QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Іскерлердің бақшасында өскен қарбыз

Автор:QAA.kz

Сен 8, 2020

Қызылорда әуежайынан қалаға кірер тұста бау-бақша жайқалып тұр. Онда өнімінің түр-түрі бар. Туған жерің болса да, бір сәт өзіңді Еуропа елдерінің бақшасында жүргендей сезінесің. Бұрындары анау зауыт ағылшындардікі, мынаусы қытайлардыкі дегенге үйренген құлақ, бұл бақшаны қазақтыкі деген де тік тұрды. Жұртымыз бабалардан қалған бау-бақша мәдениетіне жаңа технологиялар қолданып, білек сыбана кіріскен.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та осындай бақшаны аралап көрді. «Іскер – М» ЖСШ бір топ жастардың басын құрап «Рик Званг» компаниясымен бірігіп қауын-қарбыздың түр-түрін еккен. Бақшалықтың өніміне шетелден келген сұраныстар мен ұсыныстар шаш етектен екен. Соның ішінде жаңа жүгеріні де халыққа көрсетті. Түріне қарасаң кәдуілгі жүгері. Бір ерекшелігі, жүгеріні суға асып пісірмей шикілей тұтынса да болады екен. Бұл мүмкін емес дегендер жүгері дәмін көріп, үнсыз қалды. Шаһар басшысы да  риза болып, өнімнен дәм татқаннан кейін ұзақ ойланды. Қауынның дәмі расында ұнаса керек, «Іскер-М» — ге Бірқазан елді-мекенінің маңындағы 20 гектарға жуық жер телімін қосып алу жайлы ой тастады. Шаруаны заң түрде іскерліктерге жалға беру қажеттігін айтты. Себебі, өнімнің сапасы расында жоғары еді. Бұған дейін де «Іскер-М» ЖШС-гі Бірқазаннан  16 гектар жер алып, пайдаға асырған еді.

Бұл жолғы әкімнің табан тіреген бақшасы пилоттық жоба ретінде жасалуда. Аумағы 1 гектарға жетер-жетпес бақшада су ару жүйесін үнемдейтін жоба жасалған. Керек десең, тамшылатып су ару әдісі де дамыған. Нарықта Қытайдың біраз арзан әрі пайдалы дүниелері бар. Сол қытайлық бақша құралдарының арқасында қолға күрек ұстаудың да қажеті жоқ. Үшкір найзадай ғана құралды жерге қадасаңыз ішінен тұқымдар өздері шығып топырақтың астына жата қалады.

Бақшадағы қауын мен қарбыз дәл осы әдіспен егілген. Ішінде Пиель де Сапо, Галия, Панталупа, Амморелло атты қауынның түрлері жайқалып өсуде. Ал қарбыздың ішінде бірде – бір дәнек жоқ. Біздіңше айтқанда «етті қарбыз» болып тұр. Ең қызығы осы аумақтағы барлық өнімді алматылық рестораторлар алдын-ала сатып алған көрінеді. Сондықтан да, жергілікті базарға шығарып, халыққа ұсынатын өнімдер сәл аздау. Оның үстіне Ресейлік «ЛЕНТА» сауда-орталықтары желісіне де біраз бақша өнімін экспорттамақ. Аталмыш дүкеннің Ресейде 28 миллион тұрақты сатып алушылар бар екен. Есесіне «Іскер-М»-нің жігіттері осындай бақша егемін деген ынталы адамға қуана-қуана үйретеміз дейді. Өздерінің шарулығында жеті адам еңбек етеді. Шыны керек, бар жоғы жеті адамның өзі талай жерді дөңгелетіп отыр.

Тамаққа химиялық қоспа қосып тұтынатын заманда біздің табиғи өнімге сұраныс біршама жоғары болатыны анық. Өңірдің бақшаларында қауын-қарбыз аста төк молшылықта өсуде. Ешқашан жалғыз жапырақ болып жетімсіреп өскен бақша болған емес. «Қалауын тапсаң қар жанар» демей ме!

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *