QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ҚИЫН ШАҚТА ҚОЛ СОЗҒАН…

Автор:QAA.kz

Авг 21, 2020

2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Жомарт жүрек» байқауы биылғы жылы пандемия уақытымен тұспа-тұс келді. Осы орайда марапат иелерінің еңбегі елеусіз қалмады. Қиын қыстау заманда, ел басына күн туғанда халыққа қолдан келгенше көмек қылған жандар жетерлік. Жыл сайын  ұйымдастырылатын байқау қалалық әкімшілікте шаһар басшысының басшылығымен өткізілді. Карантиндік тәртіптің сақталуында мін жоқ. Басты мақсат ел атынан аз да болсын сый-сияпат табыстау еді. Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы   әр қайсысына жылы лебіз білдіріп жеке марапаттап құттықтады.

Байқауға қатысушы жомарт жүрек жандарға 5 номинация бойынша марапаттар табысталды.

«Туған өлке» номинациясы бойынша құрылыс саласының маманы өңіріміздегі «Сәт-Сервис» ЖШС директоры Иманова Роза марапатталды. 

Қаладағы 10 шақты көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмысын қаржыландырып қана қоймай, Сыр халқына Германиядан құны 30 млн. теңге тұратын ИВЛ аппарат алуға жәрдемдесе отырып, өз отбасының атынан 15 млн. теңге қаржы бөлген.

«Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша «Қызылорда» қонақ үйінің директоры Боранбаев Қанат марапатталды.

Төтенше жағдай уақытында «Қызылорда» қонақ үйіне қалалық аурухананың 120 қызметкерін құны 33млн. 600 мың теңгеге тегін орналастырып, қажетті жағдайлармен қамтамасыз еткен.

«Жыл меценаты» номинациясының иегері Ділмұхамед Мнуарбекұлы отандық киім тігу ісін қолға алып, қазіргі таңда «Dalatex» ЖШС бас директоры қызметін атқарып отыр.

Қаламыздағы тұрмысы төмен отбасылар мен көп балалы жанұяларды мектеп формасымен қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар, пандемияның таралуына байланысты жалпы құны 1 млн. 500 мың теңге болатын медициналық бетперделердің 15 000-ға жуығын халыққа үйлестіріп берген.

«Жылдың үздік ұйымы» номинациясына Асхат Нұрәліұлы лайық деп табылды.

70 отбасыны құны 2 млн. 100 мың теңгеге  көмірмен қамтамасыз етсе, 4 млн. 900 мың теңгеге 700 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті.

870 000 теңгеге екі кислородты концентрат алса, «Шұғыла» қорымен бірігіп 30 млн. теңгенің басын құрап 200 дана кислородты концентрат алып берді.

«Ерен еріктілік» номинациясымен үлгілі қоғам белсендісі Динара Мамадиярқызы  марапатталды.

Вирустың өршіген кезінде халыққа 3000 нан аса бетперделерді жеткізуге қолдау көрсетіп, аурухана қызметкерлеріне тамақ, ал ауырып жатқан науқастарға оттегі баллондарын жеткізді.

Күн сайын дәріханаларға бақылау жасап, халыққа қажетті ақпаратты әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп отырды. Жас еріктілердің басын жинап, қаламыздың дамуына үлесін қосып жүр.

Осы орайда құрылыс саласының маманы Роза Сәдібекқызы: «Халыққа көмектесу біздің борышымыз. Иә, Германиядан аппарат сатып алып жеткіздік. Қазақ қашанда көмекке дайын халық. Осындай заманда өз елімізге біз сияқты кәсіпкерлер көмек бермегенде кім береді? Бұл аталған жұмыстар атақ пен абырой жинау үшін жасалмады. Барлығы шын ниеттен орындалған шаруа»,- деп пікір білдірді.

Вирустың әлемді шарлап жүргеніне жарты жылдан асты. Бұл кезеңде жұдырықтай жұмылып отандастырымызға көмек көрсетіп жатқан еріктілер жетерлік. Бұл оларға мемлекет пен халық атынан шын ықыласпен берілген марапаттар екені рас. Әр адамның туған жері ыстық, сәйкесінше туған жер мен халықтан көмегін аямауда. Елімізде береке, жерімізді тыныштық болсын!

Д. АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *