бөленетініме сенімдімін.
— Берекелі отбасы болудың құпиясы неде? Сіз үшін әйел бақыты деген не?
— Ең бірінші өзін және жарын сыйлау керек. Тек өзімдікі дұрыс деген отбасы алысқа бармайды. Бірін-бірін құрметтеп, отбасын бірінші орынға қою керек. Отбасындағы береке деп өзара түсіністікті айтар едім. Ерлі-зайыпты бір-бірін қас-қабағынан түсінсе, көптеген мәселенің алдын алады. Одан кейін сыйластық керек. Әр әйел заты ер-азаматын ардақтап, қадірлесе, қандай жарасымды. Одан кейін сабырлылық қажет. Дүниеге әкелген сәбиінен бақытты сезіну, оған шынайы адами, иманды тәрбие беру арқылы әйел бақытын таба аласыз дер едім. Балаға тек қана материалды азық бермей, рухани азық пен имандылықты қоса берсең, кішкентай нәрсеге қуануды үйретсең, барлығы іздейтін бақытты тапқаның.
— Мемлекеттік қызметкер болған соң, уақытыңызды көбінесе жұмыста өткіземін деп айтып отырсыз ғой. Отбасының шаруасымен кім айналысады?
— Отбасының өз құндылықтары бар. Көп жылдар қызметте болғандықтан анамның арқасында үй шаруасындағы мәселелер мен үшін шешіліп отырды. Ол қалыптастырған тәртіп пен тазалық бүгінде сақталуда.
Сенбі-жексенбі күні жолдасым мен ұлдарымның сүйікті тағамдарын жасап беруге тырысамын. Уақыт тапшылығына байланысты жасырмаймын, дайын тағамды сатып та алатын кездерім бар. Бірақ қолдан келгенше өзім жасауға тырысамын. Жалпы, әйел деген өте мықты жан ғой. Кез келген тірлікке тез бейімделіп кетеді. Жексенбі күні отбасыммен бірге дәстүрлі суға жүзуге, киноға барып тұрамыз.
— 8 наурызға әйелдерге, қыз-келіншектерге тілегіңіз.
— Барлығымыз бақытты іздейміз. Ол өзіңіздің жаныңызда тек мән бере біліңіз. Әйел бақытын көп тілейміз. Себебі, әйелдің бақыты отбасы бірлігі мен бала қуанышында. Яғни отбасы мен балада. Басты дүние әйелде болғандықтан, көктемде олар қуануға, құлпыруға міндетті. Мереке құтты болсын, әжелер, аналар, қыз -келіншектер!
— Ой бөлісіп, әсерлі сыр шертіп, салмақты сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ақмарал ОМАШ